ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Климаттық өзгерістер мен дауыл салдары

Жексенбі күні қуатты дауыл АҚШ-тың Оклахома-Сити қалашығының үстімен өтіп адамдарды әуре-сарсаңға салды. Апат салдарынан 21 адам мерт болып, 370-тен астамы зардап шекті. Шамамен 1,2 мың ғимарат қирады.
Жылдамдығы сағатына 337 шақырымға жеткен қатты желден 55 мың тұрғыны бар Мур қалашығы барынша зардап шекті. Құйын тұрғын үй орамдарының үстімен жүріп өтіп, іс жүзінде қаланы жермен жексен етті десек те болады. Соңғы екі күннің ішінде Оклахома штатында 20-дан астам құйын тұрды. Әсіресе Оклахоманың тұрғындардың басым бөлігі дөңгелекті үйде тұратын аудандары қатты зардап шекті. Фудзит дауыл есептеу бағамына сәйкес, орын алған құйын алдын ала деректер бойынша EF-4 санатының ең жоғары шегіне жетті. Ал мұндай дауыл нығыз салынған қабырғалардың өзін қиратуға қауқарлы.
Айта кетерлігі, 1999 жылы Мур қаласының тұрғындары дәл осындай қуатты дауылды бастан кешірген болатын. Ол кезде соққан желдің жылдамдығы әлі күнге дейін жер бетіндегі ең жоғары жылдамдық көрсеткіші болып қалып отыр. Ескерерлігі, сарапшылар сол дауылдың қуатын атом бомбасы жарылысының салдарымен де теңестірген болатын. Аталған дауылдардан Айова мен Канзас штаттары зардап шеккен-ді.
Дәл осындай, дегенмен ауқымы жағынан шағындау табиғат апаты Ресейдің Тула облысына қарасты Ефремов қаласында да орын алды. Дауыл салдарынан 200-ден астам ғимарат бүлінді. Қуатты желдің салдарынан 27 адам зардап шексе, оның 5-еуі балалар. Көптеген ғимараттардың төбе жабындылары ұшып кетіп, электр энергиясының сымдары үзілді. Үйлердің әйнектері сынып, ағаштар тамырымен опырылып құлады.
Осыдан кейін қалада төтенше жағдай режімі енгізілді. Дегенмен де, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтері бойынша қала өмірінің ырғағы өз арнасында қалды. Темір жол және автомобиль қозғалыстары мен әлеуетті қауіпті нысандар штаттық режімде жұмыс істеуін жалғастырды.
Мұндай дауыл Еуропа аумағын да сарсаңға салды. Румынияда қатты дауыл салдарынан жарақат алған 18 адам ауруханаға жеткізілді. Украинаның да бірнеше облыстарында қатты жел соғып, электр тарату желілері үзілді, ағаштар мен бағандар құлады. Тосын табиғи апаттан бір адам қаза тауып, жүздеген елді мекен жарықсыз қалды.
Ғалымдардың пайымынша, ғаламшардағы климаттық өзгерістер өте қауіпті метеорологиялық құбылыстардың санының артуына әкеледі. Оған қуатты дауылдар да жатады. Мамыр айының басында БҰҰ-ның метеорологиялық ұйымы 2012 жылғы Арктиканың рекордтық деңгейде еруі «климаттың өзгеруінің қорқынышты белгісі» болып саналатындығын жариялаған еді. Олардың атап өтуінше, АҚШ жағалауын дүрбелеңге салған қуатты «Сэнди» дауылы аталған тізбектің бір түрі ғана. Жалпы, ғалымдар климаттық өзгерістерге байланысты жаңа табиғи катаклизмалардың орын алуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.