ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Мәскеу Америкаға қарсы «Дима Яковлев заңымен» жауап берді
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Осы апта ішіндегі халықаралық тыныс-тіршіліктегі есте қалар оқиғалар қатарына Мәскеудің АҚШ-қа жауап ретінде «Дима Яковлев заңын» түбегейлі қабылдауы болды.
Жұма күні РФ Президенті Владимир Путин қол қойған заңның ресми атауы - «Азаматтардың негізқұраушы құқығы мен бостандығын, РФ азаматтарының құқығы мен бостандығын бұзуға қатысты тұлғаларға арналған әрекет ету шаралары туралы».
Заң жобасының жарық көруіне ресейлік парламентшілердің 14 желтоқсандағы АҚШ-тың «Магнитский актісіне» жауабы еді. Заңгер Сергей Магнитский бюджет қаржысын өте үлкен көлемде ұрлаудың бірқатар сызбасын әшкерелеп, бірақ өзі салық төлеуден жалтару мақсатында құжаттарды бұрмалады деп айыпталды. Ол 2009 жылы Мәскеудегі уақытша оқшаулау абақтысында қаза тапты. Оның өліміне кінәлілер белгісіз.
Американдықтардың «Магнитский актісі» визалық санциялар қолданылатын және олардың есеп шоттары мен мүлік бойынша барлық операциялары шектелетін тұлғалардың қара тізімін айқындайды. Оған Вашингтон пайымымен Ресейдің бірқатар шенеуніктері, яғни С.Магнитскийді тұтқындауға, зорлық-зомбылық көрсетуге және өлтіруге қатыстылары, сонымен қатар заңгер әшкерелеген қылмыстық ымыраларға қатысы барлар да кіргізілген. Бұдан бөлек, алдағы уақыттарда бұл тізімге азаматтардың жалпы танылған құқықтары мен бостандықтарына өрескел нұқсан келтірген тұлғалар да кіргізілетін болады. Айтпақшы, қаржылық санкция АҚШ-пен байланысы бар еуропалық банктерде де қолданылатын болады, ал визалық шектеу шараларын қолдану мүмкіндігі алдағы Еуропарламенттің отырысында қаралмақ.
Өз кезегінде ресейліктер американдықтардың мұндай қадамына жауап ретінде 2008 жылы АҚШ-та қаза тапқан бір жарым жастағы ресейлік бала Дмитрий Яковлев атымен заң қабылдады. Аталған баланы асырап алған әкесі 32 градустық ыстық күнде машинаға 9 сағатқа тастап кетіп, сәби шетінеген еді. Сот барысында баланы балабақшаға апарғандығына сенімді болғандығын айтқан аталған азамат ақталып шыққан еді.
Ресей заңы да ел азаматтарының құқығын бұзуға қатысты АҚШ-тың және басқа да елдің азаматтарына қатысты визалық және қаржылық санкцияларды қарастырады. Бұдан бөлек аталған заң американдық азаматтығы бар РФ азаматтарына саяси үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеуіне тыйым салады, сондай-ақ АҚШ қаржыландыратын сондай ұйымдардың Ресей аумағындағы қызметіне шектеу қояды. Билік «Дима Яковлев заңы» аясында түсетін тұлғалардың тізімі қазірдің өзінде жасалғандығын жария етті. Дегенмен бұл тізім әзірше жарияланған жоқ.
Әйтсе де, дәл осы заңның алдағы уақытта американдықтардың ресейлік балаларды асырап алуына шектеу қоятын тармағы қоғам арасында үлкен дауға айналды. Тіпті бұл заңның қабылдануына бірқатар министрліктердің басшылары да өре түрегеліп қарсы болды. Олардың қатарында білім, қаржы, сыртқы істер министрліктері бар. Сонымен қатар адам құқығы жөніндегі президенттік кеңес те В.Путинге заңның ел конституциясына және бірқатар халықаралық келісімдерге қайшы келетіндігі көрсетілген эксперттік қорытынды да жіберді.
Заңға қарсы шығушылар оның балалардың құқықтарын бұзатындықтарын айтуда. Ал қоғам өкілдері биліктің сыртқы саясаттағы тетік ретінде жетім балаларды пайдаланып отырғандығына наразы.
Осы аптада Ақ үй сайтында В.Путинді егер де «антимагнитскийлік заңға» қол қоятын болса, онда оны да «Магнитский тізіміне» қосу туралы петицияға дауыс беру іске қосылған болатын. Дегенмен Ақ үй әкімшілігі дауыс берушілердің саны 12174 адамға жеткеннен кейін бұл бетті жауып тастады. Өйткені өтінім хатқа 1 айдың ішінде 25 мың адам дауыс берген жағдайда президент әкімшілігі петицияны қарауға мәжбүр болар еді.
АҚШ-тың мемлекеттік департаменті В.Путиннің «Дима Яковлев заңына» қол қоюына байланысты өкініш білдірді. Американдық СІМ баспасөз хатшысының орынбасары Патрика Вентрелланың мәлімдемесінде заңның саяси желеумен қабылданғаны, сонымен қатар мемлекеттік органдардың қамқорлығындағы балалардың жаңа отбасы табуы мүмкіндігі төмендейтіндігі баса айтылған.
В.Путин заңға қол қоюмен қатар ата-анасыз қалған балаларды РФ азаматтарының асырап алу процедураларын жеңілдетуге негізделген жетімдерді қорғау бойынша шаралар туралы жарлықты бекітті. Жарлыққа сәйкес, бала асырап алған ата-аналарға салықтық жеңілдіктер беріліп, бірмезеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік зейнетақылар көлемі арттырылатын болады. Бұған қоса жетім балалар жауапкершілігі тікелей өңір губернаторларына жүктеледі. Сонымен қатар күні кеше «Біртұтас Ресей» партиясының депутаттары жетім балаларды асырап алған отбасыларға берілетін көмекті жылына 1,2 млн. рубльге дейін көтеруді ұсынды.
Осылайша «Магнитский заңы» ата-анасыз қалған балаларға қатысты ресейлік билік тарабынан әлеуметтік бастамалардың қозғаушы күшіне айналды. Сарапшылардың атап өтуінше, таяу уақытта билік жетім балаларға қатысты жаңа жоспарларға бастамашы болуы мүмкін.