ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Мысырдағы тәртіпсіздіктер елдегі саяси ахуалды ушықтырып тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлемдік қоғамдастықтың назары нәтижесі Еуроаймақтың бет-бейнесіне өзгеріс әкелуі мүмкін Грекиядағы сайлауға ауды. Дәл осы сәтте Мысырда полиция мен исламшылар арасындағы кескілескен ұрыстар жүріп жатқан еді.
Грекияда парламенттік сайлау
Бұл күндері Еуропалық одақтағы басты жаңалық 25 қаңтарда Грекияда өткен сайлауда «СИРИЗА» радикалды солшыл күштер коалициясының кезектен тыс сайлауда жеңіске жетуі болып тұр. Бұл саяси күштердің табысқа жетуі алдын ала болжанған да еді.
Сонымен дауыстарды санау нәтижесінде «СИРИЗА» ел Парламентіндегі 300 орынның 149-ына жайғасатын болды. Ал «солшыл радикалдардың» жеңісі әлемдік қаржы нарығында алаңдаушылық туындатуда. Өйткені, қазірдің өзінде долларға қарсы еуро курсы біршама «әлсірей» түсті.
26 қаңтар күні коалиция көшбасшысы Алексис Ципрас елдің жаңа премьер-министрі ретінде ант қабылдады. Айта кетерлігі, саясаткер сайлауда жеңіске жетер болса, бірқатар бағдарламаны жүзеге асыратындығын айтып, халыққа уәде берген болатын.
Алексис Ципрас Халықаралық валюта қорының, Еуропалық орталық банк пен Еуропалық комиссияның Афинаның бюджет профицитін жылдық ЖІӨ-сінен 4 пайыздан артық емес көлемде қолдауға бағытталған қатаң экономикалық саясатын теріске шығарып отырғандығы белгілі. Бұған қоса, министрлер кабинетінің жаңа басшысы елдің бүгінде ЖІӨ-нің 170 пайызынан асып кеткен сыртқы қарызын біршама қайта құрылымдауды талап етпек ниеті де бар. Сонымен қатар Грекия Үкіметіне кредиторлармен одан арғы қаржылық көмектің шарттарына қатысты да қиын келіссөздер жүргізуі міндеті жүк болып тұр.
Егер Грекия көмектің жаңа топтамасын алу бойынша келісім жасаспаса не болмаса бұрынғы көмектердің аясын кеңейтуге қол жеткізбесе онда өздерінің қарыздарын дефолт деп жариялауы қажет. Дегенмен, грек үкіметінің негізгі кредиторлармен арадағы қарым-қатынастарының нашарлай түсуі Грекия банктеріне қолдаудың шектелуіне әкелуі мүмкін. Ал мұндай жағдайда ел Үкіметі өз ақшаларын шығаруға бет бұрып, еуроаймақтан шығуы ықтимал. Қалай десек те, Ципрастың қаншалықты табандылық танытатындығы таяу уақытта белгілі болады. Себебі жаңа премьердің Еуроодақ елдері көшбасшыларымен алғашқы кездесуі 12 ақпан күні ЕО-ның бейресми саммиті аясында орын алмақ.
Мысырдағы тәртіпсіздіктер елдегі саяси ахуалды ушықтырып тұр
Еуроаймақта Грекиядағы парламенттік сайлау науқаны қызған сәтте Мысырда исламшылдар мен полиция арасында қанды қақтығыс басталды. Қантөгістің негізгі бөлігі ел астанасы түбіндегі Эль-Матари қалашығында орын алып, қақтығыстар кезінде кемінде 12 адам қаза тапты. Мысыр Ішкі істер министрлігінің ақпаратына қарағанда, шерушілер арасына дендей кірген лаңкестік топ мүшелері қару қолданған. Олар электр энергиясы стансасына және полиция учаскесіне шабуыл жасаған. Лаңкестік әрекетті елде тыйым салынған «Мұсылман бауырлар» ұйымы жасағаны белгілі. Сондай-ақ содырлардың елдің түрлі қалаларында ондаған жарылғыш зат қойғандары да анықталып отыр.
Жергілікті биліктің пайымынша, лаңкестердің бұл әрекеттері іс басындағы билікті биліктен тайдыру үшін елдегі ахуалды тұрақсыздандыру. Жексенбі күні полиция қызметкерлері тәртіпсіздіктің басталуына себепкер болған 500-ден астам адамды ұстап, олардан әртүрлі қаруларды тәркілеген. Бұдан бөлек 10-нан астам жарылғыш затты залалсыздандырған.
Сондай-ақ кейбір ақпараттарға қарағанда, Александрия қаласында өткен исламшылдардың шеруі барысында екі адам автоматтан оқу жаудырып, жергілікті 1 тұрғын жарақат алған. Ал Каирдің Альф-Маскан ауданындағы танымал спорт клубы жанында қолдан жасалған жарылғыш іске қосылып, 2 полиция офицері зардап шеккен. Бұл лаңкестік әрекеттің жауапкершілігін жергілікті «Агнад Маср» тобы өз мойындарына алып отыр. Кейбір деректерге қарағанда, аталған лаңкестік ұйымның құрылуына «Мұсылман бауырлар» ұйымының көшбасшылары мұрындық болған.
Еуроодақтың шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Федерика Могерини Мысырда орын алған қантөгісті айыптауда. «Бүгін Мысыр төңкерісінің 4 жылдығына арналған наразылық шеруі барысында орын алған зорлық-зомбылықтан адамдар мерт болды. Мен барлық тарапты да ұстамдылыққа шақырамын. Бейбіт шеру бостандығы қорғалуы тиіс, ал сұхбаттастық - бұл алға бастар жалғыз жол», - деді ол.
Айта кетерлігі, 2011 жылдың 25 қаңтарында Мысырда жаппай шеру басталып, нәтижесінде Хосни Мүбәрак тақтан тайған болатын. Осыдан кейін билік басына исламшылдардың зор қолдауына ие Мұхаммед Мурси келген еді. Алайда, 2013 жылдың шілдесінде ол да әскери төңкеріс салдарынан биліктен кетті. Ал 2014 жылдың маусымында Мысыр президенті болып Абдель-Фаттах аль-Сиси сайланды.