ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Мысырды тағы да саяси қақтығыс сансыратуда

Соңғы апта ішінде Мысырда елдің саяси күштерінің жаппай шеруі өтуде. Либералды-демократиялық лагердегі оппозиция жақтастары Мысыр президенті Мұхаммед Мурси бастамашы болған Конституциялық декларация мен референдумға қарсылық танытуда. Ахуал президенттің өз құзіретін барынша арттыра түсетін декрет қабылдауынан кейін тіпті ушыға түсті десек те болады. Конституциялық декларация жобасы 22 қараша күні жария етілді, ұсынылған өзгерістерге сәйкес президентке төтенше құзірет беріледі, ал елдің саяси өмірінде ислам қозғалысының рөлі күшейтіледі. Билік басым бөлігі Шариғаттан алынған жаңа заңнама нормаларын енгізуге қатысты референдум 15 желтоқсанда өтеді деп межелеуде. Басқа да түрлі өзгерістерден бөлек жаңа түзету Президенттің кез келген шешімдерін Конституцияға өзгерістер қабылданғанша әрі жаңа Парламент сайланғаға дейінгі мерзімде дауласуға шектеу қояды.
Бұл бастамалар жария етілгеннен кейінгі күндерден бастап елде Президент билігі мен исламшылардың күш алуына қарсылық танытатын шерулер мен ерулер өтуде. Олардың ішінде ең ауқымдысы 4 желтоқсан, сейсенбі күні Каир, Александрия, Суэц қалаларында орын алған оппозиция жақтастарының акциясын ерекше атап өтуге болады. Жаппай қарсылық ел астанасындағы Тахрир алаңында тұтанып, басым бөлігін жастар мен жас қыздар құрайтын шерушілер Президент сарайын қоршауға алды.
Дегенмен жаңа реформаны исламдық күштер «Мұсылман бауырлар» қозғалысы белсенді қолдауда. Олар да өз тараптарынан мемлекет басшысының соңғы жарлығын қолдау үшін жақтастарын шеруге алып шықты. Исламшылар Конституциялық декларацияны өз күшінде қалуына әрі жаңа Конституцияның қабылдануға табанды түрде қолдау білдіруге ниет таныту үстінде. Бұл жайт жекелеген бағалаулар бойынша Мысырды исламиландырудың жаңа толқынын туындатуы мүмкін. «Мұсылман бауырлар» екі жыл бойы елді әуре-сарсаңға салған тұрақсыздық халықты әбден шаршатты әрі ұзаққа созылған проблемалы кезеңге жаңа өзгерістерді қалайды деп санайды.
Жағдай сәрсенбі күні «Мұсылман бауырлар» қозғалысының бірнеше мың өкілі мен оппозиционерлер арасында Каирдегі Президент сарайы маңында туындаған жаппай төбелестен кейін барынша ушыға түсті. Айта кетерлігі, исламшылар Президент сарайы маңына тігілген оппозиционерлердің палатка лагерлеріне шабуыл жасаған болатын. Орын алған жаппай бассыздық салдарынан ондаған адам мерт боып, 700-ден астам адам ауыр жарақат алды. Оқиғаға куә болғандардың айтуына қарағанда, Каирдің кейбір тұрғындары жұмыстан үйіне оралып келе жатып, абайсызда екі топтың арасындағы қақтығысқа түсіп қалған. Сонымен қатар бірқатар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының ақпаратына қарағанда қаза тапқандарға оқ тиген. Құқық қорғау органдары шерушілерді көзден жас ағызатын газдың көмегімен тоқтатуға тырысқан болатын, бірақ бұл шаралар еш нәтиже берген жоқ. Соның салдарынан М.Мурси түнделетіп қала сыртындағы резиденциясына бас сауғалауға мәжбүр болды. Ал одан сәл бұрын оның отбасы қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Ел басшысының кортежіне қоқан-лоқы мен ауыр сөздер қарша борады.
Дегенмен президент жақтастары да қарап қалмақ емес. Оған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының Каир бөлімі басшылығың «қозғалыс мүшелері заңды режімді қорғай отырып, өз өмірлерін қиюға дайын» деген мәлімдемесі айқын дәлел.
Қазіргі уақытта Президент резиденциясы төңірегінде қақтығыстар орын алуда. Мемлекет басшысы резиденциясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ондаған танкі мен түрлі сауытты техникалар күзетке алуда. Дегенмен жұма күні кешкісін Президенттің бірнеше ондаған мың қарсыласы Каирдегі ел басшысы резиденциясының қоршауын бұзып өтіп, сарай қабырғасында шерулерін жалғастыруда. Жауласушы тарап жаңғыш сұйықтық құйылған бөтелке, тас, таяқ және қару пайдалануда. Исмаил мен Суэцте оппозиция «Мұсылман бауырлар» бөлімінің тас-талқанын шығарды.
Мысыр күш-құрылымдары орын алып отырған оқиғаларды «азаматтық соғысқа» балауда әрі өздері мұнан да нашар сцеарийге тас-түйін дайындалу үстінде. Халықтың екіге бөлініп, бір-бірімен жауласуына әзірше армия араласып отырған жоқ, олар бейтарап болуға барынша тырысып бағуда. Әскери қолбасшылықтың таратқан мәлімдемесіне сәйкес Каирдегі қауіпсіздікті толығымен қамтамасыз ету жауапкершілігі полицияға жүктеліп отыр. Ал мемлекет басшысы болса, оппозициялардың ығына жығылар түр көрсетпейді. Бейсенбі күні ұлттық телеарналардан үндеу жолдаған ол, оппоцияның қандай да бір талабына көнетін емеуірін таныптады. Дегенмен жұма күні Каирден оның оппозиция тарабынан белгілі бір ымыраға айырбас ретінде өз ұстанымын қайта қарауға дайын екендігі туралы хабар тарай бастады.
Байқаушылардың атап өтуінше, бүгінгі қарсылық акциялары 2011 жылы ел басшысы Хосни Мүбаракты тақтан тайдырған төңкерістегі сценарийді қайталауда.
Айтпақшы, Мысыр басшылығымен телефон арқылы байланысқан АҚШ Президенті Барак Обама М.Мурсиге қолдау білдіретіндігін айтқан жоқ. Обама АҚШ-тың қан төгушілікке алаңдайтындығын баса айтып, Мысырдың саяси басшылығына күш көрсетуден бас тартуға үндеді. Сонымен қатар ол екі тарап та алдым ал келісімшартсыз диалогқа келу керектігін атап өтті.
Оппозиция көшбасшылары мен президенттің кездесуі бүгін президент сарайында өтеді деп күтілуде.