ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Непалдағы жер сілкінісі 6 мыңнан астам адамның өмірін жалмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық қоғамдастықтың назары 25 сәуір күні Непалда орын алған жер сілкінісіне ауды. Айтып келмеген апаттан алдын ала деректерге сәйкес кемінде 6,5 мың адам жер жастанған. Мұнан бөлек, әлемдік қоғам назарын өзіне аударған тағы бір маңызды оқиға өтті. Ол - Италияның солтүстік астанасы Миландағы «ЭКСПО-2015» Дүниежүзілік әмбебап көрмесінің ашылуы. Жаһандық шараға Қазақстанды қоса алғанда 144 ел, ондаған халықаралық және үкіметтік емес ұйым, сонымен бірге жүздеген компания қатысуда.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Непалдағы жер сілкінісі 6 мыңнан астам адамның өмірін жалмады

Айтып келмеген апат

25 сәуір күні Непалда қуаты 7,9 баллды құраған қуатты жер сілкінісі орын алды. Зілзала ошағы Катмандудан солтүстік-батысқа қарай шамамен 80 шақырым жерде 10 мың шақырымдық тереңдікте тіркелді. Бірінші қуатты жер сілкінісінен кейін де 60-та астам дүмпу байқалды.

Табиғи апат шамамен 70 мың баспананы, жолдар мен көпірлерді, ескі шіркеулерді, сонымен бірге ел астанасының туристер үшін тартымды орталығына айналған, ЮНЕСКО-ның тарихи маңызы бар нысандары тізіміне енген 19-шы ғасырда салынған 60 метрлік Дхарахара мұнарасын күл-талқан етті.

Зілзаладан әсіресе, Непал астанасы Катманду қаласы қатты зардап шекті. Айта кетерлігі, жер сілкінісі бүгінге әлемнің барша альпинистері үшін тартымды орынға айналған әлемдегі ең биік шыңдардың бірі Эверестен қар көшкінінің жүруіне түрткі болды.

Непал билігінің алдын ала деректеріне сәйкес, табиғи апат салдарынан қаза тапқандардың саны 6,5 мың адамнан асып отыр. Мұнан бөлек, зілзаладан Үндістанның 72, Қытайдың 25 азаматы мерт болды. Бұған қоса, Непал полициясының ресми өкілі қаза тапқан адамдардың саны мұнан да көп болуы мүмкін екендігін айтуда. Өйткені, қирандылар астында әлі де көптеген адам қалып қойған.

Елдің жер бедерінің күрделігіне байланысты таулы елді мекендерде тұратын адамдарды қауіпсіз жерге көшіруде тек тікұшақ қана кәдеге жарап тұр. Міне, осы көліктің жетіспеушілігі салдарынан апатты ауданнан бірінші болып бой тасалауға ұмтылған жергілікті тұрғындар арасында да қақтығыстар жиі орын алуда.

Бүгінде Непалдың көптеген тұрғындары ашық аспан астында түнеуге мәжбүр. Бірі жер сілкінісінің қайта орын алуы мүмкіндігінен қауіптенсе, келесі бір баспанасы қирап, амалсыздан далаға түнеуде.

БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, таяу үш айдың ішінде шамамен 2 миллион адамға шатырлар, су, азық-түлшік және дәрі-дәрмек қажет болады. Ұйымның бағалауынша, атап салдарынан 8 миллион адам зардап шегіп отыр. Бұл ел халқының ширегіне тең.

Мамандардың атап өтуінше, бұл жер сілкінісі аталған ел тарихында соңғы 80 жылдан астам уақыттың ішінде алғаш рет тіркеліп отыр. Оны 1934 жылы орын алған апатпен теңеушілердің де қарасы басым. Есте болса, сол жылы Эверест тауы аумағында қуаты 8 баллдық жер сілкінісі тіркеліп, 10 мың адам қаза тапқан болатын.

Әмбебап «ЭКСПО-2015» көрмесі ашылды

Жұма күні Италияның Милан қаласында алдағы 6 айға созылатын «ЭКСПО-2015» Дүниежүзілік әмбебап көрмесі «Ғаламшарды қоректендіру. Тіршілікке арналған энергия» тақырыбымен ашылды. Бұл жаһандық шара азық-түлікке қатысты маңызды проблемаларды шешудегі интернационалдық пікірсайыс алаңына айналуы тиіс.

Айта кетерлігі, Миланда ЕХРО көрмесін өткізу туралы шешімді 2008 жылдың өзінде-ақ Халықаралық көрмелер бюросы қабылдаған болатын. Италия бұл халықаралық шараға Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық елдерді шақырды. Шақыртуды 144 ел, БҰҰ-ны қоса алғанда, үш халықаралық ұйым, ондаған компаниялар мен корпорациялар қабыл алды.

Көрменің ашылу салтанатында Италия премьер-министрі Маттео Ренци барша қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі. «Болашақ бүгіннен басталады. Қазір біз өмір сүріп отырған әлемде азық-түлік қоры бойынша теңсіздіктер анық байқалады. Бір жерлерде тамақ қалдығы тау болып үйіліп жатса, көптеген елдерде бір тілім нанға зар болып отырғандар бар. Соның салдарынан миллиардтаған адамның аштықтан қырылуы жалғасып жатыр. Ал келесі миллиард адам, керісінше, күнделікті астың көптігінен семіздік дертіне шалдығуда. Сол себепті, қазірден бастап мұндай қарама-қайшылықтарды жоюға күш жұмсауымыз керек», - деді Маттео Ренци. EXPO-2015 бүкіләлемдік көрмесі Миланда 2015 жылғы 1 мамыр мен 31 қазан аралығында өтеді. Көрме ауданы 1 млн. шаршы метрден асады. Оны өткізу күндері миландықтардың 20 млн. қонақ күтуі болжануда.

Көрмедегі қазақстандық павильонның аумағы 2,3 шаршы метрді құрайды. Еліміз табиғи және ауыл шаруашылығы ресурстарын қорғау тақырыбын ұсынып, мәдениетімізбен де келушілерді жете баныстырмақ. Мұнан бөлек, Қазақстан әлем жұртшылығының назарын Арал теңізі проблемасына аударатын болады. Есте болса, оны осыдан бір жыл бұрын «Expo Milano-2015» Бүкіләлемдік көрмесіндегі Қазақстан Республикасы секциясының Бас комиссары Әнуарбек Мусин мәлім еткен болатын. «Миланда ұйымдастырылатын көрмемізде біз ауыл шаруашылығы тақырыбына баса назар аударатын боламыз. Біздің мықты тақырыптарымыз - бұл мал шаруашылығы мен аквамәдениет. Өздеріңіз де білетіндей, Қазақстан аумағында экологиялық апат деп санауға болатын Арал теңізі бар. Біз экология тақырыбы аясында осы мәселені көтермекпіз. Дегенмен, Қазақстан Үкіметі Арал теңізін сақтап қалуға бағытталған тыңғылықты шаралар қабылдауда», - деген еді ол. Айта кетерлігі, қазақстандық павильонды 1,5 миллоннан астам адам тамашалайды деп күтілуде.

Қазақстандық павильонда келушілердің назарына ұлттық тағамдарымыз бен ауыл және мал шаруашылығы өнімдеріміз ұсынылады. Сонымен қатар қонақтар 2017 жылы Астанада өтетін ЕХРО көрмесі жайында да мол мағлұмат ала алады.

Бүгінде Миланда қала тұрғындары мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған теңдессіз шаралар қолға алынған. Өйткені, жергілікті билік лаңкестік әрекеттермен қатар эктремистік жастар ұйымдары тарабынан да арандатушылық әрекеттердің орын алуы мүмкін деп қауіптенуде. Сондықтан да қоғамдық тәртіпті қадағалауға күш-қуат құрылымдарының 4 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған.