ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Нобель апталығында Еуропа Одағы үшін жаңа аванс

АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада халықаралық өмірде болған оқиғалардың бірі - жоғары жетістіктер мен адамзат пайдасына келтірер орасан зор еңбектер үшін Нобель сыйлығын тағайындау болды.
None
None

Айта кетейік, әлемнің Нобель сыйлығы шведтің өнеркәсіпшісі әрі өнертапқышы Альфред Нобельдің (1833-1896) бастамасымен бекітілген және 1901 жылдан бастап осы жүлдемен сала үздіктері марапатталып келеді. Әлем сыйлығы жеке тұлғалармен қатар ресми және қоғамдық ұйымдарға да тағайындалады. 

Нобель апталығы биылғы жылдың 8 қазанында бастау алған болатын. Осы күні Стокгольмде Каролин медициналық иституты жанындағы нобельдік комитет медицина мен физиология бойынша бірінші лауреаттарды жария етті. Мұндай марапатқа жасуша биологиясының мамандары - британдық Джон Гердон мен жапондық Синья Яманака ие болды. Олардың жетістігі адамдардың ауыр дерттерін емдеуге пайдасын тигізетін жаңалықтарға қатысты болды, яғни ғалымдар тін жасушалары саласындағы еңбектері тұрғысында үздіктер қатарынан көрінген екен.

Бейсенбі күні әдебиеттен жүлдені иеленгеннің аты-жөні белгілі болды. Нобель сыйлығы қытайылық прозаик Гуань Моеге тапсырылды. Естеріңізде болса, оның романы бойынша «Қызыл гаолян» фильмі түсірілген еді.

Ал физикадағы Нобель сыйлығы  «бөлек кванттық бөлшектерді өлшеу мен қадағалауға мүмкіндік беретін зерттеу әдістері үшін» француздық Серж Арош пен американдық Дэвид Уайнлэндке тағайындалды. Ғалымдардың атап өтуінше, олардың жаңалығы алдағы уақытта «кванттық компьютерді» құруға жол ашуы ықтимал.

Бұдан бөлек, химиядағы Нобель сыйлығы тірі жасушалардың рецепторларын зерттегені үшін  америкалықтар Роберт Лефковиц және Брайян Кобилкеге ұсынылды. Олардың еңбектері індеттерді емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жасауға септігін тигізуі мүмкін.

Алайда, әлем қоғамдастығы Бейбітшілік сыйлығы лауреатын анықтау тұрғысында Норвегиялық нобельдік комитеттің шешімін тағатсыздана күтті. Жұма күні Ослода Нобельдің Бейбітшілік сыйлығының лауреаты жария етілді. Үстіміздегі жылы сыйлық Еуропа Одағына берілді. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, ЕО сыйлықты Еуропада демократияны дамытқаны және Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өңір елдері арасын татуластырғаны үшін алып отыр.

«ЕО Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаны біріктіруде зор үлес қосты және тұрақтылықты ортануда елеулі рөл атқарды»,-деді Нобельдің бейбітшілік сыйлығының төрағасы, Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Турбъерн Ягланд.

Бірақ та, ЕО-ға Бейбітшілік сыйлығын тағайындауды әлемдік қоғамдастық біржақты қабылдаған жоқ. Батыста, әсіресе еуропалық елдер мен құрылымдар бұл жаңалықты разылықпен қабылдаса да, бұл өңірде оған қарсы пікір білдіргендер де табылып жатты.

Ван Ромпейдің атап өтуінше, Еуропалық одақ шынымен де әлемдік тарихта ірі бітімгерлік институт болып табылады. Өз кезегінде НАТО-ның бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен әріптестерін қолдайтынын және ЕО бейбітшілікті қолдау мен Еуропада ынтымақтастықты алға жылжытуда айырықша рөл атқарғанын тілге тиек етті.

ГФР Канцлері Ангела Меркель де аталған сыйлықты ЕО-ның иеленуі әбден лайық екенін, сондай-ақ бұл еуропалық қоғамдастықты жігерлендіретінін атап өтті.

Кейбіреулер керісінше, Нобель комитетінің шешіміне көңілі толмайтындарын айтуда. Осы орайда олар соңғы жылдары бейбітшілік сыйлығы алдын ала аванс ұстанымы бойынша беріліп жатқандығын, яғни лауреаттың болашақтағы пайдалы әлеуетіне үміт артуға ғана негізделгенін, ал шын мәніндегі үздіктер аталмай отырғандықтарын жеткізуде.

«Amnesty International» халықаралық құқық қорғау ұйымы аталған тағайындау - ЕО өз алдында тұрған ауыр кезеңде кезекті аванс алды  деп бағалап отыр. «AI» еуропалық бюросының басшысы Николас Бергердің мәлімдеуінше, ЕО бүгінде адам құқын қорғау бойынша тиісті жұмыс атқармай отыр, ал босқындар (негізінен Африкадан) мәселесі аясында өзінің рөлін мүлдем басқаша ойластыруы шарт.

Бірқатар саясаткерлер мен халықаралық сарапшылардың пікірінше, Бейбітшілік сыйлығын Еуроодаққа тағайындау Нобель мұра еткен барлық қағидаларға қайшы келіп отыр және ЕО елдері Югославия, Ирак, Ауғанстан, Ливиядағы әскери операцияларға белсенді қатысты. Ендігі кезекте Сирия мен Иран тұр.  

Нобель қорының жарғысына сәйкес, сыйлықты иеленетін кандидаттарды Нобель комитетінің қазіргі, сондай-ақ бұрынғы мүшелері, нобельдік институт тағайындаған кеңесшілер, түрлі елдердің ұлттық парламенттері мен үкіметтерінің мүшелері ұсына алады. Осы жылы номинанттардың тізімінде 231 кандидат тіркеліп, оның ішінде 43 қоғамдық және халықаралық ұйым болды.

Атап айтқанда, Нобель апталығы 15 қазанда Стокгольмде аяқталады. Соңғы күні экономика саласындағы сыйлықтың лауреаты аталады деп күтілуде. Биыл әр аталымда Нобель сыйлығының көлемі 8 миллион швед кронын (1,2 млн. АҚШ доллары) құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар