ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: ОАР-дағы жанжал - дінаралық қақтығыстың жаңа майданы

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық аренада орын алған маңызды оқиғалардың қатарына Орталық Африка Республикасындағы ахуалдың ушыға түсуін жатқызуға болады.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: ОАР-дағы жанжал - дінаралық қақтығыстың жаңа майданы

Африка құрлығының дәл орталығында орын тепкен, халқының саны не бәрі 5 миллионға жуық адамды құрайтын бұл ел 1970-шы жылдардың соңынан бері дүркін-дүркін төңкерістердің астында қалып, билік қолдан-қолға өтіп келе жатқандығы мәлім. Әсіресе, сайланбалы үкіметтің өкілеттілігін дәлелдеуге тырысып бағатын түрлі топтардың қарақшылығы елде барынша тұрақсыздық әкелуде.

Дәл осындай оқиғалардың бірі ағымдағы жылдың мамыр айында орын алып, «Селека» көтерілісшілер коалициясының содырлары республика астанасы Банги қаласындағы президенттік сарайды басып алған-ды. Ал ОАР Президенті Француа Бозизе содырлар қолында қалған ел астанасын тастай қашып, Камерунға барып бас сауғалаған болатын. Айтпақшы, оның өзі де билік басына дәл осындай азаматтық соғыстың арқасында келген еді

Халықаралық күштер тарабынан әскери қолдаудың болғанына қарамастан көтерілісшілердің көшбасшысы Мишель Джотодиа (айта кетерлігі, ол төңкеріске дейін ел Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болған) ел астанасын бақылауына алып, өзін басшы ретінде жариялады. Бұған қоса ол республика президенті сайлауын 2016 жылы ғана өткізуге ниеттеніп, ал оған дейін билікті өтпелі үкімет қолына шоғырландырмақ болды.

Міне, осы төңкерістің салдарынан жаңа биліктің жақтастары мен қарсыластары арасында қарулы қақтығыстар оты бұрқ етіп, соңғы уақытта барынша қарқынды жүргізілу үстінде.

Зорлық-зомбылықтардың ушыға түсуіне жаңа режім қарсыластарының ел астанасын басып алу әрі билікті қайтаруға бағытталған іс-қимылдары себеп болды. Тақтан тайған президент Ф.Бозизені қолдайтын сарбаздар бейсенбі күні кешкісін «Селека» отрядына шабуыл жасады. Қарулы қақтығыс нәтижесінде шамамен 25 адам өліп, 60-тан астамы түрлі дене жарақаттарын алды.

Бүгінгі күні түрлі бағалауларға қарағанда, «Селека» содырлары мен жаңа режім қарсыластарының арасындағы қақтығыстар барысында қаза тапқандардың саны 300 адамнан асып жығылады. Мәселен, Халықаралық Қызыл крест миссиясы қарулы қақтығыстар кезінде қаза тапқан 280-нен астам мүрдені тауып отыр. Сонымен қатар қарсыласушы тараптардың жаппай жазалау жүргізгендігі турасында да ақпараттар бар.

Әлемдік қоғамдастық Орталық Африка Республикасында тез арада тәртіптің орын алуына мүдделік танытып отыр. Бейсенбі күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі мүшелері ОАР-ға әскери басып кіруді бірауыздан қолдады. БҰҰ ҚК қарарында 1,2 мың француз және 3,6 мың африкалық әскери қызметшілердің елге басып кіруі қарастырылған.

Айта кетерлігі, ОАР-дағы бұл жолғы жанжал нақты бір топтардың немесе тұлғаның билік үшін күресімен ғана байланысты емес. Сонымен қатар қақтығыстардың діни сипаты да басым болып тұр. Мұсылмандардан жасақталған «Селека» көтерілісшілер ұйымы христиандар тарабынан құрылған дәл өздеріндей ұйыммен билік үшін таласуда. Дәл осы идеологиялық астар Африканың бұл еліндегі жанжалдың таяу аралықта тыйыла қоймауы мүмкін-ау деген ойға жетелейді.