ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Өңірлік жанжалдар аймағында ахуал қиындап барады
Оңтүстік Судандағы текетірес Сонымен, осы апта ішінде 14-16 сәуір күндеріндегі Оңтүстік Суданның мұнайлы орталығы саналатын Бентиу қаласындағы содырлардың қарулы шабуылына қатысты мән-жайлар белгілі бола бастады. Айта кетерлігі, содырлардың басып алу шабуылы кезінде 200-ден астам адам мерт болып, тағы 400-і түрлі дәрежеде дене жарақатын алған еді. Олардың мешітке, шіркеуге, аурухана мен БҰҰ миссиясының бұрынғы ғимаратына шабуыл жасағандығы жайында ақпарат бар. Бейбіт адамдардың қаны төгілген сәттер жергілікті радиодан хабарланып, белгілі бір этникалық топтардың қаланы тастап шығуы қажеттігі құлағдар етіліп отырған. Оққа ұшқан тұрғындар қаланы басып алған содырларды қарсы алмай, үйлерде бас сауғалағандықтары үшін өмірлерін қиды. Оңтүстік Суданның үкіметтік күштері мен көтерілісшілер арасындағы қақтығыс өткен жылдың желтоқсан айынан тынар емес. Ұрыс амалдарына билік үшін басын бәйгеге тігетін түрлі тайпалық топқа жататын армия бөлімшелері қатысуда. Жанжал басталғаннан бері елдің басқа да аймақтарына таралып үлгерді. Кейбір мәліметтерге сәйкес, жанжал елдегі ең ірі нуэр мен динка тайпалары арасындағы қарсылықтан туындаған. Айта кетерлігі, мемлекеттің бұрынғы вице-президенті Риек Мачар - нуэр, ал ел президенті Салва Киир динка тайпасынан шыққан. Дегенмен Судан билігі осындай дүрбелең арқылы мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасап отыр деген пайымды алға тартады. Бейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жанжалдасушы тараптарды тұрғындардың жаппай өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен мәлімдеме қабылдады. Сонымен қатар Оңтүстік Суданға орын алған жағдайды тергеу үшін адам құқығы жөніндегі миссия жөнелту туралы шешім қабылдағандығы белгілі болып отыр. БҰҰ Бітімгершілік миссиясының басшысы Эрве Ладсус Оңтүстік Судандағы жанжалдасушы екі тарапты да айыптауда. Қаңтарда IGAD Шығыс Африка елдері өңірлік блогының мәмілегерлігі нәтижесінде бірі-біріне қарсы тұрған тараптар арасында бейбітшілік келісіміне қол жеткізілген еді. Алайда, жанжал түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Тіпті, осы уақыт аралығында ол барынша тереңдей түскендей. Суданнан Оңтүстік Суданның бөлініп шығуы әрі 2011 жылдың 8 шілдесінде өз тәуелсіздігін жария етуі соңғы 10 жыл ішіндегі Африканың саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып отыр. Дегенмен, қазіргі Суданның аумағындағы саяси бақталастық әлі де болса өте күрделі жағдайда тұр. Соңғы 40 жыл бойы елдегі билік үшін күрес тайпалық кландар арасындағы жаулықтың салдарынан өрши түсуде. Оңтүстік Судан 90 пайызға мұнай сатылымына тәуелді. Мұнай кен орындарына бақылау жүргізу мәселесі жанжалдың басты себебі деген де пайымдар бар. Қазіргі уақытта жанжал этникалық жаулыққа айналып, жаппай адам өліміне ұласып барады. Сириядағы химиялық шабуыл Осы аптада бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Сирияның Кафр-Зейт қаласының маңында тағы да химиялық шабуылдың орын алғандығын жарыса хабарлады. Таратылған ақпараттарға қарағанда, 11-13 сәуір күндері орын алған үкіметтік әскер мен көтерілісшілер арасындағы қарулы қақтығыс барысында тараптардың бірі хлорин пайдаланған. Соның салдарынан 2 адам мерт болып, жүздеген адам зардап шеккен. Сарапшылардың деректеріне қарағанда, бұл химикат бірінші және екінші санатқа жататын аса қауіпті зат. Дегенмен оның адам денсаулығына тигізер залалы айтарлықтай ауыр емес. Ресми Дамаск бұл лаңкестік әрекетке «Джебхат ан-Нусра» исламшылдар тобының қатысы бар деген айып тағуда. Ал оппозиция өкілдері болса шабуылды үкіметтік ұшақтар жасағанын айтуда. Осыдан кейін Химиялық қаруға шектеу қою ұйымының басшысы Ахмет Узюмджю оқиғаның шығу тегін тергеу үшін Сирияға арнайы сарапшылар тобын жіберу мүмкіншілігін қарастыратындығын мәлімдеді. Сириядағы химиялық қарудың көзін түбегейлі жою бұған дейін елдегі жанжалды реттеу жөніндегі қол жеткізілген уағдаластықтың басты тармақтарының бірі болатын. Бұл Президент Башар Асадқа өз лауазымын сақтауға мүмкіндік берген жайттардың ретінде бағаланған еді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына және Химиялық қаруға шектеу қою ұйымының шешіміне сәйкес 2014 жылғы маусымның соңына дейін сириялық химиялық қаруды жою жұмыстары толығымен аяқталуы тиіс. Бүгінде Химиялық қаруға шектеу қою ұйымы елдегі химиялық қарудың 92,5 пайызы әкетілгендігін хабарлауда.