ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Оңтүстік Судан - Африкадағы тұрақсыздықтың жаңа нүктесі
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық тыныс-тіршілікте орын алған басты оқиғалардың бірі Оңтүстік Суданда тұтанған жанжал болды.
16 желтоқсан күні түнде Оңтүстік Суданның астанасы Джубада рулық топтардың бастамасымен тәртіпсіздіктер ұшқыны бұрқ етті. Ал одан кейінгі күндері елдің бірқатар өңірлерінде аталған топтар мен үкіметтік күштердің арасында қақтығыстар орын алды. Осылайша елде басталған жанжалдар салдарынан билік бірқатар аумақтан айырылды.
Өткен 2 апта ішінде ереуілшілер көмірсутек шикізатының басым бөлігі шоғырланған елдің солтүстігіндегі бірқатар қалаларды басып алды. Бүгінде Джонглий штатының басым бөлігі мен Бентиу қаласын және мұнай өндіру штатының астанасы Эль-Вахда қаласын бақылауында ұстап отыр. Өз кезегінде билік аталған аймақтардағы қарулы топтарды ығыстыру үшін қолдарынан келген барлық іс-қимылды жүзеге асыруда. Осы аптада Оңтүстік Судан армиясы елдің солтүстік-шығысындағы мұнай өндіруші штаттың бірі Жоғары Нілдің орталық алаңы - Малакаль қаласын ереуілшілерден азат етті.
БҰҰ құрылымдарының мәліметтеріне қарағанда, қақтығыстар барысында шамамен мың адам мерт болған. Ал бейресми деректерге қарағанда, қаза тапқандардың саны 4 мыңға жуықтайды. Оңтүстік Судан халқына 166 млн. доллар көлемінде гуманитарлық көмек қажет деген де болжам бар.
Кейбір мәліметтерге сәйкес, жанжал елдегі ең ірі нуэр мен динка тайпалары арасындағы қарсылықтан туындаған. Айта кетерлігі, мемлекеттің бұрынғы вице-президенті Риек Мачар - нуэр, ал ел президенті Салва Киир динка тайпасынан шыққан. Дегенмен Судан билігі осындай дүрбелең арқылы мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасап отыр деген пайымды алға тартады.
Елдегі дүрбелең басталғанға дейін Оңтүстік Суданда әр тәулік сайын өндірілген мұнайдың 500 мың тонна барелінің 75-85 пайызы оңтүстіктегі кен орындарының үлесіне тиесілі болатын. Сондықтан да жанжал салдарынан әлемдік мұнай бағасында тұрақсыздық орын ала бастады.
Бұл күндері әлемдік қоғамдастық жанжалға қатысушы тараптарды қантөгісті тоқтатуға әрі келіссөз үстеліне отыруға шақырды. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның өтінішімен дүниежүзілік ұйымның Қауіпсіздік кеңесі 24 желтоқсан күні Оңтүстік Судандағы бітімгершілік күштерін көбейтуді мақұлдап, миссия санын 7 мыңнан 12,5 мыңға дейін ұлғайту туралы қарар қабылдады. Осы апта ішінде Оңтүстік Судан халқын қорғау үшін 5,5 мың қосымша бітімгершілік күшінің алғашқы тобы мен БҰҰ полиция күштерінің кеңесшілері келді.
Суданнан Оңтүстік Суданның бөлініп шығуы әрі 2011 жылдың 8 шілдесінде өз тәуелсіздігін жария етуі соңғы 10 жыл ішіндегі Африканың саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып отыр. Дегенмен, қазіргі Суданның аумағындағы саяси бақталастық әлі де болса өте күрделі жағдайда тұр. Соңғы 40 жыл бойы елдегі билік үшін күрес тайпалық кландар арасындағы жаулықтың салдарынан өрши түсуде.
Бұл тұрғыда барлық демократиялық процедуралар бойынша бөлінуіне қатысты референдум өткізген Оңтүстік Судан жаңа Африкадағы үміт әрі ауқымды жоба ретінде қарастырылған болатын.
Ал Оңтүстік Суданда бұл күндері орын алып отырған қақтығыстар Африка құрлығындағы тайпааралық күрестің тамырына балта шабылмайтындығын, ал саяси теңдестірудегі батыстық стандарттарды жергілікті ерекшеліктерге тыңғылықты бейімдеу қажеттігін көрсетіп берді. Қалай болғанда да қазіргі кезеңде елдегі ахуалды тұрақтандырудың жалғыз жолы - тараптардың қаңтөгістерден тиылып, ымыраға келуі.