ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Пәкістанда содырлар мектеп оқушыларын қырып салды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлемдік қоғамдастық назары адамзат баласына жасалған екі қастандық оқиғаға ауды. Содырлар салған лаңнан жүздеген адам жарық дүниемен қош айттысты.
Пәкістанда содырлар оқушыларға шабуылдады
Сейсенбі күні таңертең «Техрик-т-талибан Пәкістан» қозғалысының қарулы содырлары жантүршігерлік қылмыс жасады. Пәкістан қарулы күштерінің әскери формасын киген содырлар Пешавар қаласындағы ел армиясы қаржыландыратын арнайы мектеп ғимаратына мотоциклмен тақау келіп, күзетшілерге оқ жаудырған. Осыдан кейін олар шамамен 500 оқушы мен олардың оқытушыларын мектеп ғимаратына кіргізіп, қолдары дірілдеместен оқ астына ала бастаған. Оқиға орнына жеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскерилерге де барынша қарсылық танытып, кескілескен ұрыс жүргізген.
Ресми деректерге қарағанда, лаңкестік акті салдарынан 145 адам қаза тапқан, олардың басым бөлігі - балалар. Ұрыс барысында содырлардың барлығының да көзі жойылды. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Пәкістанда үш күн аза тұту күні жарияланды.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Мамнун Хусейнге Пешавар қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта басым көпшілігі мектеп жасындағы балалар болған, көптеген жазықсыз жандардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды Мемлекет басшысы терең күйзеліспен қабылдағаны айтылған. «Қазақстан барша әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікке үлкен қауіп төндіріп отырған халықаралық экстремизм мен терроризмнің іс-әрекеттерін үзілді-кесілді айыптайды. Пешавардағы жантүршігерлік оқиға радикалды топтарға өркениетті қоғамда орын жоқ екенін тағы да растады», - делінген жеделхатта.
Сиднейде 17 адам кепілге алынды
15 желтоқсан күні Австралияның Сидней қаласында жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат шамамен 10-дарда тапаншамен қаруланған адам қаланың қақ ортасындағы Мартин Плейс алаңында орналасқан «Линдт» дәмханасында отырған 17 адамды кепілге алды.
Сәл кейінірек бұқаралық ақпарат құралдары оның 49 жастағы шыққан тегі ирандық Мэн Харон Монис екендігін жариялады. Ол 1996 жылы босқын ретінде Австралияға қоныс аударған. Өткен жылы ғана адам өліміне қатысты істе күдіктілердің бірі ретінде тергеуге алынып, одан кепіл беріп босап шыққан.
Полиция мен қылмыскер арасындағы келіссөздер 16 сағатқа жалғасқан. Кейбір деректерге қарағанда, ол Австралия премьер-министрі Тони Эбботпен кездесуді талап етіп, қала бойынша төрт жарылғыш зат қойылғандығын хабарлаған.
Келіссөздердің еш нәтиже бермесін көздері анық жеткен австралиялық арнайы қызмет жасағы кафеге шабуыл жасауға мәжбүр болды. Нәтижесінде 15 адам бостандыққа шығарылды. Кепілге алынғандардың ішінен 2 адам қаза тауып, тағы 5-еуі түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Қылмыскер де ауыр жарақат алып, жергілікті ауруханаға жеткізілгеннен кейін жан тапсырды.