ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Пәкістандағы аптап ыстық, Пальмирада тарихи ескерткіштердің қиратылуы және Франциядағы химиялық зауыттағы теракт

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада әлем назары, өкінішке орай, бірнеше қайғылы оқиғада болды. Пәкістанда бір жұманың ішінде 1200 адам аптап ыстықтың құрбаны болды. Сейсенбі күні «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының содырлары Пальмирадағы ежелден келе жатқан екі бірдей баға жетпес тарихи ескерткіштің көзін жойды. Ал жұма күні Францияда 35 жастағы Ясин Салхи химилық зауытта теракт жасады.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Пәкістандағы аптап ыстық, Пальмирада тарихи ескерткіштердің қиратылуы және Франциядағы химиялық зауыттағы теракт

Пәкістандағы аптап ыстық

Пәкістанда соңғы аптада елдің оңтүстік бөлігінде ауа температурасы күрт жоғарылап, салдарынан 1200-ден астам адам жапа шекті. Көшеде адамдар естерінен танып жатты, ал өңірдегі ауруханаларда денелеріне ыстық өтіп кеткен зардап шегушілер толып кетті. Бұл, негізінен, балалар, қарттар және күн астында ұзақ уақыт бойы қалуға мәжбүр қызметкерлер.

Өлгендердің саны негізінен елдің Синд провинциясының Карачи қаласында тіркелді. Пәкістанда ыстықтан қайтыс болғандардың 95 пайызы осы кентке тиесілі.

Карачидегі ең ыстық температура 45 градус деңгейінде тіркелді. Бұл, сол мекеннің ауа ылғалдылығын ескергенде, өте жоғары көрсеткіш болып табылады. Кейбір округтарда оның деңгейі тіпті 48 градусқа дейін жеткен.

Үкімет елде төтенше жағдай жариялауды жөн санаған жоқ, алайда адамдарға далада көп жүрмеуге және ағзаға күн өтпеудің басты амалдарын жасауға үндеді.

Биыл Пәкістандағы аномалиялық ыстық мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Осы күндері Ислам ұстанушыларының аузы берік. Бұл айда олар күндізгі мезгілде ас пен судан бас тартады. Соның салдарынан болса керек, адамдардың дені ағзаның суалуынан қаза тапты.

Метеорологтардың хабарлауынша, биылғы аптап ыстық ауа-райының өзгеруіне байланысты муссондық жаңбырлардың келмеуінен орын алып жатыр. Болжам бойынша, бұндай күн райы әлі бір айға созылуы ықтимал.

Өз кезегінде халық қол қусырып отырған билікті кінәлап отыр. Олардың сөзіне қарағанда, электр энергиясы ара-тұра сөніп қалады, сол кездері салқындатқыштар мен ауабаптағыштар да жұмыс істемейді. Қаланың кейбір бөліктерінде наразы азаматтар шеруге шықты. Көлік дөңгелектерін өртеп, полиция көліктерін таспен атты.

Пәкістандықтардың қуанышына орай, жұма күні ауа температурасы 48-ден 34-ке дейін түсті. Билік ыстық құрбандарының саны азайып келетіндігін хабарлады және оның бір себебі ретінде күндізгі уақытта салқын су мен мұзды сату жөніндегі шараларды ұйымдастырудың арқасында деп түсіндірді.

Еске сала кетейік, мамыр айында Үндістанда да осыған ұқсас жағдай тіркелген еді. Ол кезде 1700 адам көз жұмған болатын. Мамандар әлемде орын алып жатқан аптап ыстық пен жаһандық жылыну арасында байланыс бар деп отыр.

Пальмирадағы тарихи ескерткіштер қиратылды

Жексенбіде «Ислам мемлекеті» содырлары өздері жаулап алған ежелгі Пальмира қаласындағы көне ескерткіштерді миналап жатқандығы белгілі болды. Ол кезде лаңкестер Пальмираны жоюды көздеді ме, әлде осылайша қаланы босату іс-қимылдарына тосқауыл қойғысы келді ме, ол жағы белгісіз еді. Дегенмен сейсенбі күні содырлар Пальмираның көне мұсылан мазарларын жойып жібергендерін хабарлады. Келесі күні сириялық ресми билік оны растады, сонымен қатар интернетте де тиісті фотосуреттер жарияланды.

Хабарланғанындай, содырлар Мұхаммед пайғамбардың немере інісі Имам Әлидің ұрпағы - шейіт әулиесі Мұхаммад бин Әлидің кесенесін жермен жексен еткен. Қасиетті мазар Пальмирадан төрт шақырым тұста, таулы аймақтарда орналасқан болатын.

Сонымен қатар лаңкестер тағы бір тарихи жәдігерді құртып жіберді. Ол - осыдан 500 жыл бұрын салынған сопылардың діни көшбасшысы Низар Әбу Бааддиннің кесенесі.

Сирияның ескерткіштерді қорғау ведомствосының мәліметі бойынша, «Ислам мемлекетінің» содырлары өз «діндеріне» қайшы келетін 50-ден астам тарихи ескерткішті бұзып тастаған.

Пальмира - ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Сириядағы алты нысанның бірі. Ол «Ислам мемлекеті» содырларының қолына биыл мамыр айында өтіп кетті.

Ондағы мәдени мұралардың көпшілігі біздің дәуіріміздің 1-2 ғасырына тиесілі. Ескі қала өзінің бойында ежелгі грек, рим, көне парсы және сириялық ағымдарды жиған.

Франциядағы химиялық зауытта болған теракт

Жұма күні таңертең Лион маңындағы Сан-Кентан-Фалавье қаласында өнеркәсіптік газдарды өндіретін америкалық «Air Products and Chemicals» химиялық зауытының аумағына белгісіз ер азамат өз көлігімен еніп кеткен.

Кейін ол көлігін газға толы цистернаға бұрып жіберді - жойқын жарылыс орын алды, салдарынан бір адам қаза тапты, тағы екеуі жарақаттанды.

Шабуыл жасаған тұлға қолға түсті, оның есімін Францияның Ішкі істер министрі Бернар Казнев хабарлады.

Лаңкес 35 жастағы Сен-Приест тұрғыны Ясин Салхи болып шықты. 2006-2008 жылдары ол салафиттармен байланыс жасап жүргені үшін құқыққорғаушылардың бақылауында болған еді.

Франция ІІМ басшысы баяндамасында лаңкесті ұстау кезіндегі кейбір жайттар айтылды. Министрдің сөзіне қарағанда, оқиға орнына жеткен полицейлердің немесе өрт сөндірушілердің бірі, салқынқандылық сақтап, қылмыскерді құрықтаға

Көп ұзамай, екінші күдікті ұсталды. Ол теракт алдында зауыттың маңын «Ford Fusion» көлігімен торуылдап жүрген. Франциялық полицейлер терактіні ұйымдастыруға көмектесуі мүмкін деген күдікпен лаңкестің жақындарын да қамауға алды. Олардың саны және лаңкеске кім болып келетіні әлі айтылған жоқ.

Тағы бір хабар бойынша, зауыт қақпасының маңынан басы кесілген адам мәйіті табылған. Адамның басында араб жазуы бар деп хабарланды. Сонымен қатар оқиға орнында араб жазуы бар ту анықталды.

Жандармерия елде басқа да терактіні болдырмау мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Химиялық зауыттағы өртті жылдам өшіру мүмкін болды, ауаға улы заттар тараған жоқ.

Оқиғаға байланысты ел президенті Франсуа Олланд Брюссельде өтіп жатқан Еуропалық Одаққа мүше-мемлекеттер басшыларының саммитін тастап шығуға мәжбүр болды.

Франция президенті елге оралмас бұрын телеарналар арқылы мәлімдеме жасады. Өзінің сөзінде ол бұл оқиғаны теракт деп атады және француз халқын оқиғаның мән-жайы анықталғанша ынтымақтастықты сақтауға шақырды.

Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде. Терактінің қаупі жоғары болғандықтан, құқыққорғаушылардың қызметі күшейтілген режимге көшірілді және стратегиялық нысандарда күзет нығайтылды.