ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Парижде жаһандық климат мәселелері талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада халықаралық қоғамдастықтың назары Париж маңындағы Ле Бурже қаласында өткен БҰҰ-ның климат мәселелеріне арналған конференциясына ауды. Бұл әлемдік шараға 150-ден астам елдің мемлекет және үкімет басшылары келген болатын. Мұнан өзге, әлемдік қоғамдастық Калифорнияда орын алған жантүршігерлік оқиғаға да баса назар аударған еді. Есте болса, сәрсенбі күні Сан-Бернардино қаласында ерлі-зайыптылар мерекелік кешке жиналғандарға оқ жаудырды.
None
None

Париждегі климат жөніндегі конференция

Дүйсенбі күні Париж маңындағы Ле Бурже қаласында БҰҰ-ның климат мәселелеріне арналған конференция өз жұмысын бастады. Бұл жиынға әлемдік көшбасшылардың ең көп саны қатысып, Францияға 150-ден астам мемлекеттің басшылары мен Премьер-Министрлері келген еді.

Іс-шара кезінде қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді. Мұндай қадамға 13 қараша күні Парижде орын алған бірнеше лаңкестік әрекеттің түрткі болғаны сөзсіз. Ле Бурже форумын 3 мыңнан астам, ал бүкіл Францияның қауіпсіздігін 120 мың құқық қорғау органдарының қызметкері қамтамасыз етті.

Өтіп жатқан форумның басты қорытындысы 2020 жылдан кейін Киото хаттамасының орнын басатын маңызды халықаралық келісім болуы тиіс. Аталған құжат климат жүйесіндегі жүктемені төмендету бойынша халықаралық күш-жігердің шоғырлануын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақыттағы халықаралық қоғамдастықтың міндеті ғасыр соңына қарай Жер атмосферасының орташа температурасының 2 градус Цельсийге дейін көтерілуіне жол бермеу болып тұр. Егер әлем көшбасшылары ортақ ымыраға келе алмайтын болса, онда осы ғасырдың соңында Жердің орташа температурасы 5 градусқа көтерілетін болады. Бұл әлемдегі мұхиттардың деңгейін 1 метрге көтеріп, адамзат баласы үшін зор қауіп төндіреді.

Осыған байланысты экологтар климаттың өзгеруіне байланысты адамзат баласына туындайтын қатер лаңкестіктен пара-пар екендігін ескертуде. Өйткені, бұл екі қатер де ғаламшардағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа барынша қауіп төндіреді.

Халықаралық конференцияның ашылуында сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун ойланатын уақыттың өтіп кеткендігін айтып, мұндай сәттің ендігі уақытта қайтып келмейтіндігін баса атап өтті.

«Климаттың өзгеруімен байланысты шаралардың ұлттық жоспарын 180-нен астам ел ұсынып отыр. олар жаһандық шығарындыларды 100 пайыз қамтиды. Бұл өте жақсы бастама. Дегенмен, жаһандық жылыну өсімін 2 Цельсий градуспен шектеу үшін біздер алға қарай ілгерілеп, мұнан да жылдам іс-қимыл жасауымыз керек», - деді БҰҰ басшысы.

Пан Ги Мун әлемдік көшбасшылар климат бойынша «өктем» келісім жасай алатындығына сенетіндігін білдірді. Өйткені, іс жүзінде барлық мемлекеттер шығарындыларды төмендету бойынша шұғыл іс-қимылдың және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл әлеуетін арттырудың қажеттігін түсініп отыр.

Парижде таяуда ғана орын алған лаңкестік әрекеттерден кейін шеру ұйымдастыруға шектеу қойылғанына қарамастан жиын өтетін күннің қарсаңында қала көшелеріне мыңдаған қоршаған ортаны қорғаушылар шықты. Бастапқыда белсенділер Республика алаңында өз аяқ киімдерін қойды. Олар осы әрекеттері арқылы шектеу қойылғанына қарамастан өздерінің климат өзгерістеріне наразылық білдіретіндігін паш етуге тырысты.

Бастапқыда бейбіт түрде өрбіген шеру соңында жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Осыдан кейін полиция көзден жас ағызатын граната қолданып, 200-ден астам белсенді тұтқынға алынды.

Әлем көшбасшылары елдеріне қайтқаннан кейін де конференция 11 желтоқсанға дейін қорытынды шешім қабылданғанша жұмыс істейді.

Калифорния қанды қырғыны

Сәрсенбі күні Калифорнияның Сан-Бернардино қаласында, ақыл-ойында ауытқушылығы бар адамдарға көмек көрсетумен айналысатын «Inland» өңірлік орталығында округтың денсаулық сақтау департаменті мерекелік іс-шара ұйымдастырған болатын. Кенет мекеме аумағына басып кірген қарулы екі адам оқ жаудырды. Сәл кейінірек шабуылдаушылардың денсаулық сақтау департаментінде жұмыс істейтін 28 жастағы Сайед Фарук пен оның 27 жастағы жұбайы Ташфин Малик екендігі белгілі болды.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Фарук мерекелік іс-шара барысында біреумен жаға жыртысқаннан кейін кетіп қалған. Одан кейін әйелімен бірге орталыққа келіп, оқ жаудырған. Қанды қырғын салдарынан 14 адам қаза тауып, тағы 17 адам түрлі дене жарақатын алды.

Жантүршігерлік оқиға орын алғаннан кейін ол жол талғамайтын қара көлікпен қашып кеткен. Қалада және оның төңірегінде қылмыскерлерді тұтқынға алу операциялары жүргізілді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби әрі жедел іс-қимылының нәтижесінде қылмыскерлердің көлігі тұрған жер анықталды.

Полиция қылмыскерлердің ізіне түскеннен кейін арада қарулы қақтығыс орын алды. Қылмыскерлер 70-тен астам оқ атса, полиция қызметкерлері оларға қарата 380-нен астам оқ жаудырған. Қарулы қақтығыс барысында ерлі-зайыптылар оққа ұшса, 2 полиция қызметкері жеңіл жарақат алған.

Полция қызметкерлерінің айтуынша, қылмыскерлер жақсы қаруланған. Фаруктың үйінен көптеген қару-жарақ, жарылғыш зат және 12 мың оқ-дәрі алынған.

Билік органдары қылмыскерлердің мұндай қадамға баруына не түрткі болғанын түсінбей дал. Бастапқыда күш-қуат құрылымдары лаңкестік нұсқасын қарастырмаған болатын. Алайда, сәл кейінірек Федералды тергеу бюросы бұл қанды қырғынды лаңкестік әрекет деп бағалады.

Фаруктың әкесі өз ұлын дінге мойынсұнған мұсылман деп атауда. Достары мен әріптестері де оның өте сыпайы адам болғанын айтуда. АҚШ-тың Американ-мұсылман қарым-қатынасы жөніндегі кеңесі орын алған жайтты дінмен байланыстырмауды өтінуде.

Сан-Бернардинода орын алған қайғылы оқиғаны естіген АҚШ Президенті ел Конгрессін қару-жарақ алып жүруге шектеу қарастырылған заң жобасын қолдауға шақырды. Барак Обама президент болған сәттен бері АҚШ аумағында орын алған жайттарға байланысты осымен 18-ші мәрте жария мәлімдеме жасауда.

Айта кетерлігі, бұл 2012 жылдан бері АҚШ аумағында орын алған ең ірі қанды қырғынның бірі болып тұр. Есте болса, осыдан 3 жыл бұрын Коннектикуттегі «Сэнди Хук» мектебінде орын алған қарулы шабуыл барысында 20 жастағы қылмыскерді қоса алғанда 28 адам қаза тапқан еді.

Соңғы жаңалықтар