ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Полоний-210-ның таяушығыстық ізі

АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіндегі халықаралық аренада орын алған ерекше оқиғалардың бірі Палестинаның бұрынғы көшбасшысы Ясир Арафаттың есімімен тығыз байланысты өрбіді.
None
None

Естеріңізге сала кетейік, 75 жастағы Арафат 2004 жылы Париж түбіндегі клиникада өмірден озған болатын. Оның өмірінің соңғы күндері денесін жайлаған дерттердің бірі ретінде ми-қан айналымының бұзылуы мен қан ауруы аталған еді. Арафат өліміне қатысты оның зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапқандығы жайлы нұсқа да бұдан бұрын сан мәрте айтылған-ды. Оның жұбайы Сахи Арафаттың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2012 жылы Палестинаның бұрынғы көшбасшысының мүрдесі эксгумацияланды.

Жыл бойы швейцариялық зертхананың білікті мамандары оның мүрдесінен улағыш заттардың, оның ішінде радиоактивті заттардың да бар-жоғына тексеру жүргізген болатын. Бұған қоса, дәл осы жұмыстарды Арафат мүрдесі қалдығының үлгілері берілген ресейлік және француздық сарапшылар да жүргізген еді.

Осы апта ішінде Арафаттың жесірі Суха швейцариялық зертханада күйеуінің сүйегіне жүргізілген сараптама нәтижесінде полоний-210 радиоактивті изотоптардың бар екендігі анықталғандығы жайында мәлімдеме жасады.

«Нәтижелер біздің барлық күдігімізді нақтылап берді. Ендігі уақытта оның табиғи себеппен өлмегендігі, яғни қасақана өлтірілгендігі ғылыми тұрғыда дәлелденді», - деді ол. Дегенмен, Сахи Арафаттың жауы барынша көп болғандығын баса айта келе, оның өліміне қатысты қандай да бір тұлғаның не болмаса ұйымның қатысы болуы мүмкін екендігін нақты көрсеткен жоқ.

Бір күннен кейін Лозаннада ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында Швейцарияның Радиофизика институтының директоры Француа Бошу Арафаттың улануы туралы нұсқа эксперттер тарапынан «ақылға сыйымды деңгейде» қуатталатындығын мәлімдеді. Оның атап өтуінше, зерттеу материалдарында «полоний-210 мен қорғасынның шамадан тыс мол мөлшері анықталғаны әрі әңгіме үшінші тұлғаның араласуы мүмкіндігі» турасында айтылған. Дегенмен, зерттеулерде қателіктердің де орын алуы аталып өтілген. Өйткені, зертханаға келіп түскен материалдың көлемі шектеулі ғана болған. Бұған қоса, Арафаттың көз жұмғанына 8 жыл болғандығының да зерттеу нәтижелеріне белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін.

Өз кезегінде, жыл бойы Арафат сүйегіне зерттеу жүргізген ресейлік сарапшылар палестиналық көшбасшының уланғандығы туралы нұсқаны қауқарсыз деп таныды. БАҚ мәліметтеріне қарағанда, олардың қорытындылары нәтиженің айқынсыздығын білдіреді.

Ал Франция болса өз зерттеулерінің нәтижелерін жария етуге асығар емес. Қазіргі уақытта Палестина Ұлттық Әкімшілігінде де бұл зерттеулерге қатысты біржақты тұжырым жасалған жоқ. Арафаттың өлімінің себебін зерттеумен айналысып жатқан Палестина тергеу комиссиясы француз зерттеулерінің қажетті нәтижелері, сондай-ақ әлі күнге дейін қолға түспей отырған 2004 жылғы госпитальдің қорытындысын алмай біржақты қорытынды шығару мүмкін емес деген ұстанымда.

Әрине, Арафаттың өліміне қатысты жайттар расталатын болса, онда басты күдікті Израильдің аты аталатындығы белгілі. Дегенмен, Тель-Авив барлық айыптаулардан шұғыл арада бас тартты. Израильдің қазіргі Өңірлік даму министрі, ал Я.Арафат қаза тапқан кезде елдің Сыртқы істер министрлігін басқарған Сильван Шалом Израильдің палестиналық көшбасшының көзін құрту туралы шешім қабылдамағандығын мәлімдеді. Оның атап өтуінше, бүгінде Арафат өлімінің себебіне қатысты нақты қорытынды шығару үшін жеткілікті негіз жоқ.

Әлемдік қоғамдастыққа полоний-210 Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкерінің ісі бойынша да кеңінен танымал болатын. Ол осы радиактивті химиялық элементпен уланып, Лондонда қайтыс болған еді. Әлі күнге дейін британдық және ресейлік тараптар аталған арнайы операцияны ұйымдастырды деп бір-бірін кінәлап келеді.

Мамандардың атап өтуінше, полоний-210 шағын мөлшерде азық-түлік тағамдарында да кездесуі мүмкін, табиғи жолмен ағзаға да кіреді әрі кез келген темекінің химиялық құрамында да кездеседі. Алайда, полоний-210-ның зертханалық үлгісін пайдаланған кезде қайтымсыз салдары болады. Арнайы өндірілген полоний-210 әлемнің барлық елдерінде бола бермейді. Элемент 138 күн және 9 сағатта жартылай ыдырай алады. Сондықтан да арнайы қызметтерде қолданылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар