ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «Пульс» гей-клубындағы қанды қырғын
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлем жұртшылығы Орландодағы «Пульс» гей-клубында түн ішінде орын алған қанды қырғынды әлем қоғамдастығы кеңінен талқыға салды. Бұл - Құрама штаттар тарихындағы ең қанды қырғын десек те болады. Мұнан бөлек, әлем жұртшылығының назары Францияға ауып тұр. Бұл елде Футболдан Еуропа чемпионаты басталған еді.
«Пульс» гей-клубтағы атыс
Жексенбі күні түнде Флорида штатына қарасты «Пульс» гей-клубына келген Ауғанстан тумасы 29 жастағы Омар Матин жартылай автоматты винтовкадан және тапаншадан клубтағы адамдарға қарата бей-береке оқ жаудырды. Мылтық дауысын естіген адамдар тығылуға тырысты, кейбір клуб дәретханасына жасырынды. Енді бірі ұялы телефонынан анасына хат жазып, полиция шақыруын өтінген. Адамдардың басым бөлігі сыртқа қашып шығып аман қалса, енді біреулері өтірік өлген адамның кейпін танытып жан сақтаған. Дегенмен, оққа ұшқандардың қатары мол. Атысын аяқтаған Омар Матин ғимаратқа жасырынып, құтқару қызметіне телефон соққан. Оператормен сөйлесуі барысында өзінің «ДАИШ» лаңкестік тобын қолдайтындығын айтқан.
Бұған қоса, оператормен сөйлесуі барысында Бостон марафонындағы теракт жайында еске салып өткен. Оқиға орнына жеткен полиция ғимаратты қоршауға алып, Матинмен келіссөздер жүргізуге тырысқан еді. Алайда, ол клубқа келушілерге оқ жаудыруын қайта жалғастырды. Таң ата арнайы жасақ жауынгерлері ғимаратқа басып кіріп, қылмыскер жасырынған бөлменің қабырғасын бомбамен жару арқылы енді. Біршама уақытқа созылған атыстан кейін қылмыскердің көзі жойылып, тірі қалған тұтқындар босатылды.
Орландодағы трагедия Америка тарихындағы адам өлімі өте көп болған қанды қырғын болып отыр. Қылмыскердің қолынан 49 адам өліп, тағы 53-і түрлі деңгейде дене жарақатын алған.
Федералды тергеу қызметі бұл оқиғаны ішкі терроризм деп бағалап, тергеу амалдарына кірісіп кетті. Сәл кейінірек Омар Матиннің әлемдегі ең ірі жеке күзет фирмаларының бірі саналатын G4S мекемесінде жұмыс істегендігі белгілі болды. Тергеу барысында анықталғандай, Матиннің қару-жарақ ұстауға 2 лицензиясы болған. Қылмыс орын алған уақыттан бір апта бұрын ол Флорида дүкендерінің бірінен жартылай автоматты винтовка мен тапанша сатып алған.
Мұнан бөлек, Матиннің 2013 жылдың өзінде құқық қорғау органдарының назарына ілінгені белгілі болып отыр. Сол кезде ол әріптесіне өзінің лаңкестермен байланысы бар екендігін айтып қалған. Алайда федералдар бұл жайттың анық-қанығын тексергенмен күдікті еш дүние таба алмаған болатын.
АҚШ Президенті Барак Обама бейсенбі күні Флорида штатына келіп, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, жарақат алғандардың тез арада сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Әлемнің көптеген елдерінің көшбасшыларымен қатар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Орландодағы лаңкестік актісіне байланысты Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамаға көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Орландо қаласындағы террористік акт салдарынан көптеген адамның қаза болғаны және зардап шеккені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады. Жеделхатта: «Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайды, қандай мақсатта болса да жазықсыз қан төгуді ақтауға болмайды деп санайды», - деп айтылған. Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтардың және жеке өзінің атынан Б.Обамаға, Америка халқына, қаза болғандардың отбасыларына және жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Еуро-2016 басталды
Маусымның 11-іне қараған түні Францияның Сен-Дени қаласындағы «Стад де Франс» стадионында Франция және Румыния құрамалары арасындағы ойынмен «Еуро-2016» турнирі басталды.
Турнирдің ресми бекітілген «This One's For You» атты әнін әлемге есімі танымал Дэвид Гет пен швед әншісі Зара Ларссон орындады. Мұнан бөлек, арнайы ұйымдастырылған шоуға шамамен 600 адам қатысты. Айта кетерлігі, бұл Еуропа чемпионаты футболшылар арасындағы тартысты ойыннан бөлек жанкүйерлердің арасындағы қақтығыспен де талайдың есінде қалатын түрі бар. Мәселен, Ресей мен Англия құрамалары арасындағы Марсельде өткен матч 1:1 есебімен аяқталған болатын. Дәл осы кездесу алдында екі елдің жанкүйлерлері арасындағы қақтығыс болды. Төбелесте ағылшындық жанкүйер жапа шекті.
Жансақтау бөліміне түскен жігіттің «миы жұмысын тоқтатты» деген диагноз қойылды. Қазіргі уақытта Франция соты үш ресейлік жанкүйерді тәртіпсіздік жасағандары үшін бірден екі жылға дейін бас бостандықтарынан айырғандығы да белгілі. Сотталғандардың бірі - мәскеулік «Локомотивтің» жанкүйерлермен жұмыс бойынша бөлімінің басшысы Алексей Ерунов.
Футболдан Еуропа чемпионаты жұмысшылардың құқығын қорғаудан бас тартуға сылтау бола алмасы анық. Сейсенбі күні Үкіметтің парламенті айнала өтіп қабылдаған еңбек реформасына орай қарсылық шаралары өтті. Қабылданған заңнамада жұмыстан шығару процедурасын жеңілдету, сонымен қатар жұмыс аптасын арттыру сынды жайттар қарастырылған. Парижде өткен наразылық шарасына миллионға жуық адам қатысты. Оны Франциядағы ең ірі ұлттық кәсіподақтардың бірі Жалпыға ортақ еңбек конфедерациясы бастап отыр.