ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Саркози ұтылды. Франция социалист Франсуа Олландты таңдады

МӘСКЕУ. 7 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ - Өткен аптада әлемдегі басты оқиғаларының бірі Франциядағы президенттік сайлау болды. Оның соңғы кезеңі кеше, мамырдың 6-сы күні аяқталды.
None
None

Сонымен, көптеген белді саясаткерлердің, сондай-ақ Францияның қазіргі президенті Н.Саркозиді жақтаған белсенділердің сенімді болжамдарына қарамастан, сайлаудың соңғы кезеңі елдің алдағы бесжылдық болашағын айқындап алды: Елисей қамалындағы таққа 57 жастағы Франсуа Олланд отырып, президент тәжіне ие болмақ.

Естеріңізде болса, Франциядағы президенттік сайлаудың алғашқы кезеңі сәуірдің 22-сі күні өткен болатын. Ол кезде он кандидаттың біреуі де 50 пайыздық межеден аса алмады. Сол себепті сайлаудың екінші кезеңін өткізу жөнінде шешім қабылданды. Саяси доданың екінші әрі соңғы кезеңіне осы елдің президенті, «Халық қозғалысы үшін одағының» жетекшісі Н.Саркози және Социалистік партияның өкілі, опозиционер Ф.Олланд шыққан еді.

Францияның Конституциялық кеңесі мәлімдегендей, сайлаудың бірінші кезеңінде Ф.Олланд 28,63 пайыз дауысқа ие болса, Н.Саркози 27,63 пайыздан аса алмады. Осылайша, Н.Саркозидің басты қарсыласы - Ф.Олланд одан 500 мыңнан артық дауыс жинап алды. Басқа кандидаттардың үлесінде - 0,25-17,9 пайыз.

Бұған дейін жүргізілген әлеуметтік сауалнама көрсетіп отырғандай, Ф.Олланд Франция президенті Н.Саркозиден 5-7 пайызға алда болды. Мамырдың 2-сі күні болған теледебаттардан кейін де электораттың таңдауы айтарлықтай өзгерген жоқ. Негізі, сайлаудың бірінші кезеңінде Н.Саркози жеңілсе де, екінші турда ол дауыс берушілердің жалпы 27,07 пайызына ие болған Марин Ле Пенидің «Ұлттық майданы» мен Франсуа Байрудың «Демократиялық қозғалысын» өзіне тартып алады деген болжам болған.

Дегенмен, М.Ле Пен Н.Саркозиді қолдаудан бас тартып, кандидаттың екеуіне де сенбейтіндігін мәлімдеді. Ол «Ұлттық майданның» 6 млн.-ға жуық жақтаушыларына өздігімен дауыс беруге кеңес берді. Оған қоса, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған бір ресми құжат Н.Саркозидің саяси беделін түсіріп тастады. Онда 2007 жылы Францияда өткен президенттік сайлау кезінде Н.Саркозидің сайлауалды науқанына Ливияның бұрыңғы басшысы Муамар Каддафи 50 млн. евро бөлді деген нақты дерек бар.

Францияның Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, бюллетень санағы бойынша оппозиция қазіргі биліктен 2 пайызға оза шауып, ел азаматтарының 51,67 пайыз дауысына ие болды. Ал Н.Саркозидің комадасы 48,33 пайыз дауысты қанағат тұтты.

Сайлаудың соңғы нәтижесі бүгін, дүйсенбі күні жария етілмек. Осыдан кейін 10 күннің ішінде Конституциялық кеңес ол нәтижелерді ресми түрде бекітуі тиіс. Қандай да бір өзгерістер болмайтыны анық. Себебі Н.Саркозидің өзі социалист Ф.Олландты сайлаудың қорытындысымен құттықтап қойды. «Францияда - жаңа президент. Бұл - республиканың демократиялық таңдауы. Олланд Франция президенті болып сайланды, халықтың осы таңдауын құрметтеу қажет», - деді ол өз сөзінде.

Еуропаның бірқатар мемлекет басшылары Францияның жаңа президенті Ф.Олландтың атына өз құттықтауларын жеткізіп үлгерді. Бельгияның Премьер-министрі Элио Ди Рупо екі елдің Еуропалық одақ аясындағы жемісті жұмысына сенім білдірсе, Германия канцлері Ангела Меркель Ф.Олландты өз еліне ресми сапармен шақырды. Ал Еврокомиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу Францияның жаңа командасымен бірге Еуропа экономикасын жаңғыртуға қатысты өз тілектестігін жеткізді.

Сөйтіп, Ф.Олланд социалистердің ішінен Франция президенті атанған екінші тұлға болып, ел тарихына енді. Оның әріптесі Франсуа Миттеран 1981-1995 жылдары аралығында Франция мемлекетін басқарды. Ф.Олланд болса, осы уақытқа дейін бірде-бір министрлікті басқарған жоқ. Ол «Демократиялық қозғалыстың» белсенді мүшесі ретінде бұл партияны 11 жыл бойы басқарып келеді. «Маған дауыс беру арқылы Франция халқы өзгерістерді таңдады. Мен өзіме жүктелген жауапкершілікке сай қызмет ететін боламын», - деп мәлім етті Ф.Олланд. Францияның жаңа президенті атап көрсеткендей, өз жұмысында ол отандық өнеркәсіпті қайта жаңғыртып, бюджет тапшылығын қысқартатын болады. Сондай-ақ ол әлеуметтік жүйені барынша дамытуға уәде берді. «Мен белгілеген басымдықтардың ішінде білім беру, қоршаған ортаны қорғау, экология бар. Біз Еуропаның экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жұмыс істейтін боламыз», - деді ол.

Дейтұрғанмен, Н.Саркозидің жақтастары және бірқатар сарапшылардың пайымдауынша, Ф.Олланд ауқымды реформаларға бара алмайды. Себебі ол Брюссель мен Берлиннің ұстанымын жеңе алмайды. Ал республикадағы бизнес саласы үшін салық мөлшерін көбейту елдің жағдайын қиындатуы мүмкін.

Ф.Олландтың сыртқы саясатына қатысты қандай да бір болжамдар жасау әлі ерте. Дегенмен, бір мәселе анық, Францияның жаңа басшысы трансатлантикалық ынтымақтастық пен адам құқықтарын қорғау жұмысына негізгі басымдық беріп келеді.       

Соңғы жаңалықтар