ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сары теңізде су астына кеткен 272 адамның тағдыры белгісіз
Кеменің апатқа душар болғандығы жайында алғашқы ақпарат сәрсенбі күн таңертең су көлігі жағалауға 20 шақырым қалған кезде берілген болатын. Дәл осы сәтте оның бортында 476 жолаушы болса, оның ішінде оқытушылармен бірге саяхатқа шыққан Ансан қаласы «Данвон» орта мектебінің 335 оқушысы бар болатын.
Кеме 15 сәуір күні Сеулге тақау орналасқан Инчхон айлағынан жолға шыққан еді. Ал Чеджу курортты аймағына дейінгі жол ұзақтығы шамамен 14 сағатты құрайтын.
Дегенмен, келесі күні таңертең межелі жерге екі сағаттай уақыт қалған кезде сағат 8:30 бен 9:00 аралығында капитан мінберінен барлық жолаушыларға құтқару күртешелерін киіну әрі өз орындарында қалу туралы хабарлама тарады. Дәл осы сәтте кеме бір жаққа қарай қисайып, біртіндеп суға бата бастаған еді. Біршама уақыт өткеннен кейін 180 градусқа жантайып, толығымен суға батты.
Қайғылы оқиға салдарынан 30 адам қаза тапты, 174 адам апаттың алғашқы сағаттарында құтқарылса, 272 адамның, оның ішінде басым бөлігі балалардың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз болып тұр.
Сарапшылардың атап өтуінше, бұл жайттың орын алуына бірқатар технологиялық һәм ұйымдастырушылық ағаттықтарға қабаттаса оқиға орын алған сәттегі адами факторлар да әсер еткен.
Кеме 1994 жылы Жапонияда құрастырылып, 2012 жылы оңтүстіккорейлік компанияға сатылған. 18 жылдық тарихы бар кемеде бұған дейін айтарлықтай төтенше оқиға орын ала қоймаған. Дегенмен, таяуда кемеге жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде оның жолаушылар сыйымдылығы 15 пайызға ұлғайтылған. Сарапшылрадың пайымынша, дәл осы жайт кеменің суда жүзу сипаттамасының нашарлауына түрткі болуы мүмкін.
Бастапқыда кеменің су астындағы жартастарға соқтығысуы не болмаса қайраңдап алуы мүмкін деген пікірлер айтылған еді. Алайда, тергеу амалдары барысында жүзіп келе жатқан кеменің бағдарын күрт өзгертіп, соның салдарынан сол жаққа қарай жантайғандығы белгілі болып отыр. Соның салдарынан кеме бортындағы жалпы салмағы 1157 тонна болатын 180 автомобиль мен контейнерлер орындарынан қозғалып, салмақ бір жақ бортқа қарай ауып кеткен.
Алдын ала тергеу нәтижелеріне сәйкес, паром апатқа ұшыраған сәтте оны капитанның үшінші көмекшісі басқарып келе жатқандығы да белгілі. Бұған қоса, 68 жастағы капитан Ли Чон Соктың жолаушылармен бірге бас сауғалап, кемені тастап құтқарушы қайыққа отырып алғандығы анықталды. Ел билігі оны және кеме экипажының тағы екі мүшесіне бес айып тағып, тұтқынға алды.
Апат кезінде үстіңгі палубада болған жолаушылар ғана аман қалды. Өйткені олар апат кезінде суға секіріп ету мүмкіншілігіне ие болған еді. Ал төменгі палуба болған жолаушылар кеме ішінде қамалып қалып, 37 метрлік тереңдікке батып кетті. Сәл кейінірек, кеме капитаны жолаушыларды дер уақытында қауіпсіз жерге көшіруге құтқару қайықтарының болмауы кедергі келтіргенін айтып ақталды.
Кемедегі жолаушыларды құтқару операциясына ел президенті Пак Кын Хенің өзі басшылық жасауда. Ол әрбір адамның тағдыры үшін күресетіндігін айтып мәлімдеме жасауда.
Қазіргі уақытта ауқымды құтқару операциясына Оңтүстік Кореяның Жағалау күзеті және флотының 170 кемесі, 550 сүңгуірі мен 29 ұшағы жұмылдырылуда. Апат болған аймақта АҚШ ӘТК десанттық кемесі де жүр. Жапонияның да құтқарушылары да көмек қолын созу үшін апат алған орынға бет алып келеді. Атап орнына төрт жүзбелі кран орнатылған. Олар кемені су бетіне алып шығу тиіс.
Осы уақытқа дейін кеме ішіндегі «ауа қалтарыстарында» аман қалған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін ауа жіберілуде. Апат орын алған жердегі ауа температурасы Цельсий бағаны бойынша шамамен 12 градусты құрайды. Мұндай жағдайда адамдардың 72 сағатқа дейін тірі қалуына мүмкіншілік мол.
Кемедегі жолаушылардың туыстарының талаптары бойынша билік күндіз-түні жұмыс істеуде.
Жұма күні сүңгуірлер кеме қабырғасын тесіп, бортқа енуге мүмкіншілік алған болатын. Алайда кеменің бұл бөлігі суға лық толық тұрғандығы белгілі болды. Құтқару операциялары жүргізілген барлық күнде де ауа райы қолайсыз болуда. Су асты ағысының жылдамдығы сағатына 8 шақырымға жетіп, су ішінде төңіректі барлау қиындық туындатуда.
Құтқарылған жолаушылар Мокпо мен Яиндо қалаларының ауруханаларына жөнелтілуде. Ал олардың туыстары жергілікті спорт залын паналауда. Дәл осы жерде амал қалған адамдардың тізімі ілініп, жүргізіліп жатқан операция жайында ақпараттар таратылуда, адамдармен психологтар жұмыс істеуде.
Тірі қалғандар мен тағдыры белгісіз адамдардың туған-туысқандары орналасқан бұл жердегі ахуал өте күрделі. Жұма күні «Севол» жолаушылар кемесінде тірі қалғандардың арасында болған мектеп директоры орынбасарларының бірінің спорт зал маңындағы қарағайға асылып қалғандығы анықталды.
Оңтүстіккорейлік билік қаза тапқандар мен із-түссіз жоғалып кеткендерге қатысты ақпараттарын бірнеше мәрте өзгерткен болатын. Ал бұл елдің көптеген адамдарының сеніміне селкеу түсіріп отыр. Түнгі уақыттағы құтқару жұмыстарының тоқтатылуы да халықтың наразылығын ушықтыра түсуде.
Алғашқы күндері суға батқан кеме ішіндегі кейбір оқушылардың смс хабарлама жібергендігі турасында ақпарат тараған еді. Кейіннен ол нақтыланған жоқ. Дегенмен көптеген оқушылардың апат кезінде туыстарына смс хабарлама жіберіп, қоштасқандығы белгілі.