ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Шенген төңірегіндегі шырғалаң ширығып тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада киносүйер қауым мәртебелі «Оскар» сыйлығын табыстаудың 88-ші салтанатты шарасына куә болды. Осылайша, ұзақ уақыттан бері «Ленардо Ди Каприо награда ала ма, алмай ма?» деген талайдың көкейіндегі сауалға жауап берілді. Ал дәл осы сәтте кәрі құрлықта босқындардың легінің астында қалған мемлекеттер бір-бірінен шекараларын жауып, дүрлігіп жатқан еді.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Шенген төңірегіндегі шырғалаң ширығып тұр

«Оскар» сыйлығы табысталды

Өткен жексенбіде әлем жұртшылығы кино өнері саласындағы басты оқиғалардың бірі «Оскар» сыйлығын табыс етудің 88-ші салтанатты шарасын тамашалады.

Осы жолы Том Маккартидің «В Центре внимания» фильмі үздік фильм және үздік сценарий аталымында «Оскар» сыйлығына ие болды. Бұл туынды АҚШ-тағы мәжбүрлеп жыныстық қатынасқа салу төңірегіндегі қылмысты шынайы журналистік тергеу төңірегінде өрбиді. Бостон газетінің тілшісі католик шіркеуі өкілдері айыптаған педофилдің бет-бейнесін әшкере қылады.

Ал үздік ер адам рөлі үшін берілетін «Оскар» сыйлығы бұл жолы «Выживший» драмасында аңшы Хью Гластың рөлін сомдаған Ленардо Ди Каприоға бұйырды. Бұл актердің өнер жолындағы алғашқы мүсіншесі. Бұл оған дейін де аталған сыйлыққа 5 мәрте актер ретінде және 1 рет продюсер ретінде ұсынылған болатын. Айта кетерлігі, Лео арманына жетіп «Оскар» сыйлығын иеленген кезде Twitter желісін пайдалануышар 1 минуттың ішінде 440 мыңнан астам шағын жазба қалдырып, шағын блоктағы жаңа рекордты орнатты.

Үздік әйел рөлі «Комната» фильмінде басты рөлде ойнаған Бри Ларсонға берілді. Фильм сюжеті жылдар бойы 5 жастағы баласымен тар бөлмеде қамалған белгісіз әйелдің тарихынан сыр шертеді.

Киноакадемияның шешімімен үздік режиссер деп «Выживший» фильмі үшін мексикандық Алехандро Гонсалес Иньярриту танылды. Ал онымен бірге жұмыс істеген мексикандық кинооператор Эммануэль Любецки үздік операторлық жұмысы үшін «Оскар» сыйлығына лайық деп танылды.

Режиссер Джордж Миллердің «Безумный Макс: Дорога ярости» мынадай алты аталымда үздік атанды: «Суретші-қоюшының үздік жұмысы», «Үздік костюмші», «Үздік монтаж», «Үздік грим және шаш үлгісі», «Үздік дыбыс» және «Дыбысты үздік монтаждау».

«Үздік ән» мүсіншесін 23 жастағы әнші Сэм Смит пен Джимми Нейпс «007: Спектр» фильміндегі «Writing's on the Wall» әні үшін алды. Ал Америка киноакадемиясының «Шетел тіліндегі үздік фильм» аталымындағы сыйлығы венгерлік режиссер Ласло Немештың «Сын Саула» фильміне берілді.

Шенген төңірегіндегі шырғалаң

Бейсенбі күні Дания үкіметі Еурокомиссияны 3 сәуірге дейін елге құжатсыз мигранттар ағынының алдын алу үшін Германиямен арадағы шекарасында бақылау енгізу мерзімін ұзартатындығын құлақтандырды.

«Бүгін таңертең Еурокомиссия дат билігінен 2016 жылдың 3 сәуіріне дейін ішкі шекарадағы уақытша бақылауды ұзартатындығы туралы хат алды», - деп мәлім етті Еуропалық комиссияның ресми өкілі Наташа Берто сол күні өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Іріктелген төлқұжат бақылауы Германиядан жолаушылар пойызымен, автобуспен және теңіз паромымен келетін азаматтарға қатысты енгізілгені аталып өтілген.

Ел үкіметі уақытша шекаралық бақылауды 4 қаңтар күні Таяу Шығыс пен Африка елдерінен келетін мигранттар легінің өсіміне жауап ретінде енгізген болатын. Есте болса, Швеция да Даниямен шекарасында төлқұжат бақылауын енгізген еді.

Бір күн бұрын Стокгольм швед-дат шекарасындағы бақылауды 30 күнге ұзартуға ниет танытып отырғанын хабарлаған болатын. Мұндай мәлімдемені елдің Миграция мәселелері жөніндегі министрі Морган Юханссон шведтің «Expressen» газетіне берген сұхбатында айтқан-ды. «Егер біз шекаралық бақылаудан бас тартар болсақ Швецияның ішкі қауіпсіздігі мен тәртібіне қатер төну қаупі әлі де бар», - деді Юханссон.

Оның атап өтуінше, бұл шараны қабылдаудағы басты себеп елге келіп жатқан босқындарға баспананың жетіспеушілігі және олардың санының осы жылдың ішінде күрт артып кетуі болып отыр.

«Ағымдағы жылдың қаңтарында Түркиядан Грекияға ағылған босқындардың саны өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 10 есе көп болды. Біз босқындарға арналған баспаналардың лық толуы жағдайында тұрмыз», - деген еді ол.

Осыдан біраз уақыт бұрын ғана босқындарды құшақ жая қарсы алған Швеция да ендігі уақытта рекордтық көрсеткішке жеткен мигранттар легімен күресе алмайтындығын мәлімдеді.

Стокгольм мен Копенгагеннің шешімі жария етілгеннен кейін Бельгия мен Францияның шекарасында да шекаралық бақылау режімінің ұзартылатындығы туралы ақпарат еуропалық қоғамдастық үшін тосын хабар болмағаны түсінікті.

Брюссель 23 ақпаннан бастап көрші елдермен шекарасын жабуын 10 күндік мерзімге ұзартатындығын жариялады. Елдің мұндай қадамға баруына Францияның Кале қаласы тұсындағы шатырлық лагерлер сүрілетіндігі туралы шешім қабылдағаннан кейін босқындардың көбею мүмкіндігі себеп болды.

Айта кетерлігі, дүйсенді күні Франция билігі Каледегі мигранттар лагерлерін сүру жұмыстарына кіріскен еді. Жергілікті биліктің мәліметтеріне сәйкес сүрілуі тиісті лагерлерде мыңға жуық босқындар тұрып жатыр.

Айта кетерлігі, Дания, Швеция және Бельгиядан бөлек Норвегия, Австрия, Германия және Франция елдері өз шекараларындағы төлқұжат бақылауын жүргізуде.