ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Шотландиядағы референдум Еуропаның қуатты бірлестікті сақтап қалуға ұмтылысын паш етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада әлем назары Шотландияның тәуелсіздік жолында өткізген референдумына ауған болатын. Өйткені, Бұл өңір Ұлыбританиядан бөлініп, жеке отау тігер болса, онда Еуропадағы бірқатар елдің жік-жік бөліну қауіпін жақындата түсері айқын жай еді. Мәселен, шотландықтар егемендігін алып, тәуелсіз ел ретінде әлемдік тарихтан мығым орын алған жағдайда испандық каталондар мен баскилер, бельгиялық фламандықтар, британдық ирландықтар да осы жолды таңдауы бек мүмкін еді.
Сонымен Шотландияның тәуелсізігі мәселесіне қатысты референдум 2014 жылдың 18 қыркүйегі күні өткізілді. Онда Шотландияда тұрақты тұратын Ұлыбритания мен Еуропалық одақ азаматтары «Шотландия тәуелсіз ел болуы қажет пе?» деген сауалға «иә» не болмас «жоқ» деп дауыс беруі тиіс-тін. Референдумға 18 жастан асқан 4,2 млн. азаматтың, сонымен қатар 16 мен 17 жастағы 100 мың жасөспірімнің қатысу құқығы болды.
19 қыркүйек күні таңертең барлық дауыс саналып, нәтижесінде дауыс берушілердің 55,3 пайызы елдің тәуелсіздік алуына қарсы шықса, егемендік алуға пейілді азаматтардың саны 44,7 пайызды құрады. Дауыс беруге құқы бар азаматтардың 84,51 пайызы өздерінің азаматтық ұстанымын білдірді. Осылайша, Шотландия алдағы уақытта да Ұлыбританияның құрамында қала беретін болып шешілді.
Айта кетерлігі, Шотландияның Ұлыбританя құрамында болуының заңдылығына қатысты мәселе сонау 1707 жылдың өзінде, Англиямен одақтастық келісімі жасалғаннан бері күн тәртібінен кеткен емес. Шотландияның бөлінуі саяси деңгейде 1930 жылдан бастап қозғала бастады. Бірақ, сол жылдары құрылған Шотландия ұлттық партиясы тұтас мемлекет аясындағы автономияны кеңейту мәселесін көтерген-ді.
Тәуелсіздікті жақтаушылардың ұмтылысын қамшылай түскен жайттардың бірі 1970 жылдардың басында Шотландия жағалауындағы Брент мұнай кен орнының табылуы болғандығы сөзсіз. Бастапқыда шотландықтар Шотландия парламентін құру, жергілікті қаржыны, оның ішінде мұнайдан түскен көл-көсір ақшаны ішінара болса да өздері басқару құқығын алу туралы ғана армандай бастаған болатын. Алайда, ел парламентінің құрылуының өзі 30 жылға созылғанын ескерсек, мұнайдан түскен қаржыны ішінара болса да өздері басқару құқығының әлі де болса арман болып қала беретіндігі түсінікті жайт сияқты. Ал тәуелсіз ел болуға ұмтылысты 2007 жылы Шотландия ұлттық партиясының көшбасшысы Алекс Сэлмонд бастап берді.
Осыдан кейін, нақты айтқанда 2012 жылдың 15 қазанында Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон мен Шотландия автономдық үкіметінің бірінші министрі Алекс Салмонд 2014 жылдың күзінде Шотландияның тәуелсіздігіне қатысты референдум өткізу тәртібін айқындайтын келісімге қол қойды.
Референдум қорытындысы жария етігеннен кейін Ұлыбританияның Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон Шотландия өкілеттігі кеңейетіндігіне уәде берді. «Шотландияда конституциялық уәдеге сеніміздікпен қарайтындықтарға мынаны айтуға мүмкіндік беріңіздер: өкілеттік кеңейту турал тапсырма қазіргі іс басындағы үкіметтің алдыға жүктелді, ал оны келесі парламент қабылдайтын болады (парламенттің жаңа құрамы 2015 жылғы сайлаудың қорытындысы негізінде жасақталады)», - деді Д.Кэмерон.
Бұған қоса, британдық премьер Лондоннның шотландық үкіметке салық, бюджет шығыстары және әлеуметтік қамту салаларындағы өкілеттікті беру туралы өз міндеттемелерін толығымен орындайтындығын мәлімдеді.
Сонымен қатар Д.Кэмерон Уэльске, Англия мен Солтүстік Ирландияға кеңейтілген өкілеттік беруге уәде етті. «Шотландия үшін жаңа әрі әділ реттеу шаралары Біріккен Корольдіктің басқа да бөліктеріне таралуы әділ шешім деп бағалаймын», - деп жазды Ұлыбритания Министрлер кабинетінің басшысы Facebook-тегі өз парақшасына.
Көптеген елдердің, оның ішінде Еуроодақ пен НАТО-ның басшығы да Шотландия қабылдаған шешімді құптап отыр. Мәселен, Еурокомиссия төрағасы Ж.Баррозу: «Мен шотланд халқының Біріккен Корольдіктің тұтастығын сақтау туралы шешімін құптаймын. Бұл нәтиже біріккен, ашық және қуатты Еуропа үшін өте жақсы. Мұны Еурокомиссия да қолдайды», - деді.
Ал НАТО Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен НАТО-ның шотланд халқының таңдауына құрметпен қарайтындығын айтуда. «Ұлыбритания НАТО-ны құрушылардың бірі және ол біздің альянстың күш-қуатын одан ары сақтауда маңызды рөлге ие бола беретіндігіне сенімдімін», - деді ол.