ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Шпиондық жанжал жаңғырығы және «барлық билік әскерилерге»
Мемлекет жауы
Халықаралық тәжірибеде соңғы онжылдықтың ішіндегі теңдессіз оқиға Боливия Президенті Эво Моралес төңірегінде өрбіді. 3 шілде күні Еуропаның бірқатар мемлекеті Мәскеуден ұшып шыққан президент ұшағына өздерінің әуе кеңістігі арқылы ұшуына тыйым салды. Еуропа елдері мұндай қадамға мемлекет басшысы ұшағында америкалық арнайы қызметтің іс-әрекеттерін әшкере еткен Эдвард Сноуден болуы мүмкін деген күдікпен барған еді.
Нәтижесінде президенттің әуе кемесі Австрияға жіберіліп, бұл елде Э.Моралес 13 сағаттан астам уақыт уақытша тоқтауына тура келді. Сәл кейінірек белгілі болғандай, осы уақыт аралығында австриялық билік ұшақты тексеруге талаптанған көрінеді.
Ресми Сукре ел президентінің ұшып өтуіне шектеу қойған бірқатар еуропалық елдің мұндай шешімдерін қатаң сынға алды. Мұндай шара халықаралық қарым-қатынастардың түбегейлі ұстанымдарына қарама-қайшы келетіндігі әрі мемлекет басшысының өмірі қауіп үстінде болғандығы атап өтілген. Латын Америкасының бірқатар елдері де өз қарсылықтарын білдірді. Осы оқиғаға байланысты Э.Моралес Ла-Пастағы АҚШ елшілігінің жабылуы мүмкін екендігі туралы мәлімдеме жасады.
АҚШ арнайы қызметінің әрекеттерін әшкерелеуші қай елді паналайтындығы туралы әлі нақты шешімге келмей жатып-ақ жаңа шпиондық жайттардың жария етілгендігі белгілі болды. Францияның Le Monde газеті арнайы тергеу амалдарын жүргізіп, американдық Prism-мен сәйкес келетін тыңшылық жасаудың халықаралық коммуникация жүйесі жұмыс істейтіндігін анықтады. Францияның арнайы қызметі де телефон қоңырауларын, шетелден жіберілген мәтіндер мен электронды хабарламаларды жазып алып отырған. Бұл жүйе заңсыз әрі құпия жұмыс істейді. Дегенмен оның қызметі лаңкестік ұйымдарды анықтауға бағытталған.
Бүгінгі таңда АҚШ тарабынан тыңшылық жасау туралы мәселе әлемдік саяси жанжалдардың барлық ерекшеліктерін қамтыды десек те болады. Еурокомиссия ресми Вашингтоннан еуропалық институттар ғимаратындағы шпиондық фактілер мүмкіншілігі жайындағы ақпаратқа қатысты ресми жауап күтуде.
Еурокомиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозу қауіпсіздік қызметтеріне барлық жұмыс мекемелерінен шпиондық құралдардың бар-жоғын анықтау үшін толық тексеру жүргізуге тапсырма берді.
Еуропалық кеңселерде жүргізілген тыңшылық жайлы ақпараттар тарағаннан кейін француз тарабы Париждің ЕО мен АҚШ арасындағы еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздерді уақытша тоқтатуға ниетті екендігін мәлім етті.
Күні кеше Венесуэла президенті Николас Мадуро экс-шпионды жақтап шыға келді. Ол әшкерелеушіге Венесуэла аумағынан саяси бассауға ұсынды. Бұдан сәл ертерек Никарагуа президенті Даниэль Ортега да Э.Сноуденге пана болуға дайын екендігін білдірген болатын. Ал Сноуденнің өзі болса, міне бір аптадан астам уақыттан бері Мәскеудің «Шереметьево» әуежайының транзиттік аумағын паналап жүр.
Барлық билік әскерилерге
Мысырда ел президенті Мұхаммед Мурсидің жақтастары «Мұсылман бауырлар» қозғалысының мүшелері мен либералды оппозиция арасындағы қақтығыстарға байланысты кикілжіңдер шиыршық атып келеді. Жаппай толқулар М.Мурсидің президенттікке сайланғанына 1 жыл толу қарсаңында, өткен аптада басталды әрі қазірдің өзінде ондаған адам мерт болды.
Соңғы уақытқа дейін елдеі ахуал бақылаусыз өрбіген болатын. Тек 3 шілде күні ғана бұл жанжалға әскерилер араласты. Нәтижесінде М.Мурси президенттік биліктен шеттетіліп, үйқамаққа алынды. Дәл осы күні конституцияның іс-қимылы тоқтатылды және уақытша мемлекет басшысы билігіне Мысырдың Конституциялық сотының төрағасы Адли Мансур келді.
Әскерилер бұл жанжалға араласуын саяси дағдарысқа соңғы нүкте қоюға ниеттестіктен туындап отыр деп түсіндіруде. Сонымен қатар олар жаңа сайлаудан кейін елдегі тыныс-тіршілік қалыпты арнаға түсетіндігіне де уәде беруде.
Президент жақтастары өздерінің көшбасшылары қамауда отырған казармаға басып кіруге талпыныс жасаған болатын. Дегенмен, қалың халық казармаға бет алғанда әскерилер қару қолдануға мәжбүр болды. Кеше Мысыр армиясы экстремистердің шабуыл жасауының алдын алу үшін танымал шипажайлар молынан шоғырланған Синай жарты аралының оңтүстігінде төтенше жағдай режімін енгізді.