ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сирия жанжалы - өңірдегі жергілікті қақтығыстар мүмкіндігі

АСТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіндегі халықаралық оқиғалар саласында Таяу Шығыстағы қалыптасқан оқиғаларға жаңа беталыс ерекше есте қалды.
None
None

Осы апта ішіндегі барынша көрсеткіші жоғары тезистердің бірі Түркия үкіметінің басшысы Тайып Ердоғанның Анкара Сириямен соғысты қаламайтындығын, бірақ елдер арасындағы әскери қақтығысты да жоққа шығармайтындығын жария еткен екіұшты мәлімдемесі болып қалатын шығар, сірә.

Онсыз да күрделі ахуал қалыптасып отырған елдер арасындағы өте тартысты қарым-қатынасқа Сирия тарабының түрік аумағын атқылап, соның салдарынан бейбіт тұрғындар, оның ішінде сәбидің қаза табуы шиеленісті арттыра түсті.

Сирия басшылығының бұл оқиғаға байланысты ресми кешірім сұрап, кінәлілерді табуға уәдені үйіп-төгуіне қарамастан Анкара бұл күндері шешімді қадамдарға барды. Осы аптада Түркия парламенті елден тысқары аумақта ұлттық қарулы күштерді қолдану мүмкіндігі туралы құжат жобасын мақұлдады. Бұл іс жүзінде сириялық шиеленіске қатысты Анкараның біржақты іс-қимыл жасауына мүмкіндік береді.

Сарапшылардың атап өтуінше, қабылданған шешімге сәйкес, үкімет үшінші ел тарабынан басқыншылық шабуыл орын алған кезде қарымта іс-қимылдардың әрбір жоспарын парламенттің мақұлдауын қажет етпейтін болады. Бұдан бөлек Түркия мүддесіне орай шабуыл жасау үшін басқа да мүдделі тараптармен коалицияға кіру Анкараның атқарушы билігінің прерогативі болып қала береді.

Белгілі болып отырғанындай, сәрсенбі күні кешкісін Сирия тарабы Түркияға артиллериялық снарядтар жаудырып, елдің оңтүстік-шығысына жарылған бомбалардың салдарынан 5 адам қаза тауып, 11 адам жараланған еді.

Қазанның 3-інен 4-іне қараған түнде Түркия Сирияға қарсы жауап ретінде артиллериядан оқ жаудырды. Түрік үкіметі таратқан мәлімдемеде: «түрік артиллериясы ұрыстар жүргізу ережесіне сәйкес, түрік радарлары анықтаған нысандарға оқ жаудырды», - делінген. Апта соңында сирия шекарасына түрік танкілері, зымырандық батарея мен артиллерияның қосымша күштері шоғырлана бастағандығы белгілі болды.

Түрік-Сирия шекарасында орын алып отырған ахуалға байланысты НАТО отырысы өтті. Солтүстікатлантикалық альянс Сирияның іс-қимылын кінәлап, оның басшысы Башар Асадты «халықаралық құқық нормаларын аяқасты етуді доғаруға» шақырды.  Олар сондай-ақ Дамаскіні өз әскерлерінің іс-қимылдарын бақылауға қабілетсіз деп айып тақты. НАТО ұйымдағы өз мүшесіне қолдау білдіретіндігін ашық айтып, өз одақтастарына қарсы мұндай басқыншылық іс-қимылдарды шұғыл арада доғаруды талап етті. Бұл ретте сириялық биліктің халықаралық құқық ережелерін бұзушы ретінде сипатталғандығын атап өткен орынды.

Мұндай ұстанымды Еуропалық одақ та қолдап отыр. ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштонның мәлімдемесінде ЕО-ның сириялық әскердің түріктің Акчакал шекара маңы қаласына оқ жаудыруын түбегейлі айыптайтындығы баса айтылған.

Сонымен қатар Еуропалық одақ бұл оқиғаның сириялық дағдарыстың көршілес елдерге де қайғылы әрі қауіпті әсер ететіндігін көрсетіп отырғандығын баса айтып отыр.  Дегенмен тараптарды барынша ұстамды болуға әрі зорлық-зомбылықты тез арада тоқтатуға да шақырады.

Сириядағы ахуал әлі де болса Таяу Шығыстағы ең басты проблема болып отыр. Әзірше бір-біріне қарама-қарсы тұрған тараптардың ешқайсы да жағдайды реттеудің тиімді шарттарын дайындай алған жоқ.

Шетелдік мемлекеттер қатыса бастаған оқиғалар жалғасып, сириялық жанжалдың жаңа бөлшегіне айналып келеді.

Өңірлердегі елдер жылдарға созылған жергілікті соғыстың жалынын су бүркіп сөндіре ала ма? Міне бұл әлі де болса ең басты сауал болып қалып отыр.

Соңғы жаңалықтар