ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сирия жанжалы: жаңа бастамалар жаңа үмітке жетелейді

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Халықаралық тыныс-тіршіліктің ағымдағы аптасы Таяу Шығыстағы әскери жанжалдың ушығу қауіп-қатерімен байланысты сырғып барады.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сирия жанжалы: жаңа бастамалар жаңа үмітке жетелейді

Әлемнің көшбасы мемлекеттерінің арасындағы басты дауға айналған жайт 21 тамызда Дамаскі маңындағы қалада химиялық шабуылдың жасалуы болатын. Трансатлантикалық топтың басты ойыншылары АҚШ, Канада, Франция, Ұлыбритания қарудың тыйым салынған түрін қолдану жауапкершілігін сириялық режімге әрі президент Башар Асадтың өзіне жүктеген болатын. Бұл елдер Сириядағы шиеленіскен ахуалды реттеудің жалғыз жолы әскери операция жүргізу деген ұстаным төңірегінде топтасқан. Дегенмен, бірқатар басқа мемлекеттер, атап айтқанда, Ресей мен Қытай БҰҰ мүшесі ретінде мұндай қадамға вето қою құқығын пайдаланып, жанжалды тек қана сұхбаттастық арқылы шешу қажет, ал химиялық қару қолдану фактісін тыңғылықты тергеу қажет деп санайды.

Соңғы 2 апта бойы Сирияға соғыс операция жүргізу мәселесі күн тәртібінен түспей, күдік күшейе түсті - таяу сағаттың ішінде шабуыл басталады деген ақпараттар да дүркін-дүркін жария етіліп отырды. Ақ үй жоспарына сәйкес шабуыл АҚШ Әскери-теңіз күштерінің кемелерінен жіберілген қанатты зымырандардың нақты соққы жасалуы тиіс болатын. Сонымен қатар Б-52 дәне Б-2 стратегиялық бомболаушы ұшақтармен де шабуылдау қарастырылған-ды. Мұндай шабуылдар сериясы Асад күшін жоюмен қатар оппозиция күштеріне Дамаскіні басып алу және бүкіл инфрақұрылымды бақылауына қарату үшін мүмкіншілікті де берер еді.

Дегенмен де осы апта ішінде әскери соққы сценарийін жақтаушылар үшін тосыннан проблеманы шешудің жаңа нұсқасы туындады. Дүйсенбі күні АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри жанжалды реттеудің оңтайлы тәсілдерінің бірі ретінде Дамаскінің химиялық қарудан тарту мүмкіндігі бола алатындығын айтып қалды. Алайда, сәл кейінірек, АҚШ-тың сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты асығыс жоққа шығарып, бұл тек риторикалық болжам болғандығын хабарлап, ақталуға тырысты.

Әрине, мұндай ұсынысты қалт жібермеген Ресей оны түрлендіріп, ресейлік бастамаға айналдырып жіберді. Нақты айтқанда, бір-екі күннің ішінде-ақ қаруды халықаралық күштер бақылауына беру, Сирияны химиялық уландырғыш заттарды әзірлеуге және қолдануға тосқауыл қою туралы конвенцияға қосылуға шақыру туралы ұсыныс қамтылған «ресейлік бастама» дайындалды. Одан құтқарылудың соңғы үмітін байқаған Дамаск бірнеше сағаттың ішінде-ақ жаңа шартты қабылдауға дайын екендігін ресми жария етті. Ахуалдың бейбіт арнада өрбуіне ықпал етуге РФ Президенті Владимир Путин де ұмтылып, «The New York Times» газетінде мақаласын жариялау арқылы американдықтарға үндеу жасады.

Жаңа бастамаға көптеген елдер, оның ішінде Германия, Франция, Иран, Ұлыбритания, Жапония, сонымен қатар Қазақстан да қолдау білдірді. БҰҰ, НАТО ШЫҰ, Араб мемлекеттері лигасы сынды халықаралық ұйымдар да өздерінің қызығушылық танытып отырғандықтарын қуаттады.

Вашингтон да бұдан тыс қалған жоқ. Бастаманы ескерген АҚШ Президенті Барак Обама химиялық шабуылды зерделеуге қатысты БҰҰ инспекторларының шешімін күтуге дайын екендігін мәлімдей отырып, Конгреске Сирия бойынша дауыс беруді кейінге шегере тұру жайында өтініш жасады. Дегенмен ол әлі де болса БҰҰ-ны орағытып, Сирияға соққы жасау мүмкіншілігін жоққа шығармайды. Мұндай сценарий егер Сирия химиялық қару бойынша өз міндеттемесін орындамаған жағдайға дайын тұр.

Осы сағаттарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Сирия бойынша қарар жобасына Париж, Вашингтон және Лондон енгізген өзгерістерге байланысты консультация өтуде.

Құжат Сирия билігінен химиялық уландырғыш заттар сақталатын орындарға шектеусіз кіру мүмкіншілігін және халықаралық мамандарға кез келген қойманы жоспардан тыс тексеру құқығын беруді талап етеді. Дамаскі мұндай міндеттемелерді орындамаған жағдайда да ҚХР мен РФ-нің табандап тұруының нәтижесінде әскери араласу туралы тармақ алынып тасталады деп күтілуде.

Байқаушылардың пайымынша, қазіргі таңдағы ахуалға орай Сирия бойынша күн тәртібі өзгерді. Бұл ықтимал соққы мерзімін кейінге ысыруға мүмкіншілік және бейбіт сұхбатты жалғастыру үшін жаңа реңк берді. Әскери операцияны жақтаушылар өз ұстанымдарын жаңартуға мәжбүр әрі сырттан килігу үшін лайықты дәйектер іздеуге тырысуда.