ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сириядағы химиялық қару - жанжалдың бұрылысты сәті

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық тыныс-тіршіліктегі маңызды саяси оқиғалар қатарында Сириядағы жанжалды одан ары реттеу мәселесі көтерілді.
None
None

Міне, осымен 2 жылдан астам уақыттан бері елде үкіметтік әскер мен оппозиция арасындағы қарулы-қақтығыстар тыншыр емес. Қалалардың басым бөлігі қираған. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметтеріне сәйкес, осы уақыт аралығында 70 мыңнан астам адам мерт болса, олардың 50 мыңы бейбіт халық, 1 миллионнан астамы босқынға айналған.

Халықаралық қоғамдастық ахуалға ықпал ету үшін тырысып бағуда, алайда бұл мәселедегі ауызбіршілік те байқалатын түр көрсетпейді. Дүйсенбі күні Люксембургте Еуроодақ елдерінің 27 сыртқы істер министрлерінің кездесу қорытындысы бойынша ЕО «оппозиция мен бейбіт тұрғындарды қолдау үшін» Сирияға қарсы бірқатар экономикалық санкцияларды әлсіретуге шешім қабылдады. Аталған құжатқа сәйкес үкіметке қарсы санкция өз күшінде қалады, ал мұнай тек оппозициялық күштерден ғана сатып алынады. Аталған шешім аясында мұнай мен мұнай өнімдерін импорттауға, Сирияға мұнай мен газ үшін негізгі технологияларды экспорттауға, сонымен қатар сириялық мұнай өнеркәсібін инвестициялауға рұқсат берілді.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауы бойынша, 2011 жылдың наурызында эмбарго енгізілген кезден бергі аралықта Сирияда мұнай өндіру көлемі шамамен үш есеге қысқарды. Бұл орайда сириялық мұнайдың 95 пайызы Еуропаға экспортталғаны белгілі.

Сондай-ақ Сирияда химиялық қарудың қолданылу мәселесі де жалғасуда. Сирия үкіметі 19 наурыз күні оппозиция Алеппо өлкесінде химиялық қаруды қолданды деп мәлімдеуде. Дегенмен оппозиция бұған қарсы шығып, үкіметтік әскердің өздерімен күресте химиялық қаруды іске қосқандығын айтуда.

Осы аптада израильдік БАҚ әскери барлау мәліметтеріне сүйеніп, сириялық үкіметтік әскер оппозицияға қарсы соғыстар барысында бірнеше рет химиялық қаруды қолданғанын жазуда. Өз кезегінде Ақ үй мен Пентагон американдық барлаудың мәліметтері бойынша Сирия билігі «шағын көлемде» химиялық қаруды қолдана алды деп мәлімдеді.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Дамаскіні аталған қарудың қолданылуы туралы мәлімдеме аясында бүкіл ел аумағында химиялық қару бойынша инспекцияны еркін кіргізуге келісім беруге шақырды.

Химиялық қару туралы мәселе Сириядағы жаңа өзгерістер үшін бастапқы нүкте болуы ықтимал. АҚШ Президенті Барак Обама сәл ертерек өзара жанжал барысында химиялық қару қолдану халықаралық қоғамдастық үшін «ойын ережесін» өзгертіп жіберетіндігін ескерткен еді. Жұма күні конгрессте өткен тыңдаулар барысында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри сириялық биліктің химиялық қаруды қолдану туралы мәліметтер айқындалған жағдайда АҚШ-тың оппозицияға қару жеткізуді бастайтындығын немесе ұшусыз аймақ енгізетіндігін хабарлаған болатын.

Бүгінде әлемдік қоғамдастық Сириядағы ахуал ливиялық сценарий бойынша өрбімейтіндігіне үміт артуда. НАТО Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен мәлім еткендей, альянс әзірше Сирия аумағы бөлігінде ұшусыз аймақ енгізуді жоспарлап отырған жоқ. Бұған қоса, батыс ахуалдың кез келген сәтте өзгеруі мүмкін екендігін жоққа шығармайды, ал бұл жедел шешімдерді қажетсінеді.

Таяу аралықта Сирияда химиялық қарудың қолданылғаны туралы ақпаратқа ие БҰҰ сарапшылары елге сапарлауды жоспарлап отыр.

Сәл еретерек британдық МИ-6 барлаушысы Сириядан улаушы заттардың ізі бар топырақты жеткізген болатын. Алдын ала болжам бойынша, қақтығыстар барысында зарин газы қолданылуы мүмкін.

Толықтай алғанда, Сириядағы ахуал қандай да бір айқын шешімдер перспективасынсыз бұлыңғыр болып отыр. Халықаралық қоғамдастықтың бір бөлігі Сирияда саяси реттеудің баламасы жоқ және ол билік пен оппозицияның арасындағы инклюзивті сұхбаттастық нәтижесінде ғана қол жеткізілетін ұлттық келісімге ғана арқа сүйей алады деп санайды. Ал Батыс елдері Дамаскінің қазіргі билігі өз өкілеттігінен бас тартып, оппозицияны билікке жіберу қажет деген пайымда.

Соңғы жаңалықтар