ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сириядағы химиялық шабуыл - басқыншылық жолында жүздеген құрбан
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық тыныс-тіршіліктегі ахуал Сирияда орын алып жатқан жайсыз хабарлардың дүркін-дүркін жетуімен есте қалмақ.
Осы сәрсенбіде бірқатар араб телеарналары Дамаскіге тақау орналасқан Ирбин шаһарында химиялық қарудың кең ауқымда қолданғаны туралы ақпарат таратты. «Зарин» газынан қаза тапқандар саны 600 адамнан асып жығылады. Араларында көптеген балалар бар қаза тапқандар туралы кадрды бүкіл әлемнің басылымдары жарыса жариялады.
Сирия ұлттық коалициясының ресми өкілі Халед Салехтің мәлімдеуінше, шабуыл салдарынан 1188 адам, оның ішінде екі жүзден астам бала қаза тапқан. Өз кезегінде сириялық билік ресми түрде аталған оқиғаға қандай бар қатыстылығы бар екендіктерін жоққа шығарып, шабуыл жайлы ақпаратты БҰҰ миссиясының келуі қарсаңында оппозияция қасақана жасады деп атап көрсетті.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл кеңесінің нәтижесінде, аталған жиынға қатысушылар Дамаскі түбіндегі химиялық шабуыл турасында ақпаратқа барынша алаңдаушылық танытатындықтарын білдірді. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ян Элиассонның мәлімдеуінше, шабыл туралы ақпарат тыңғылықты тергелу тиіс, дегенмен, мұндай шараларды елде соғыс іс-қимылдары тоқтамай жүргізу мүмкін емес. Ал БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун аталған оқиғаны кідірместен тергеуге шақырды. Ол Сирия үкіметіне оқиға орын алған жерде БҰҰ инспекторларының тергеу жүргізуіне еш кедергі болмауын қамтамасыз етуді өтінді.
Химиялық шабуылдан кейін батыстағы одақтастар Сирияның қазіргі режіміне қатысты күш-қуат сценарийін қолдану қажеттігі туралы сөз қозғай бастады. Франция сыртқы істер министрлігі БҰҰ-ны орағытып өтетіндей жағдай туындайтын болса, онда әскери басқыншылық жасау керектігін алға тартуда. Ал Ұлыбритания СІМ-і химиялық шабуылды негізінен Башар Асад режімінің қолымен істелген қылмыс деп атады. Жұма күні Вашингтон тарабынан да мәлімдеме жасалды. Онда қазіргі уақытта Сирияға күш қолдануды қоса алғандағы барлық іс-қимыл мүмкіншіліктері қарастырылып жатқандығы айтылған.
Айтпақшы, сәл ертерек шілдеде АҚШ Конгресі Сирия оппозициясына атқыш қару-жарақ жеткізуге өз келісімін берген еді. Штаттардың әскери іс-қимыл жоспар дайындап жатқандығы, онда сириялық армия нысандарына қашықтан соққы беру, сонымен қатар ел әуесіне ұшуға тыйым салынған аймақ енгізу мәселесі қарастырылатындығы хабарланған болатын. Американдық БАҚ-тардың ақпаратына қарағанда, Ақ үй Сирияға Иордания арқылы қару-жарақ жеткізу есебінен оппозиция мен сириялық үкіметтің жауынгерлік мүмкіншіліктерін 4-5 айдың ішінде теңестіруге үміт артып отыр. Кеше Ақ үй өкілі Джош Эрнест АҚШ тарабынан оппозицияға көмек «Өрлеу траекториясы бойынша» жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.
Орын алған жайтқа байланысты Ресей Сирияны БҰҰ инспекторларын химиялық қару қолданылған орынға жіберуге шақырды. Ресейлік тараптың мәліметтеріне қарағанда, улайтын заттары бар химиялық зымыран бүлікшілер иелік етіп отырған позициядан жіберілген. Ресей СІМ-нің ресми өкілі Александр Лукашевичтің мәлімдеуінше, Сирия әскері Дамаск түбіндегі химиялық қару қолдануға айыпталатын материал оқиға болмастан бұрын дайындалған және бұл қылмыстық әрекет нақты арандатушылық сипатқа ие.
Бақылаушылардың бағалауларына қарағанда, соңғы химиялық шабуыл ағымдағы жылдың маусымында халықаралық араағайындықтың арқасында қол жеткізілген Женевада өтуі тиісті Сирия бойынша кезекті халықаралық конференция жұмысына кедергі келтіру мақсатында жасалуы мүмкін. Стратегиялық тұрғыда химиялық шабуыл Сирия басшылығына кезекті соққы болып саналады және күш қолдану сценарийін жақтаушылардың нақты қадамға баруына түрткі.
Толықтай алғанда, сарапшылар сириялық үкіметтік күштер тарапынан химиялық шабуылдың жасалуы мүмкіндігін қарастыруда, бірақ бұл нұсқаға олардың өздері де нық сенімді емес. Президент Башар Асад бастаған қазіргі режімге химиялық қару қолдану мүлдем тиімсіз. Өйткені бұл жайт елдегі жанжалға НАТО коалициясы елдері әскерлерінің араласуына әкеліп соғады. Ал бұл жағдайда Асад басына қара бұлт үйірілуі мүмкіндігі тым жоғары.
Ал тактикалық тұрғыда, үлкен аумақта орналасқан нақты тұлғаны не болмаса топты іріктеп алып, химиялық қарудың қолданылмайтындығы айдан анық. Егер, үкімет содырлар тобының көзін жою үшін бейбіт тұрғындарды құрбандыққа шалуға барса, онда бұл ресми Дамаскі шақырып отырған ұлттық бірлік, бауырластық жолындағы күрестің тәуекелі басым қадам болмақ.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Ресей мен Қытай бұл жолы да сириялық проблеманы жанжалдасушы тараптар мен халықаралық араағайынның сұхбаты арқылы ғана шешуді жақтап отыр. Күні кеше ғана БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун «Женева-2» кездесуін өткізу үшін барлық техникалық әрі логистикалық мәселелердің толығымен қарастырылғандығын атап өткен-ді. Тек сириялық билік пен оппозицияның аталған жиынға қатысуға дайын екендігі туралы мәселе ғана шешілмей отыр. Дегенмен, сириялық жанжал төңіргенде орын алып отырған ахуал құтқару диалогының әлі де болса кейінге шегерілетіндігін аңғартса керек.