ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сириядағы қақтығыс - жаһандық жиһадтың жаңа майданы

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан бұл аптадағы негізгі саяси трендтер араб әлемі елдеріндегі ахуалдың өршуіне байланысты болды.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сириядағы қақтығыс - жаһандық жиһадтың жаңа майданы

Мысырдың экс-президенті тұтқында

26 шілде, жұма күні тақтан тайдырылған Мысырдың президенті Мұхаммед Мурсидің тағдыры белгілі болды. Каир соты оны 15 тәулікке қамауға алып, тыңшылық және шетелдік «Хамас» пен «Хезболла» ұйымдарының пайдасына көмек көрсетті деген ресми айыптар жасады.

Естеріңізге сала кетейік, маусымда Мысырдың бірқатар қалаларында үкіметке қарсы жаппай наразылық басталды. Митингілердің соңы тәртіпсіздік әрекеттеріне ұласып, қақтығыстар барысында адамдар опат болды.

3 шілдеде Мысыр армиясы ел президенті Мұхаммед Мурси биліктен шеттелгенін және жақын арада билікті тапсырудың «жол картасы» қабылданатынын мәлімдеді. Генерал Абдель Фатах әл-Сисси Мысырдың ұлттық телеарнасының эфирінен мемлекетте конституцияның күші уақытша тоқтатылғанын, президент М.Мурси орнынан түсірілгенін және жуық уақытта мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлаулар өтетіндігін мәлім етті.

Сол күннің екінші жартысында Мысыр армиясы президент М.Мурси мен «Мұсылман бауырлар» саяси ұйымының жоғары басшылығының өкілеттіктерін шектеу бойынша әрекеттерді бастады. Атап айтқанда, Каирдегі президент сарайына жақын жерде әскери қоршаулар орнатылып, броньды техникалардың тартылуымен ұлттық армия қарулы күштерінің шеруі өтті.

Мысырдың ұлттық қауіпсіздік органдары президент Мұхаммед Мурсидің елден шығуына тыйым салды.

Мысырдың Конституциялық сотының басшысы Адли Мансур елдің уақытша президенті ретінде ант қабылдады. Әскерилердің жоспары бойынша мемлекетте президенттік сайлау өткенге дейін Мансур ел тізгінін ұстайды

Ал осы аптада БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Мысыр әскерилерін тақтан тайдырылған президент Мұхаммед Мурсиді және «Мұсылман бауырлар» қозғалысының өзге көшбасшыларын босатуға немесе олардың істерін дереу сотта қарауға шақырды.

Мысыр Бас прокуратурасының нұсқасына қарағанда, 2012 жылдағы «араб көктемі» оқиғасы барысында М. Мурси өзінің жақтастарымен бірге экстремистермен ымыраласқан. Соңғылары «Вади эль Натрун» абақтысына шабуылды ұйымдастырған деген тұжырым алға тартылуда. Бұл түрмеде «Мұсылман бауырлар» қозғалысының көптеген көшбасшылары болған көрінеді. Бұдан бөлек, Мурсиге экономикалық баптар бойынша қылмыстарға қатысты деген де айыптар айтылуда.

Атап өтерлігі, соңғы уақытқа дейін жоғарыдағы оқиғалардың барлық қатысушылары Мысырда қаһарман санатында болған еді. Бүгінде бұл елдің көшелерінде бірлік пен түсіністіктің ізі де қалмады. Жұма күні Каир көшелеріне жаңа биліктің жақтастары мен олардың қарсыластары шығып, тағы да қақтығыстар орын алды.

Мысырдағы ахуалға қатысты Вашингтонның ресми ұстанымы айқын болмай отыр. Осы күндері Конгресстегі тыңдаулар барысында АҚШ президенті Барак Обаманың әкімшілігі М. Мурсиді биліктен шеттету мемлекеттік төңкеріс емес дегенді жариялайды деп күтілген еді. Алайда соңғы уақытта Вашингтон осы үдерістерге баға бермеу шешімін қабылдады. Бұл өз кезегінде Ақ үй Мысырдағы қай тарапқа назар аудару тұрғысында әлі де айқындала қоймағанын және алдағы болуы мүмкін өзгерістерді күтіп отырғандығын аңғартады.

Сирия - әлемдік жиһадтың жаңа орталығы

Екі жылдан астам уақыттан бері Сирияның үкіметтік күші мен оппозициясының қарсылығы азаматтық соғыстың барлық белгілерімен көрініп отыр. БҰҰ мәліметі бойынша осы уақыт ішіндегі қарулы қақтығыста 100 мыңға жуық адам опат болып, 1,5 миллионнан астам адам босқын мәртебесін алды.

Бүгінгі таңда сириялық шиеленіске көптеген елдерден содырлар тартылғаны белгілі болып отыр. Олар соғысқа қатысып қана қоймай, өздерінің отандастарын «жиһад сүрлеуіне» түсуге шақыруда.

Сейсенбіде израильдік әскери барлау қызметінің басшысы Авив Кохави Вашингтонда консультацияларда болып, Сирияда «әлемдік жиһадтың орталығы» құрылып жатқандығын мәлімдеді. Оның пайымынша, бұл өз кезегінде барша өңірдегі жағдайға айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар ол Сирияның қақтығысты аймағында мыңдаған радикалды моджахедтер өңірден және барша әлемнен жиналып жатқандығын, олар Сирия президенті Башар Асадты тақтан тайдыру мақсатымен қатар діни ислам мемлекетін құру идеясын алға жылжыту үшін бұл елде бекініп отырғандығын сөз етті.

Сәуірде сириялық «Джибхат ан-Нусра» («Жеңіс майданы») лаңкестік тобы «Әл-Каиданың» ирактық қанатымен қосылу жайын жария етті. Қосылған топ «Ирак және Левант ислам мемлекеті» деген атау алып, тек «Әл-Каида» құрылымдарына ғана бағынышты болды.

Бұл бағыттағы ахуал күрестің жаңа майданының пайда болуы тұрғысындағы белгілерін меңзеп отыр. Оның шекарасы Сириядағы қарулы қақтығыс аумағымен ғана шектелмей, Таяу Шығыс және онымен шекаралас өңірлерде идеологиялық қақтығыстың жаңа деңгейіне шығуы мүмкін.