ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сирияға қару жеткізуге арналған эмбарго жойылды - текетірес жаңаша шиыршық атып келеді

Саяси декларацияда ағымдағы жылдың бірінші тамызына дейін Сирияға іс жүзінде қару-жарақ жеткізілмейтіндігі және осы уақыт аралығында аталған мәселеге қатысты түбегейлі ұстаным әзірлеу жоспарланғандығы аталып өтілген. Сонымен қатар қабылданған шешімде Сирияға қатысты басқа да барлық санкцияларды 12 айға ұзарту туралы сөз қозғалады.
Сирияға қару жеткізуге қойылған шектеудің алынуы іс жүзінде қазіргі үкіметке қарсы тұрған көтерілісшілерге батыс елдерінің қару-жарақты заңды түрде жеткізіп беруіне мүмкіншілік ашатындығы белгілі. Ал батыстың Сириядағы жанжалға қатысты ұстанымы президент Башар Асадты тағынан төңкеру екендігі анық.
Дегенмен, ресми Дамаск пен Мәскеудің пайымдауларында ЕО-ның шешімі елдегі жанжалды шешу мүмкіншілігін іздеуге кедергі келтіреді және де толықтай алғанда БҰҰ-ның халықаралық нормаларын аяққа баса отырып лаңкестік пиғылдағы қылмыстық топтарды қолдауға бағытталады дегенге саяды.
Осы апта ішінде ливиялық БАҚ-тың Сирия Президенті Башар Асадтың «Әл-Манар» телеарнасына берген сұхбатында айтқан сөзінен үзінді келтіріп, елге Ресей тарапынан С-300 зениттік зымыраны жеткізілді деген мәлімдемені жария етуімен байланысты ахуал одан әрі күрделене түсті. Сәл кейінірек бұл ақпарат теріске шығарылып, әңгіме тек ресейлік-сириялық келісімшарттың оң режімде орындалып жатқандығы турасында сөз болғандығы мәлім етілді.
Алайда, Сирияның зениттік кешен алғандығы туралы ақпарат Израиль тарапынан шұғыл реакция туындатып, түн ұйқысын төрт бөлуде. Келесі күні израильдік БАҚ елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың бірқатар Еуроодақ елдерінің СІМ басшыларымен кездесуі барысында айтқан сөздерімен жарыққа шықты. Онда Б.Нетаньяху С-300 «ел қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деп атап өтіп, мұндай жағдайда Израиль қол қусырып отыра алмайтындығын ашық айтқандығы баяндалған.
Сонымен қатар Тель-Авивтің қарудың жеткізілуіне кедергі келтірмейтіндіктері, дегенмен С-300 кешендері жауынгерлік кезекшілікке қойылғанға дейін жоятындықтары хабарланды. Әскери қызметшілердің пайымынша, сириялықтар зениттік зымырандар алғаннан кейін Израильдің барлық әуе кеңістігін бақылауға алуымен қатар оны іс жүзінде жауып тастауға да қауқарлы болады. Бұл аталған елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттігіне тікелей қауіп қатер төндіреді.
Жұма күні АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Джен Псаки ресейлік С-300-дың Сирияға жеткізілуі бейбіт үдерісті жақсартуға бағытталмаған қатерлі іс-әрекет деп қарастырылатындығын мәлімдеді. Өз кезегінде Ресей С-300 жеткізу сыртқы күштердің қатысуымен орын алатын жанжалға толы әскери сценарийлерге тосқауыл бола алатын тұрақтандырушы фактор ретінде қарастыратындықтарын мәлімдеді. Бұл ретте зениттік кешен қорғаныс қару-жарағы екендігі баса айтылуда.
Дегенмен, ресейлік тарап С-300 жеткізуді сөз жүзінде ғана қалдырмақ емес. Бүгінгі таңда үкіметттің аты-жөні белгісіз дереккөзінің сөзіне қарағанда, келісімшарттары 2007 және 2011 жылдардың өзінде-ақ жасалып қойған 12 бірлік МиГ-29М жойғыш ұшағы мен 6 бірлік ЯК-130 ұшағын Сирияға жеткізу мәселесі қозғалуда көрінеді. Сонымен қатар ЕО-ның шешімі тек батысқа ғана еркіндік бермейтіндігі, Мәскеуге де сириялық армияны қару-жарақпен қамтамасыз ету мүмкіншілігін ашатындығы аталып өтілуде.
Қазіргі таңда әлемдік қоғамдастық сириялық жанжалды шешуге бағытталған «Женева-2» халықаралық конференциясын өткізуге дайындық үстінде. Оны өткізуге РФ СІМ басшысы Сергей Лавров пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри бастамашы болған еді. Ресми Дамаск бұл жиынға өкілдерін жібермек, алайда Сирияның оппозициялық күштерінің аталған кездесуге қатысу-қатыспауы айқын емес.
Жекелеген бағалаулар бойынша ЕО-ның қару-жарақ жеткізу жөніндегі шешімі салдарынан Таяу Шығыстағы ахуал жаңа сапаға ие болады әрі оның әлеуеті Сириямен қатар басқа да елдерді тұйыққа тіреуге де қауқарлы.