ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сноуденнің әрекеті халықаралық қатынастарға жаңа түзетулер енгізді
МӘСКЕУ. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат - Осы аптада АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденге қатысты оқиға жалғасын тапты.
Естеріңізге сала кетейік, Сноуден маусым айында PRISM жүйесі аясындағы АҚШ-тың арнайы қызметтері жүргізіп отырған электронды коммуникауция арқылы бақылау бағдарламалары жөніндегі мәліметтерді британдық БАҚ өкілдеріне берген болатын. АҚШ-тан кеткен сәтінен бастап ол бірнеше мыңдаған құжаттарды батыс газеттеріне жеткізген, сонымен қатар жаңа мәліметтер әлі де болса жарияланып жатыр. Қазір Сноуден Ресейден бір жылдық уақытша баспана алды.
Еуроодақтың бірқатар елдерінде белгілі интернет-компаниялар, әлеуметтік желілердің тарапынан өз азаматтарына қатысты орын алуы ықтимал бақылау орнату фактілеріне байланысты ресми тергеу амалдары жүргізілуде. Құқыққорғаушылардың қысымымен мұндай тексерістер Францияда басталды. Сноуден әрекетінің салдарын жоюға британдық арнайы қызметтер де кірісіп кетті.
Guardian газеті Ұлыбритания арнайы қызметтерінің Таяу Шығыста құпия базасы бар деп жазған еді. Онда телефон тыңдалып, желілік трафиктер қаралып отырады екен.
Тамыз айының ортасында Лондонның Хитроу әуежайында Эдвард Сноуденнен алынған мәліметтерді жариялаумен айналысатын Guardian газетінің тілшісі Гленн Гринвальдтің досы Дэвид Миранда ұсталды. Тексеру кезінде одан 58 мыңға жуық аса құпия құжаттар табылды деп хабарланған болатын.
Осы аптада ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Лондонның газетке қатысты әрекеттеріне алаңдаушылық білдіріп, БАҚ-қа қоқан-лоқы көрсетуден бас тартуға шақырды. Бұған дейін газет басшылығы Сноуденнен алынған ақпарат сақталған бірнеше дискілердің көзін жоюға мәжбүр болды деген ақпар тараған.
Енді америкалық БАҚ осы мәселеге оралып отыр. Жұма күні Washington Post Сноуден мәліметтеріне сілтеме жасап АҚШ барлау қызметі 2011 жылы Иран, КХДР, Ресей және Қытайдың электрондық жүйелеріне қарсы 231 кибершабуыл жасады деп хабарлады. Америкалықтар компьютерлер мен серверлерге құпия бақылау құрылғылары мен вирустарды енгізуге тырысқан. АҚШ шетелдік желілерге қосылу үшін 652 миллион доллар қаражат бөлген.
Сноуденнің ісі жалғасуда. Бүгінде оның жақтастары Германиядағы бундестагқа сайлау қарсаңында неміс билігі мен арнайы қызметтерінің жұмысы жөнінде жаңа мәліметтер жариялауға уәде беріп отыр.
Сноуденнің әшкерелеуі Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасқа да сызат түсірген секілді. РФ-тың уақытша баспана беру туралы шешімін АҚШ-та теріс қабылдады. Осыған байланысты Ақ үй АҚШ президенті Барак Обаманың ресейлік әріптесі Владимир Путинмен Мәскеудегі кездесуінен бас тартты. Санкт-Петербордағы G20 саммитіне қатысатын АҚШ басшысы Путинмен екіжақты кездесу өткізуге құлықты емес екендігін танытып отыр.