ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Solar Impulse 2 әуе көлігі Тынық мұхитын кесіп өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні Бейжіңде «Инновациядан трансфомацияға» деген ұранмен «Auto China‑2016» 14-ші халықаралық автосалон өз жұмысын бастады.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Solar Impulse 2 әуе көлігі Тынық мұхитын кесіп өтті

Мұнан бөлек, осы аптада өткен сенбі күні күн батарейкасымен жабдықталған Solar Impulse 2 ұшағыТынық мұхитын кесіп өтіп, діттеген жеріне, Американың Калифорния штатына келіп қонды. Осылайша, осыдан 1 жылға жуық уақыт бұрын Әду-Дабиден басталған жер шарын айнала ұшу сапарының кезекті кезеңі табысты аяқталды.

Бейжің автосалоны

Халықаралық автомобиль көрмесінің елге танымал «үлкен бестігі» Детройт, Женева, Париж, Токио және Франкфурт автосалондарының қатары тағы бір көрмемен толығып, алтылыққа айналды. Яғни, олардың қатарын Бейжіңде өткен «Auto China 2016» автосалоны толықтырып, әлем жұртшылығы назарына жетекші автомобиль өндірушілердің жүздеген жаңа көліктерін ұсынды.

Бейжің автосалоны 2 жылда бір рет өткізіліп тұрады. Ағымдағы жылғы автошоуға 1600-ден астам компания қатысуда. Өндірушілер қытай елордасына 1200-ге жуық жаңа автомобиль әкелді.

Көрме барысында 112 автомобиль алғаш рет таныстырылады деп күтілуде. Оның 33-ші халықаралық компанияларға, 21-і Азия компанияларына тиесілі.

Ал енді автосалонда ұсынылған жаңа көліктерге тоқталар болсақ, жапондық Honda компаниясы Avancier жол талғамайтын көлігін таныстырды. Ағымдағы жылдың соңында сатылымға шығарылатын жаңа кроссовер Қытай аумағынан тысқары жерде сатылмайды. Бұл автомобиль Ford Edge и Toyota Highlander (Kluger) сынды маркаларға басты бәсекелес болады деп күтілуде.

Avancier көлігінен бөлек компания Қытайда шығарылатын Honda-ның алғашқы гибрид моделі саналатын Civic пен Accord Hybrid маркаларының да жаңа буындарын таныстырады.

Ал Mazda компаниясы өзінің CX-4 деп аталатын жаңа кроссоверін келушілер назарына ұсынды. Бұл көлікті осы жылдың жазында Қытайда сатылымға шығармақ.

Сонымен қатар, Бейжің автосалонында Infiniti 2017 жылдан бастап жаппай сатылымға шығарылатын QX70 маркасын ұсынса, Volkswagen T-Prime Concept GTE кроссоверін әкеліп отыр. Бұл көрмеден француздық Renault компаниясының Koleos көлігімен де танысуға болады.

Айта кетерлігі, қытайлық IAT Auto компаниясы да автосалон барысында люкс санатындағы Karlmann King жол талғамайтын көлігін келушілер назарына ұсынды. Бұл көліктің небәрі 10 данасы ғана шығарылмақ. Ал құны 1,8 миллион долларға тең.

Ұйымдастырушылар бұл жолы барлық автошоудың ажырамас бөлігі - қысқа киім киген қыздарды тартпаған. Дегенмен, қыздар қысқа киіп көлік қасында тұрмағанмен жұмыссыз қалмады. Олар енді келушілерді көліктермен таныстырып, пайдалы кеңестер айтуда.

Алғашқы төрт күн автосалон тек сала өкілдері мен журналистер үшін ғана ашық болса, 29 сәуірден бастап барлық адамдар көрмедеге көліктерді тамашалауға мүмкіндік алып отыр. Көрме 4 мамырда аяқталмақ.

Solar Impulse 2 әуе көлігі Тынық мұхитын кесіп өтті

Күн сәулесінен қуат жинап ұшатын Solar Impulse 2 әуе көлігі Тынық мұхитының үстімен үш күн ұшып, Сан-Франциско қаласына сәтті қонды.

Күн энергиясын пайдаланатын Solar Impulse 2 ұшағы тарихта алғаш рет жершарын бес айлық айнала ұшу сапарына өткен жылдың наурызының 9-ында Әбу-Даби әуежайынан аттанған болатын. Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, ұшақ 35 мың шақырым жол жүреді әрі 12 мәрте жерге қонады.

Бір орындық ұшақты швейцарлық өнертапқыштар Андре Боршберг пен Бертран Пикар кезектесіп басқармақ.

Андре Боршберг - инженер білімін алған әрі әскери ұшқыш. Дегенмен ол өзінің дәулетін интернет-технология арқылы жинаған. Ал Бертран Пикар болса әуе саяхатына жиі шығумен танымал болған жан. Ол 1999 жылы әуе шарымен Жер шарын еш жерге қонбастан айналып шыққан болатын.

Алғашқы кезеңде ұшақ Әбу-Дабиден Оман астанасы Маскат қаласына 13 сағаттан астам уақытта келіп қонды. Келесі күні ұшақ техникалық тексеруден өтіп, Үндістанның Ахмедабад қаласына қарай бет алды. Шамамен 16 сағаттан кейін 1465 шақырым жолды еңсерген ұшақ діттеген жерге аман-есен келіп қонды. Айта кетерлігі, Solar Impulse 2 ұшағы бұған дейінгі Күн батареясымен ұшатын Solar Impulse 1 ұшағының рекордын жаңартты. Есте болса, 2013 жылы аталған ұшақ 1386 шақырым жолды еңсерген еді.

Алайда, өткен жылдың шілде айының басында Жапониядан Гавайға келер жолда ұшақтан ақау шығып, 9 ай жөндеуге тұрды. Оның қанаттарында 17 мыңға жуық күннен қуат алатын батареялар қондырылған. Соның көмегімен олар қозғалтқышты айналдырып қана қоймай, оның түні бойы тоқтамай ұшуына қуат жинайды.

Енді Андре Боршберг пен Бертран Пикар басқаратын ұшақ Нью-Йоркке аялдауы керек. Одан кейін Атлант мұхиты үстін қалықтай өтіп, Оңтүстік Еуропаға не Солтүстік Африкаға аялдап, одан кейін Әбу-Дабиге оралуы қажет.

Айта кетерлігі, Solar Impulse 2 ұшағын француздық Dassault Systеmes компаниясы жобалаған. Қанатының ұзындығы 72 метр, салмағы 2,3 тоннаға жетеді. Қанаты 17,2 мың күн сәулесінен энергия алатын ұяшықтармен жабдықталған. Ұшақ сағатына 140 шақырымды еңсеруге қауқарлы.

Күн энергиясынан қуат алатын ұшақтың әуеде ең ұзақ қалықтауы 2010 жылдың 7 сәуірінде тіркелген еді. Ол кезде Solar Impulse 1 ұшағы әуеде шамамен 75 минут болған.

Екі жылдан кейін ұшу аппараты Швейцариядан Мароккоға дейін алғашқы құрылықаралық сапарын жүзеге асырды. Екі кезеңмен өткен ұшу барысында ұшақ 2,5 мың шақырым жолды еңсерді.