ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сойқан фильм өркениеттік қақтығысты туындатты
АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Осы апта ішінде халықаралық ауқымда орын алған оқиғалардың қатарында Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада өткен антиамерикандық наразылықтар болып, бүкіл әлем жұртшылығының назары осы елдерге ауды.
Қарқынды наразылықтар мен шерулер толқыны Мысыр мен Ливияда жержаһанға Мұхаммед Пайғамбардың бейнесі көріксіз көрсетілген «Мұсылманның пәктігі» атты сойқан фильмнің жарыққа шығуынан кейін туындады. Белгілі болып отырғандығы, 5 млн. долларын АҚШ қаржыландырған фильмді шыққан тегі еврей американдық Сэм Бәсил түсірсе, американдық шіркеу қызметшісі Терри Джонс осы фильмнің нарыққа шығуына жауапты болды.
Дәл сол күні Каирде орын алған жаппай қарсылық акциясы тәртіпсіздікке ұласты. Ашуға булыққан жұрт Америка елшілігі аумағына басып кіріп, АҚШ-тың мемлекеттік туын төмен түсіріп, оны өртеп жіберді. Дәл осындай шабуыл Ливияның Бенгази қаласындағы АҚШ консулдығында да жасалды. Радикалды исламшылар гранатометпен атып, мекемені тонады. Соның салдарынан Ливиядағы АҚШ елшісі мен елшіліктің тағы 3 қызметкері қаза тапты.
Осыдан кейін Пентагон Бенгазидегі дипмиссияға шабуыл жасалуына байланысты Ливия жағалауына 2 әскери кеме жіберді. Сонымен қатар Ливияға қызметкерлерін қорғауды күшейту мақсатында теңіз жаяу әскерлерінің арнайы бөлімшесін аттандырды.
Мұндай қарсылық толқулары Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың басқа да қалаларында да орын алды. Йемен астанасында американдық фильмге қарсылық танытушылар АҚШ елшігіне басып кіруге ұмтылды. Суданда да шерушілер полиция тосқауылын бұзып өтіп, АҚШ елшілігі аумағына кіргеннен кейін американдық туды жұлып тастады. Ал жұма күні Иерусалимдегі АҚШ бас консулдығына басып кірмек болмаған жүздеген мұсылманның жолын израиль полициясы кесті. Жаппай қарсылық шерулері Пәкістан, Иран, Нигерия, Туннис және Үндістанның Джамма мен Кашмир штаттарында да орын алды. Ал Синай түбегінде содырлар тобы Біріккен Ұлттар Ұйымына тиесілі нысандарға шабуыл жасады.
Халықаралық қоғамдастық Бенгазиде американдық дипломаттардың өлтірілуін шұғыл арада айыптап, мұсылман елдерін зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақырды. Сәрсенбі күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы сөз сөйлеп, онда бұл фильмді «барынша жеркенішті» деп атады. Бірақ ол кез келген фильм зорлық-зомбылықты ақтай алмайтындығын баса айтып, бұл фильмді түсіруге АҚШ үкіметінің еш қатысы жоқтығын ескертіп өтті. Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Вашингтон өзінің көмегімен Ливияда билік басына келген режімнің өз демеушілеріне қарсы осындай қылмысқа барып отырғандығына өкініш білдіретіндігін атап өтті.
Ал Еуропалық Одақтың жоғары өкілі Кэтрин Эштон Йемендегі АҚШ елшілігіне жасалған шабулды түбегейлі айыптап, американдық билікке ниеттес екендігін жеткізді. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун жоғарыда аталған фильмді ислам әлеміне қатысты араңдатушылық деп бағалады. Мұндай пікірді Ватикан да білдірді.
Қарсылық шаралары әлі де болса тыншыр емес. Жұма намазынан кейін барлық елдердегі наразылық танытушылардың қатарына жаңадан топтар келіп қосылды, олардың басым бөлігін жастар құрайды.
Қарсылық шарасы іс жүзінде бүкіл Таяу Шығысты шарпып, олардың озбырлық жасау нысандарына тек қана дипломатиялық өкілдіктер ғана емес, сонымен бірге американдық мектептер мен компаниялар және Еуропа елдерінің өкілдіктері айналды.
Егерде алғашқы күндері мұсылман елдерінің реакциясын бұған дейін орын алған көпшілік алдында Құран кітабын өртеу, Мұхаммед Пайғамбардың карикатурасын салу сынды оқиғалар кезіндегі дүрбелеңмен салыстыруға болатын болса, ал бүгінгі жағдай мүлдем бөлек жаңа сипатқа ие болып отыр. Аталған фильм және оның салдары Батыс пен Шығыстың өзара іс-қимылдарындағы тек келіспеушілік емес, одан да терең проблеманың бар екендігін көрсетті. Сарапшылардың атап өтуінше, іс жүзінде әлем өркениеттер қақтығысы алдында тұр.