ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Стамбұлдағы және Франциядағы қанды қырғын - Батысқа да, Шығысқа да үлкен қатер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада ең негізгі әлемдік оқиғалар, өкінішке орай, адам шығынына қатысты болды. Оннан астам адам жан түршігерлік жағдайда қаза тауып, ондаған адам жарақаттанды. Ең бастысы - бұл оқиғалар әлемдік тұрақтылықты едәуір шайқалтты. Сейсенбіде Стамбұлдағы полиция учаскесіндегі жарылыс бір алаңдатса, 7- 9 қаңтар аралығындағы Франциядағы қанды қырғын әлем жұртшылығын түршіктірді. «Charlie Hebdo» сатиралық журналына қарулы шабуыл, лаңкестік акт, кепілге адам алу, атыс және лаңкестердің өлімі - барлығы көз алдымызда өткендей болды.
None
None

Алдымен Стамбұлдағы оқиғаға назар аударсақ

Сейсенбі күні Стамбұлда Түркияның ең басты туристік нысандарында - Қасиетті София және Көк мешіттің жанында қуатты жарылыс орын алды. Полиция учаскесінің есігі алдында лаңкес әйел өзін-өзі жарып жіберген.

Салдарынан екі полицей ауыр жараланды, кейін оның бірі тіл тартпастан көз жұмды. Анықталғанындай, әлгі әйел Қасиетті София шіркеуінің жанында бәзбіреулер әмиянымды ұрлап кетті деп ағылшын тілінде арыз айтқан. Кейін көп ұзамай бомбаны іске қосып жіберді. Тергеу нәтижелері бойынша, оның кім екені анықталды. Лаңкес Дағыстан тумасы, үш баланың анасы Диана Рамазанова болып шықты.

Террактіні өз мойнына жергілікті «Бостандықтың халықтық революциялық майданы» ұйымы алды.

Францияда бейбіт күнде атыс жасағандар

7 қаңтар күні таңертең шамамен сағат 11-де мұздай қаруланған үш лаңкес Париждегі «Charlie Hebdo» сатиралық журналдың редакциясына баса көктеп кіріп келіп, журналистерге оқ жаудырды. 10 минуттан соң, қарақшылар ғимаратты тастап шығып, көліктерімен оқиға орнынан іздерін суытқан. Лаңкестердің қолынан 10 тілші, 2 полиция қызметкері ажал құшты. Жиырмаға жуық адам жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Бірнеше сағаттардан кейін, қанға боялған ғимаратқа келіп жеткен президент Франсуа Олланд, оқиғаны лаңкестік акт деп атап, елде үш күндік мерзімге аза тұту жариялады.

Құқыққорғаушылар журналға шабуыл жасаған күдіктілерді атап, олардың фотосуреттерін жариялаған болатын. Олардың нұсқасы бойынша, бұған 32 және 34 жастағы ағайынды Саид пен Шериф Куашилердің қатыстары бар болуы ықтимал. Үшінші адам оларды көлікте күтіп отырған. Кейін, жарияланған күдіктілердің бірі 18 жасар Хамид Мурад полицияға беріліп, өзінің бұған қатысы жоқтығына дәлелдері барын айтқан.

Келесі күні Париждің сыртында орналасқан Монруж елді мекенінде белгісіз біреу муниципалды полиция қызметкерін және жол полициясы агентін автоматпен атып кетті. Оның бірі оқиға орнында көз жұмса, жол полициясының агенті ауруханада ауыр халде жатыр.

Жұма күні автомат асынған екі ер кісі Уаза департаментінің көлігін айдап әкетеді. Полицияның анықтағанындай, олар «Сharlie Hebdo» журналында тілшілерді жер жастандырған ағайынды Куаши болып шықты. Құқыққорғаушылар оқыс оқиғаның мән-жайын анықтап, олардың іздеріне түседі. Сол кезде атыс басталып, лаңкестер Даммартен-ан-Гоэль қаласындағы полиграфия ғимаратына келіп тығылады және ішіндегі адамды кепілге алады.

Сол тұста Париждің 20-округінде қарулы ер кісі Венсен қақпасы маңайында дүкендердің бірінде оқ атып, ішіндегі тұтынушыларды кепілге алады. Террорист ағайынды Куашилерді аңдуды доғаруды талап етеді. Жергілікті уақыт бойынша 17:00 сағатта (Астана уақытымен 22:00-де) полицейлер Куашилер жасырынған полиграфия ғимаратына кіреді. Кепілдегі адамды құтқару кезінде лаңкестер өлтірілді. Көп кешікпей полицейлер Парижде дүкендегі лаңкесті ұстауға кіріседі. Арнайы іс-шара барысында лаңкестің көзі жойылды. Ол 32 жастағы Амеди Кулибали болып шықты. Полиция өкілдерінің сөзіне қарағанда, бұның алдында Монруж елді мекенінде муниципалды полиция қызметкерін атып кеткен осы Кулибали болған. Жалпы кепілге алынған адамдарды босату кезінде төрт бейбақ қаза болды.

Кейін БАҚ Йемен аумағында қызмет ететін «Аль-Каида» лаңкестік ұйымының бір мүшесі Франциядағы Charlie Hebdo апталық журналына шабуыл жасауға ұйымның қатысы барын растады деп хабарлады.

Лаңкестің ағылшын тілінде жарияланған мәлімдемесінде: «Аль-Каиданың Араб түбегіндегі» көшбасшылары операцияны басқарып отырды және нысананы аса ықтиярлықпен таңдауға тырысты» делінген.

Оның айтуынша, бұл лаңкестік акт журналистердің мұсылмандардың аса құрметтейтін қасиеттеріне қатысты жасап келген қиянаттарына қарсы жауап ретінде жасалған.

Бұрынғы медицина қызметкері 30 пациенттің өліміне кінәлі екенін мойындады

Францияда лаңкестерді іздеп сарсаңға түсіп жатқанда, Германиядағы Бременнің жанында орналасқан Дельменхорст қалашығындағы медициналық қызметкерлердің бірі 30 пациентті жасырын түрде өлтіріп келгендігін хабарлады. Бұрын медицина қызметкері болып қызмет атқарған 38 жастағы ер кісі пациенттерге жүрек талмасына қарсы препараттарды шамадан тыс егіп отырған. Ол өзінің күнәсін соттағы сарапшы-психиатрға айтқан.

Істі болғанның аты-жөні жарияланбай отыр. Дегенмен оның пациенттерді 2003-2005 жылдар аралығында өлтіріп келгендігі анықталды. Ер адам пациенттердің жүрек талмасын қасақана қоздырып, оларды қайтадан айықтырып отырған. Осылайша, ол өзінің шеберлігін асырғысы келіпті.

Санитардың өзі тек үш пациентті өлтіріп алғанын айтуда, кейін тағы екі пациентті о дүниеге аттандырмақ болған. Психиатрдың сөзіне қарағанда, ол оған 30 пациентті ажал құштырғанын, сондай-ақ 60 адамды қайта тірілтіп алғанын айтқан.

Енді полиция Дельменхорст клиникасындағы 100-ден астам «түсініксіз» өлімнің мән-жайын анықтауда. Айта кетейік, бұның алдында Нильс Н. деген лақап атпен танылған санитар 2008 жылы кісі өлтіруге оқталғаны үшін жеті жылға сотталған болатын.

Соңғы жаңалықтар