ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Табиғи апат жүздеген адамның өмірін жалмады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлемнің бірқатар елдерінде табиғи апат орын алып, жүздеген адамның өмірін қиды.
Ауғанстандағы көшкін
Жұма күні Ауғанстанның Бадахшан өлкесіне қарасты Харгу елді мекенінде ірі көшкін орын алды. Осы елдегі БҰҰ мииссиясының таратқан ақпараттарына қарағанда, көшкін салдарынан кемінде 350 адам қаза тапқан. Алайда, бұл деректер сағат сайын өзгеру үстінде. Ал жергілікті билік мәліметтеріне сәйкес, көшкін салдарынан мерт болған адамдардың саны 2,5 мыңнан асып жығылуы мүмкін. Өйткені төтенше оқиға орын алған сәтте ауылда осыншама адам болғаны белгілі. Олардың барлығы да дәл қазіргі уақытта із-түссіз жоғалғандар санатына жатқызылып отыр.
Таратылған ақпараттарға қарағанда, бірнеше күн бұрын жауған нөсер жауын салдарынан тау бөктері көшкен сыңайлы. Соның салдарынан 300-ге жуық үй көшкін астында қалса, тағы да 500-ге жуығы бүлінген. Табиғи апат орын алған ауылға жақын маңдағы елді мекен тұрғындары көшкін қайта орын алуы мүмкін деген қауіппен қауіпсіз жерге көшірілді.
Қазіргі уақытта табиғи апат орын алған жерде іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, құтқарушыларға көшкін астында қалған адамдарды іздеуге қажетті қарапайым құрал-жабдықтардың өз тапшы болуда. Бұған қоса, таулы аймақта техниканы жедел жеткізудің қиындығы да құтқару операцияларын жүргізуге қол байлау болып тұр. Дегенмен халықаралық қоғамдастық тарапынан негізгі көмекті БҰҰ бөлімшелері көрсетуде.
АҚШ-ты қатты дауыл естен тандыруда
Осы апта ішінде АҚШ-тың бірқатар орталық штаттарында қатты дауыл тұрды. Алғашқы дауыл жексенбі күні көтеріліп, Оклахома штатының Куапо қаласы тұрғындарын естен тандырды. Содан кейін қуатты дауыл Канзас, Миссури штаттарында жүріп өтті.
Кейбір штат аудандарында тұрған дауылдың жылдамдығы сағатына 265-320 шақырымға жетті.
Көптеген адамдар баспанасыз қалып, көліктер бүлінді. Он мыңдаған адам байланыс пен электр энергиясынан ажырап қалды. Кейбір қалаларда тіпті бір орамдар толығымен зардап шекті.
Дауыл салдарынан Арканзаста 8, ал Алабама мен Миссисипи шаттарында 17 адам мерт болды. Жалпы, осы апта ішінде АҚШ-ты дүрліктірген дауыл салдарынан 30-дан астам адам мерт болса, табиғи апат ошағында 3 млн. адам қалып қойды.
Ауа райын болжаушылардың таратқан ақпараттарына қарағанда, торнадо қаупі әлі де басым болып тұр. Таяу күндері тағы да дауыл тұрып, 70 млн. адам тұратын аумақтың астан-кестеңін шығаруы мүмкін. Ал дауылдың жаңа толқынының ошағы Канзас, Миссури, Миссисипи, Небраска, Айова, Техас және Луизианва штаттары болуы ықтимал. Сондықтан да бірқатар штат билігі жергілікті халықты барынша абай болуға шақыруда. Ал кейбір штаттарда енгізілген төтенше жағдай режімі әлі де сақталып отыр.