ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Таяу Шығыстағы ахуал - уақытша тыныштық әрі саяси тұрақтылық үміті

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіндегі халықаралық күнтәртіптегі маңызды оқиғалар жекелеген реттелмеген жанжалдар бойынша тұрақтылық үрдісінің бір арнаға түсуімен өрбіді десек те болады.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Таяу Шығыстағы ахуал - уақытша тыныштық әрі саяси тұрақтылық үміті

Сирия тұрақтану жолында

Осы аптада Сирияда Химиялық қаруды тыю жөніндегі ұйымның мамандарының қатысуымен химиялық улы заттарды жоюдың екінші, ең басты кезеңі басталады. Бұл кезеңде ел аумағынан барлық улағыш қорды шығару міндеті алда тұр.

Айта кетерлігі, Химиялық қаруды тыю жөніндегі ұйым жүргізіліп жатқан жұмыстардың аяқ алысына көңілдері тоқ және де улы заттарды тасымалдау шаралары мен бағыттау мәселелеріне қатысты түйткілді жайттардың тез арада шешілетіндігіне сенім артуда. 15 қарашада бұл мәселе бойынша түбегейлі келісімге қол жеткізіледі деген жоспар да бар.

Дегенмен де, осы апта ішінде бірқатар араб бұқаралық ақпарат құралдары Сириядағы химиялық қарудың қолданылуына қатысты жаңа оқиғалар жайында хабар таратты. Таралған ақпараттарға қарағанда, химиялық қару Түркиямен шекараға тақау маңдағы, Сирияның солтүстік-шығысындағы Хасаке қаласы төңірегінде орын алған. Болжамдарға қарағанда, химиялық қаруды күрд жасақтарымен қақтығыс барысында радикал исламшыл топтардың содырлары қолданған. Бірнеше адам орта дәрежеде уланған. Бұл ақпарат қазіргі уақытта тексерілуде.

Әлемдік қоғамдастық химиялық қорға қатысты операциямен қатар Сирия билігі өкілдері мен оппозициялық күштердің қатысуымен «Женева-2» халықаралық конференциясын өткізу үшін жағдай жасауға барынша күш-жігер жұмсауда. Әзірше, дайындық шараларының өзі қиындықпен өтуде, алайда әлем елдерінің басым бөлігі осы нұсқаға пейіл танытып отырғандығы рас.

Ал конференция шақыру идеясына Сирияның оппозициялық және көтерілісші күштері қарсылық танытып отырғандығы белгілі. Олардың басым бөлігі сириялық режім өздері үшін келіссөздер жүргізу тарабы ретінде қараламайтындығын алға тартып, Швейцариядағы кездесуге өз өкілдерін жібермейтіндігін айтып, мәлімдеме жасап та қойған еді.

Иран ашық келіссөздерге дайын

Осы апта ішінде иранның ядролық бағдарламасына қатысты бірқатар өзгерістердің орын алуы байқалды. Дүйсенбі күні Венада Иранның Сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчи мен МАГАТЭ директорының орынбасары Юкия Амано кездесу өткізді. Жүздесу Иранның уран байытуды 20 пайызға дейін тоқтатты және Иранның ядролық құжаттамасы бойынша халықаралық бітімгершілердің «алтылығымен» (БҰҰ ҚК тұрақты мүшелері және Гремания) келіссөздерді жаңғыртуды қарастыруда деген ақпараттардың таралуы аясында өрбіді.

Иран МАГАТЭ-мен қарым-қатынасты тұрақтандыруға бағытталған жаңа ұсыныс енгізді. Айта кетерлігі, аталған ұсыныстың мазмұны сапалы толықтырылуымен қатар бірқатар ұстанымдарда Иранның МАГАТЭ-ның ырқына көнгендігі байқалады. Алайда, келіссөздер барысында қандай уағадаласқтыққа қол жеткізілгендігі белгісіз. Дегенмен, соңғы кездесудің қорытындысы оның одан әрі жалғасуына жол ашады. Келіссөздердің келесі раунды 11 қараша күні Теһранда өтіп, онда ирандық тарап өзінің ядролық бағдарламасының бейбіт сипатта екендігін дәлелдеуге тырысып бақпақ.

Осы кездесу өткеннен кейін іле-шала, аптаның ортасында Венада, БҰҰ штаб-пәтерінде еуропалық «үштік» (Франция, Гремания және Ұлыбритания) пен халықаралық бітімгершілердің «алтылығының» сарапшы консультациясы өтті. Толықтай алғанда, бірқатар еуропалық сарапшылардың бағалаулары бойынша Теһран өзінің ядролық бағарламасының ашықтығын қамтамасыз етуге ұмтылатындығын байқатты. Бірақ бітімгершілер шешімі нақты нәтижелер негізінде ғана қабылданады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Иранға қатысты бірқатар санкциялар жеңілдетілуі де мүмкін.