ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Тунисті ереуіл «елесі» кезіп жүр

АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары көше бойындағы тәртіпсіздіктер Мағриб елдері үшін өзіндік ерекшелік белгісіне айналғандай. Таяуда ғана Мысырда орын алған жаппай толқулардың «ыстық-суығы» басылмай жатып-ақ дәл осындай безгек Тунис елін де қалтыратты.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Тунисті ереуіл «елесі» кезіп жүр

Тунис мемлекетінің астанасы мен бірқатар басқа да қалаларында орын алған шерулерге 6 ақпан күні тунистік «Аль-Ватад» оппозициялық партиясының бас хатшысы, «Халықтық майдан» коалициясының көшбасшысы Шукри Бельаидтің өлтірілуі басты себеп болды. Ол өз үйінің тұсында белгісіз екі адамның жаудырған оғынан мерт болған еді.

Оппозициялық күштердің жақтастары бұл қылмысқа биліктің, нақты айтқанда исламшыл «Өрлеу партиясының» қатысы бар деген айыптауларын алға тартуда. Дегенмен, аталған партия бұл қылмысқа қатысы жоқ екендігін айтып, ақталып, оны жасағандарды айыптауда. Әзірше, билік те оппозиционерді өлтіруге кімнің тапсырыс бергендігін айта алар емес. Тек оны «саяси қастандықпен өлтіру және лаңкестік акт» деп бағалауда.

Дәл осы күні оппозиция үкіметтің отставкаға кетуін, кінәлілерді жазалауды және елде саяси жаңғырту жүргізуді талап еткен болатын. Елде басталған жаппай қарсылық шаралары мен жаңа дүрбелең жасауға қоқан-лоқы көрсетуге орай Тунис Премьер-Министрі Хамади Джебали ескі үкіметтің таратылып, «партиясыз технократтардан» құралған уақытша министрлер кабинетінің құрылғанын жария етті. Жаңа үкімет мүшелерінің құрамы мен оларды тағайындау датасы ел парламенті Ұлттық құрылтайшы кеңесінің дауыс берумен таяуда қарастырылатын болады.

Өз кезегінде Тунис президенті Монсеф Марзуки Францияға сапарын үзіп, елге оралды. «Мен жақсы білетін саяси көшбасшыны пасық пиғылмен өлтіру қатер болып саналады»,- деді ол.

Ереуілдердің басым бөлігі Ш.Бельаида өлтірілген күннің ертеңінде орын алды. Оның мүрдесін жұма күні жер қойнауына бергеннен кейін де елдегі ахуал жақсара қойған жоқ. Орын алған барлық шерулерде де ереуілшілер құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қақтығысып, билік партиясының кеңселерін қиратумен болды. Елде орын алған бассыздықтар, әсіресе, Тунис астанасы мен мемлекеттің орталығы болып саналатын Гафс қаласында байқалды. Кәсіподақ ұйымдары да бүкіл елде ереуіл жасауға ниеттенді. Дегенмен мемлекет аумағындағы шипажайлардағы ахуал тұрақты.

Айта кетерлігі, манифестанттар полицейлер мен «Өрлеу партиясының» кеңсесіне тас пен жанғыш сұйықтық құйылған бөтелкелер лақтырды. Ал бұған жауап ретінде полицейлер көзден жас ағызатын газ қолданып, ереуілшілерді тарату үшін әуеге оқу атумен шектелуде. Абырой болғанда, екі тараптан да қаза тапқандар жоқ.

Халықаралық қоғамдастық Тунисте орын алған ахуалға байланысты алаңдаушылық танытуда. Еуропалық одақ Тунистің саяси күштерін экстремистік топтардың іс-әрекеттеріне тоқсауыл қоюға әрі елде бейбітшілікті қалпына келтіруге шақырды.

Еуропалық одақтың шет ел істері жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон Ш.Бельаиданың өлтірілуін айыптады. «Экстремистік топтар жасап отырған саяси зорлық-зомбылық актілер санының арта түсуі өтпелі кезең үдерісі үшін қатер болып табылады», - деді ол.