ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Түркияда лаңкестер биліктің дегбірін алып тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өкінішке орай өтіп бара жатқан апта ішінде орын алған өзекті оқиғалар адам өліміне қатысты жайттармен өрбіді. Атап айтқанда, дүйсенбі күні Түркияда орын алған бірқатар лаңкестік әрекеттің салдарынан кемінде құқық қорғау органдарының 6 қызметкері қаза тапты. Сонымен қатар Қытайда орын алған қуатты жаралыстан да қаза тапқандардың қарасы мол болып тұр. Есте болса, Тяньцзинь портты қаласындағы қауіпті заттар қоймасында қатарынан 2 жарылыс орын алып, 85 адам қаза тапса, жарақат алғандардың саны 700-ден асып жығылған еді.
None
None

Түркиядағы лаңкестік әрекеттер

Дүйсенбі күні Түркияда бірнеше лаңкестік әрекет орын алып, соның салдарынан кемінде құқық қорғау органдарының 6 қызметкері, бірнеше содыр және ондаған адам жарақат алған.

Нақты айтқанда, дүйсенбі күні таңертең қарулы 2 содыр Ыстамбұлдағы АҚШ-тың бас консулдығын күзететін полицейлерге қарата оқ атып, соңынан бой тасалаған еді. Сәл кейінірек шабуыл жасағандардың әйел екендігі белгілі болып, оның бірі тұтқынға түскен.

Сонымен бірге күш-қуат құрылымдары сол түні Ыстамбұлдың полиция бөлімшесінде бомба жарған тағы 2 содырдың көзін құртқан болатын. Жарылыстың қуатты болуы салдарынан ғимарат жартылай бүлінген. Лаңкестік әрекеттен кейінгі қарулы қақтығыс барысында, 3 адам, 2 лаңкес пен полиция қызметкері қаза тапты.

Мұнан бөлек, Ирак пен Сириямен шектесетін оңтүстік Ширнак өлкесіндегі Американың дипломатиялық өкілдігіне және полиция бөлімшесіне жасалған шабуыл салдарынан құқық қорғау органының тағы 4 қызметкері мерт болды.

Құқық қорғау органдары қызметкерлері қашықтан басқарылатын минаға жарылған. Жарылғыш зат полицияның сауытты автомобилі өтіп бара жатқан сәтте іске қосылған.

Түркия бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, сәл бұрынырақ дәл осы өлкеде лаңкестер пулеметтен және гранатометтен Түркия армиясының әскери-көлік тікұшағына шабуыл жасап, соның салдарынан 1 жауынгер қаза тапса, жетеуі ауыр жарақат алған.

Қазіргі уақытта жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары аталған лаңкестік әрекеттердің барлығын ел билігі Түркияда қызметіне шектеу қойылған «Күрдістанның жұмысшы партиясымен» байланысы бар радикалды топтардың мойнына жүктеп отырғандығын жазуда.

Қытайдың Тяньцзинь қаласындағы қуатты жарылыс

Сәрсенбі күні түнде Қытайдың солтүстігіндегі Тняьцзинь портты қаласындағы қауіпті заттар қоймасында қуатты екі жарылыс болды. Қайғылы оқиға жергілікті уақыт бойынша 23:30-да портқа тақау жердегі Бинхай аудандық қаласындағы логистикалық қоймада орын алды.

Жарылыстың қуатты болғаны соншалық, оның дүмпуын тіпті жергілікті сейсмологиялық қызметтің өзі тіркеген. Оның қуаты тротил эквивалентінде 3 және 21 тоннаны құраған. Куәгерлердің айтуына қарағанда, жарылыс толқыны бірнеше шақырым қашықтықтан сезілген.

Бірінші жарылыстан кейін алапат өрт шығып, жарты минуттан кейін екінші жарылыс орын алған. Осыдан кейін бірнеше жарылыс болған.

Қазіргі уақытта оқиға салдарынан ондаған үйдің жартылай қирап, 2,5 мыңнан астам Volkswagen көлігінің өртке оранғандығы белгілі. Сонымен қатар Тяньцзинь портында BMW, Toyotа және Mazda маркалы көліктердің болғандығы туралы да ақпарат таралуда. Жалпы жанып кеткен көліктердің саны шамамен 5 мың бірлікті құрайды.

Қаза тапқандардың саны 85 адамға жетті, ал жарақат алғанардың саны 700-ден асып жығылады. Ауруханаға келіп жатқан жарақат алушылардың қатары арта түсуде. Осыған орай тұрғындардың қан тапсыруына арналған ұтқыр бекет жұмыс істеуде.

Қаланың көптеген тұрғындары жер сілкінісі деп ойлап қалған жарылыстан кейін қалалық метро жабылып, жер үсті көліктерінің бағдарына түзету енгізілді. Сонымен қатар Тяньцизньдегі Ұлттық суперкомпьютер орталығындағы «Tianhe-1A» суперкомпьютерінің жұмысы тоқтатылды.

Қазіргі уақытқа дейін төтенше оқиғаның шығу себебі беймәлім болып тұр. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, кінә аталған логистикалық компанияның өзінен көрінеді. Қазіргі уақытта оның басшылығы тұтқынға алынды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум