ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Түркиядағы жаппай толқулар - әлемдік тәртіптегі жаңа сын-қатер
АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат - Осы аптада Түркияда өткен жаппай толқулар халықаралық тыныс-тішіліктегі басты оқиғалардың бірі болды десек те артық емес.
Елдегі ахуалдың күрт қиындап кетуіне Ыстамбұлдың орталығындағы Таксим алаңында Гези саябағын қорғау үшін шағын шеру ұйымдастырған жергілікті экологтар мен қоғам қайраткерлерінің іс-қимылдары түрткі болды. Айта кетерлігі, билік аталған саябақты сүріп тастап, орнына жаңа сауда орнын салуды жоспарлаған болған. Жұма күні, 31 мамырда тіпті саясатшылардың да назарын өзіне аудартқан санкцияланбаған акция полиция тарабынан күшпен таратылған болатын. Тіпті шерушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ да пайдаланылған-ды. Қорытындысында 63 адам ұсталып, оннан астам адам зардап шеккендіктен ауруханаға жеткізілген еді.
Биліктің мұндай іс-әрекеті көптеген отандастар тарабынан ашу-ыза туындатып, Ыстамбұлда орын алған оқиғаларға іле-шала Анкара, Ізмір, Анталияның және Түркияның басқа да қалалары тұрғындарының көшеге шығуына себеп болды. Олардың ұстанымын әлемдік деңгейдегі сауда брендтерінің өкілдіктері де қолдап, болашақта Гези саябағында сауда орны ашылған жағдайда онда өз дүкендерін ашудан бас тартатындықтарын ашық мәлімдеді.
Ірі қарсылық акцияларының бірі жексенбі күні Анкара шаһарында орын алып, оған шамамен 20 мың адам қатысты. Шерушілер көшеге «Үкімет отставкаға кетсін», «Эрдоған диктатор» деген сынды ұрандар алып шықты. Олардың басым бөлігін жастар мен студенттер және оларға тамақ пен дәрі-дәрмек жеткізуге қол ұшын берген ерікті азаматтар құрады. Бұл шеру де қақтығыспен аяқталып, нәтижесінде 50-ден астам адам мен 115 полиция қызметкері жарақаттанды және 1800-ден астам адам ұсталды.
Түркияның Премьер-Министрі Реджеп Тайып Ердоған демалыс күні полицияның шерулерді тарату барысында көзден жас ағызатын газды қолдануы дұрыс болмағандығын мойындады. Дегенмен ол саябақты жаңғырту ісін жалғасытыру қажеттігіне табандап тұрып алып, соның салдарынан мәселе өз шешімін тапқан жоқ.
Соңғы күндері Түркия қалаларында орын алған оқиғалар өрши түсіп, бірқатар байқаушылар оны «араб көктемімен» де теңестіре бастады. Ал жергілікті ахуалды «түрік жазы» деп атады. Шындығында да, Түркияның ірі қалаларын шарпыған наразылық шерулері экологияық талаптар аясынан шығып кеткен еді. Ыстамбұлдағы шерушілерге ниеттестік ретінде басталған митинг биліктің өзіне қарсылыққа айналып, олар биліктегі Әділдік және даму партиясына наразылықтарын білдірді және үкімет басшысының отставкаға кетуін талап етті.
Осы аптада да жаппай шерулер ауыспалы сипатта өрбіп, соңында толығымен үкіметке қарсылық бейініне енді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жазуыларына қарағанда, соңғы күндері орын алған тәртіпсіздіктердің салдарынан үш адам қаза тапқан. Олардың екеуі шерушілер болса, біреуі - полиция қызметкері.
Елдегі ахуал шерушілер арасындағы арандатушылардың полициямен жанжалға итермелеуі салдарынан одан әрі ушығып тұр. Қақтығыс нәтижесінде көліктер мен кеңселер, дүкендер бүлінуде, көптеген нысандар өртеніп, терезелері сындырылған. Алдын ала бағалау бойынша, қарсылық шаралары нәтижесінде елдегі шығын көлемі шамамен 40 млн. долларды құрайды.
Қарсылық танытушылардың басты талаптарының бірі - Р.Ердоғанның басшылығымен билік етіп отырған партия жүргізіп жатқан исламиландыруды тоқтату. Тұрғындар елдің тұғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік құрған зайырлы мемлекеттің сақталуын қолдауда. Олар сонымен қатар билікті қарапайым азаматтардың өміріне араласады, демократиялық құқықтары мен бостандығын шектейді деп айыптап отыр. Айта кетерлігі, оларды «Anonymous» хакерлер тобы да қолдап, Түркия Премьер-Министрінің сайтын бұзды.
Ал премьер болса, елде орын алған оқиғаларды араб әлеміндегі толқуға ұқсауы мүмкін екендігін жоққа шығаруда. Оның атап өтуінше, тәртіпсіздіктердің тасасында радикалды топтар тұр, ал акцияның өзінің халық мүддесіне еш қатысы да жоқ.
Өз кезегінде Вашингтон Түркиядағы ахуалды жіті назарда ұстап отырғандықтарын мәлімдеп, тараптарды қақтығыстарды қоздыратын іс-қимылдарға бармауға шақырды. Елдің мемлекеттік хатшысы Джон Керридің атап өтуінше, АҚШ Түркияда полиция күштерін орынсыз пайдалану туралы ақпараттарға алаңдаушылық танытады әрі күшті пайдалану толығымен тергелетіндігіне сенім артады. Еуропалық дипломатия басшысы Кэтрин Эштон да Түркияда шерушілерге қарсы полиция күштерінің өз өкілеттігін асыра қолдануына байланысты өкініш білдіретіндігін жеткізді. Дегенмен, Вашингтон түрік қоғамының исламилануына алаңдаушылық танытты әрі Ердоғанның орнына батысшыл жаңа тұлғаны көргісі келеді деп айтудың өзі әзірше артық болып тұр.
Бұл қарсылық шараларын «араб көктемі» оқиғаларымен салыстырғанда шерушілердің қандай да бір саяси партияның мүддесін қорғамайтындықтарын, олардың барлығының да арқа сүйейтін көшбасшылары жоқ екендігін, сонымен қатар ішкі саясатқа қатысты ортақ көзқарастары да түйіспейтіндігін ескерген жөн. Анығы, дәл қазіргі уақытта Түркияның саяси сахнасында Ердоғаннан басқа лайықты тұлға жоқ. Дегенмен алаңдауға тұрарлық жайттар бар. Оған күні кеше орын алған оқиғалар нақты дәлел болады.