ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Украина әлемнің жетекші ойыншылары мүдде қағыстырар алаңға айналып барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіндегі халықаралық тыныс-тіршіліктің елді елең еткізер маңызды оқиғаларының қатарында Украинадағы саяси дағдарысты реттеу төңірегіндегі өзгерістердің орын алуы болғандығы сөзсіз.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Украина әлемнің жетекші ойыншылары мүдде қағыстырар алаңға айналып барады

Өткен жылдың қарашасында басталған ішкі саяси дағдарыс қазірдің өзінде Министрлер кабинетінің отставкаға кетуіне себеп болып отыр. Ал, алда ел конституциясын өзгерту мен кезектен тыс сайлау өткізу мәселесі көтерілуде.

Украинаның 2004 жылы қабылданған конституциясына әрі парламенттік-президенттік басқару құрылымына қайта оралу мәселесін елдің оппозициясы көтеруде. Олардың пайымынша, аталған өзгерістер орын алғаннан кейін кезектен тыс парламенттік һәм президенттік сайлау өтуі тиіс. Әрине, оппозицияның мұндай ұсынысына ел президенті Виктор Янукович пен биліктің «Өңірлер партиясы» қарсылық танытып отырған жоқ. Дегенмен олар бұл үдерістің асықпай-аптықпай әрі сәйкесінше жұмыс органы арқылы шешілуі тиіс екендігін алға тартуда.

Саяси қарсыластар арасындағы дау-дамайдың сақталуы салдарынан қоғамдық қауіпсіздік саласындағы ахуал тұрақсыз болып тұр. Бейсенбі күні Киевтегі шеруші оппозицияның штабы орналасқан Кәсіподақтар үйінде қораптағы жарылғыш іске қосылып, жарақат алған 2 адам ауруханаға түсті. Украинаның Қауіпсіздік қызметі де лаңкестікке дайындық жасалғандығы туралы ақпаратты саяси уәжге теңеуде. Ал бұл елдің егемендігіне қауіп төндіретіндігі түсінікті де.

Осы оқиғалардың аясында бейсенбі күні YouTube порталында аудиожазба жарияланған еді. Онда дауыстары АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Виктория Нуланд пен АҚШ-тың Украинадағы Елшісі Джеффери Пайеттің дауыстарына ұқсас әйел мен ер адам сөйлесіп, Украинадағы саяси ахуалды талқыға салады. Әйел Украинаның жаңа Үкіметінде «УДАР» партиясының серкесі Виталий Кличконы көргісі келмейтіндігін, ал «Свобода» партиясының көшбасшысы Олег Тягнибокпен де қиындықтар туындауы мүмкін екендігін баса айтады. Сондай-ақ ол Еуропалық одақтың Украина билігіне қатысты қысым жасау тетіктерінің әлсіздігін айтып, дөрекі сөздер айтып қалған. Сонымен қатар олар Үкімет басшысы лауазымына Арсения Яценюктің кандидатурасына қолдау білдіретіндіктерін де сөз етеді.

Дәл осы күні телефон келіссөздерінің тағы бір аудиожазбасы ғаламторда жария етілді. Сөйлескен адамдардың дауыстары Еуроодақ дипломатиясы басшысының орынбасары Хельга Шмид пен ЕО-ның Киевтегі Елшісі Ян Томбинскидің дауысына келеді. Әйел өзінің сұхбаттасушысына Украинадағы АҚШ Елшілігінің өкілдерімен сөйлесуге, оларға ЕО-ның елдегі ахуалды реттеу мәселесінде барлық қажетті шараларды қабылдап жатқандығын айтуды тапсырады.

Айтпақшы, бейсенбі күні Еуропарламент қарар қабылдаған еді. Құжат ЕО елдерін шерушілерді қудалауға қатысы бар украиндық шенеуніктер мен бизнесмендерге қатысты санкция енгізуге шақырады.

Жоғарыда аталған аудиожазба ғаламторға В.Нуландтың Киевке сапары қарсаңында салынған болатын. Украина оппозицияның өкілдерімен кездесуден кейінгі баспасөз конференциясында В.Нуланд жанжалды жайтқа қатысты түсінік беруден бас тартты. «Мен дипломаттардың жеке әңгімесіне түсінік бере алмаймын. Бұған қоса, бұл өте жақсы жасалған әрі жазба өте анық жазылған», - деді ол.

Жазбаның түпнұсқа екендігі ресми танылмаса да бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Джен Псаки В.Нуландтың ЕО елдері алдында кешірім сұрағандығын жария еткен болатын. Сонымен қатар ол «осы іс-қимылдары арқылы орыстардың өздерін төмендете түскендігін де» сөз арасында айтып қалған еді.

Бұл тыңшылыққа қатысты Еуропа тарапынан қарымта реакция да бой көтерді. Мәселен, Германия канцлері ресми өкілінің мәлім етуінше, Ангела Меркель Еуроодаққа қатысты В.Нуландтың айтқан сөздері «мүлдем ақылға қонымсыз» деп санайды.

Соңғы апта ішінде Украина әлемдегі жетекші ойыншылардың мүдделері қақтығысатын жаңа аренаға толығымен айналып үлгергендей. Ресей тарапының Украинаның саяси болашағына қатысты мәселедегі белсенділігі де жоғары. Сауда айналымы, ақшалай несие, газ экспорты және Қырым факторы сынды тетіктер қолданылуда. Бүгінде бұл күрес күннен-күнге ашық бейінге ауысып, саяси қысым жасаудың барлық жолдары қолға алына бастады.