ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Украина дағдарысы - ел 2004 жылға қайта оралды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл күндері Киевте орын алып жатқан ахуалдың даму сценарийі таяуда ғана өткен араб әлемінің бірқатар елдеріндегі оқиғаларды барынша еске түсіретіндей. Билік пен оппозицияның текетіресі азаматтық соғыс сипатын алған да сияқты, яғни, қирату, өлтіру, астан-кестеңін шығару, дүрбелең, айқынсыздық нақты көрініс табуда.
Сейсенбі, 18 ақпан күнгі Жоғары радаға «бейбіт шабуыл» ретінде басталған акцияның соңы қантөгіске ұласқан бейберекетсіздікке алып келді. Дәл осы күні оппозиция көшбасшылары өз жақтастарын биліктің «Өңірлер партиясына» елді басқарудың парламенттік-президенттік нысаны көзделген 2004 жылғы Конституцияға қайта көшу туралы заң жобасын енгізуді талап ету үшін Парламент ғимаратының алдына шеруге шығуға шақырған болатын. Дегенмен Жоғарғы рада спикері аталған ұсыныс көзделген қаулыны тіркеуден бас тартып, соның салдарынан оппозиция отырыс жұмысына тосқауыл қойып тастады.
Тәртіпсіздіктер наразылық танытушылардың Жоғарғы рада ғимаратына басып кіруге ұмтылысынан басталды. Алайда, ғимаратты құқық қорғаушылар дер кезінде қоршауға алған болатын. Белсенділер олардың көліктерінің терезелерін шағып, бірнешеуін тұтқынға да алды. Милицияларға қарсы Молотов коктейлі, тақтатастар мен петардалар қолданылды. Құқық қорғаушылар мен шерушілер арасындағы қақтығыстар Киевтің басқа да аудандарында болды. 20 ақпан күнінің өзінде 28 адам қаза тауып, 445-і жарақат алды. Оның 287-сі аурухана төсегінен бірақ шықты. Сонымен бірге 20 милиционерді жарақаттаған сұрмерген жайында да ақпарат желдей есті.
Украинаның бірқатар өңірлерінде жергілікті билік органдары, ішкі істер министрлігінің, қауіпсіздік қызметінің, прокуратураның, әскери бөлімдердің құрылымдары, сонымен бірге оқ-дәрі қоймалары басып алынды.
Елдегі орын алған оқиғалардың мемлекет экономикасына әсер етпеуі мүмкін еместігі айқын. Киевтегі және басқа да көптеген қалалардағы компаниялардың кеңселері жұмыстарын уақытқа тоқтатып, қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін оларды үйлеріне жіберді. Ал бірқатар шетелдік банктер мен компаниялар Украинадағы өз қызметтерін уақытша тоқтатып та тастады. Күнделікті тұтынылатын тауарлар тапшылығы байқалып, жанар-жағармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек қалыптасты.
Макроэкономикалық ахуал да соққы астында қалды. Қаржы нарығындағы украиндық активтердің барлығы да іс жүзінде құнын құлдыратты, елдің ұзақмерзімді облгиациялары да құнсыздануын жалғастыруда. Сәрсенбі күнінің өзінде дефолт салдарынан Украинаның мемлекеттік қарызын сақтандыру құны 89 базистік пунктке өсіп кетті. Standard and Poor's рейтингтік агенттігі бұл елдегі экономикалық әрі жүйелі тәуекелдер рейтингін төтенше жоғары ретінде бағалауда.
Сәрсенбі күні Украинаның қауіпсіздік қызметі ел аумағында лаңкестікке қарсы операциялар жүргізу басталғанын жария етті. Бұл шараға елдің Қауіпсіздік қызметінен бөлек ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Шекара қызметі сынды күш-қуат құрылымдары, сонымен бірге орталық және жергілікті билік органдары жұмылдырылатындығы хабарланды. Операция әскери қызметшілерге қару-жарақ пен арнайы құрылғыларды қолдану мүмкіншілігін қарастырады. Дегенмен де бұл операция жүргізілген жоқ, ал жұма күні кешкісін республиканың Қауіпсіздік қызметі оған дайындық шараларының доғарылғандығын жария етті.
Бейсенбі күні түнде В.Януковичтің оппозиция көшбасшылары «үштігі» Арсений Яценюк («Батькивщина»), Виталий Кличко («УДАР») және Олег Тягнибокпен («Свобода») кездесуінің қорытындысында татуластыққа қол жеткізілгендігі әрі келіссөздердің басталғандығы жария етілді. Мемлекет басшысы оппозиция көшбасшыларына Незалежности майданындағы шерушілер лагерлеріне шабуыл жасалмайтындығына уәде берді.
Осыған қарамастан «Правый сектор» оппозициялық ұйымының көшбасшысы Дмитрий Ярош қол жеткізілген уағдаластыққа атсалысудан бас тартып, оны «жалған» татуластық деп атады. Сонымен бірге ол «ішкі оккупация режімін жаншу қажет», деп мәлімдеме жасады.
Бейсенбі күні елдің басты алаңындағы ахуал біршама тұрақтанғандай болды, бірақ қаланың түпкір-түпкірінде қарсылық танытушылар мен құқық қорғаушылар арасындағы қақтығыстардың орын алғандығы жайында ақпараттар тарады.
Жұма күнгі мәліметтерге сәйкес, Киевтегі қақтығыстар барысында қаза тапқандардың саны 77 адамға жетіп, бірнеше жүздеген адам жарақат алды. 22 және 23 ақпан күндері жаппай тәртіпсіздіктер барысында адам шығынының орын алуына байланысты Украинада аза тұту күні жарияланды.
Кеше АҚШ 20 украиндық шенеунікке виза беруге шектеу қоятын санкция енгізсе, ал Еуропалық одақ бұл елдің активтеріне тоқтау салып, адам құқықтарының бұзылуына, зорлық-зомбылыққа әрі шектен тыс күш қолдануға жауапты тұлғаларға виза бермеу туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге ЕО ішкі қуғын-сүргін шараларында қолданылуы мүмкін құрал-жабдықтар мен техникаларды жеткізуді де уақытша тоқтатты.
Саяси текетірестегі бетбұрысты сәт жұма күні туды десек те болады. Бұл күні В.Янукович мен оппозиция «үштігі» билікпен оппозиция арасында Украинадағы саяси дағдарыстты реттеу туралы келісімге қол қойды. Оған Франция, Германия және Польша мемлекеттерінің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары куәлік етті. Құжатқа сәйкес ол қол қойылғаннан кейінгі 48 сағаттың ішінде 2004 жылғы Украина Конституциясын қайта күшіне енгізетін арнайы заң жобасы қабылданатын болады. Ал одан кейін 10 күн ішінде ұлттық бірлік коалициясы құрылады. Украинаның жаңа Конституциясы қабылданған соң 2014 жылдың желтоқсан айынан кешіктірілмей президентік сайлау өтеді. Бұдан бөлек жаңа сайлау заңнамасы қабылданып, Орталық сайлау комиссиясының жаңа құрамы құрылады.
Келісімге қол қойылғаннан кейінгі бірнеше сағаттан кейін, жұма күні кешкісін Украинаның Жоғары радасы елдің 2004 жылғы Конституциясын қайта күшіне енгізді. Сондай-ақ Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне өзгертулер енгізілді. Айта кетерлігі, бұл өзгертулер 2009 жылғы Ресеймен газға байланысты келісім жасасқан кезде өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған Юлия Тимошенконың бостандыққа шығуына мүмкіндік береді. Жоғары радада Украина президентіне сенімсіздік білдіру туралы заң жобасы да тіркелген.