ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ұлыбританияны мигранттар басып барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлемдік қоғамдастық 69-шы Канн кинофестивалінің қорытындысын талқылады. Айта кетерлігі, бұқараның күткені мен сыншылардың болжамы қиыс кетті. Көрген-білгені, өмірден түйгені көп төрешілер жылдың үздік өнер туындысын анықтау үшін қолдарынан келген барлық мүмкіншілікті жасады десек те болады. Жаһан жұртшылығы осынау мәдени жаңалықтан бөлек Ұлыбританиядағы көші-қон саясатына қатысты пікірсайысқа да елеңдей құлақ түрді. Елдің Еуропалық одақтан шығу-шықпауына қатысты өткізілетін референдумға 1 ай қалған кезде Ұлттық статистика бюросы өз есебін жария етті. Онда өткен жыл ішіндегі Ұлыбританиядағы миграция тарихи ең жоғарғы шегіне жетіп қалғандығы айтылған.
None
None

69-шы Канн кинофестивалі жабылды

Жексенбіден дүйсенбіге қараған түнде Лазур жағалауында 69-шы Канн кинофестивалінің жабылу салтанаты өтті. Ағымдағы жылы кезекті кинокөрсетілім мамырдың 11-22-сі аралығында өткен болатын. Атағы жер жарған есімдер мен сапалы фильмдердің байқауға ұсынылғанына қарамастан жүлделі орындар кімге бұйыратындығын дөп басу қиын еді. Австралиялық режиссер Джордж Миллер басқарған төрешілер де соңғы сәтке дейін шиеленісті ахуалды сақтады.

Сонымен Алтын пальма бұтағы деп аталатын бас жүлде британдық Кен Лоучтың «Я, Дэниел Блейк» фильміне бұйырды. Бұл драма денсаулығындағы кінәратқа байланысты өмір сүруі үшін қаржы таба алмайтын, әйелінен айырылып, баласыз қалған жұмысшының тағдырынан сыр шертеді. Блэйк мемлекет көмегіне жүгінуге мәжбүр болып, жәрдемақы алу үшін құжаттар жинайды. Алайда, бұл іс егде жастағы азаматқа оңайға түсе қоймайды. Өйткені, ол өмірі қолына балғадан өзге не смартфон, не компьютердің түрткіншегін ұстап көрмеген еді. Айта кетерлігі, британдық режиссер бұл жүлдені осымен екінші мәрте ұтып алды. Есте болса, 2006 жылы оның «Ветер, который колышет вереск» деп аталатын фильмі дәл осы сыйлыққа лайық деп танылған еді.

Фестивальдің гран-приі «Это всего лишь конец света» фильміне берілді. Бұл туындыны Каннға байқаудың ең жас қатысушысы канадалық Ксавье Долан әкелген еді. Фильм 12 жылдан кейін туған үйіне оралып, туыстарына өзінің айықпас дертке душар болғандығын жария етпек болған Луи есімді табысты қаламгердің өмірін суреттейді.

Ал қазылар сыйлығы «Американская милашка» комедиялық драмасы үшін ағылшын режиссері әрі сценарийші Андреа Арнольдқа берілді. Оның бұл туындысы бір топ жаспен бірге үйінен қашып кеткен жасөспірім қыздың тағдырына арналған.

Режиссура аталымындағы сыйлықты қазылар румындық Кристиан Мунджиу («Выпускной») мен Оливье Ассайясқа («Персональный закупщик») бөліп берді.

Брийанте Мендозаның «Мама Роза» фильмінде басты рөлді сомдаған филиппиндік Жаклин Жозе үздік актриса атанды.

Ирандық Асгар Фардахтың «Клиент» фильмі екі награда иеленді. Бұл туынды үздік сценарий аталымында жеңімпаз атанса, осы фильмнің басты рөлінде ойнаған Шахаб Хоссейн «Үздік еркек рөлі» аталымында жүлдеге ие болды.

Испандық режиссер Хуанхо Хименестің «Timecode» фильмі үздік қысқаметражды фильм аталымында «Алтын пальма бұтағына» лайық деп танылды. «Ерекше көзқарас» бағдарламасында финдік режиссер Юхо Куосманеннің «Самый счастливый день в жизни Олли Мяки» туындысы жеңіске жетті. Ал үздік режиссерлік дебютке берілетін «Алтын камера» француздық режиссер Уде Беньяминге бұйырды.

Ұлыбританияның ЕО-ға мүшелігіне қатысты пікірсайыс қызып тұр

Ұлыбританиядағы миграция тарихи ең жоғарғы деңгейге жетіп қалды. Бұл жайында ел билігінің Еуропалық одақ құрамынан шығуға қатысты референдум қарсаңында жария еткен соңғы есебінде айтылған. Ұлттық статистика бюросы жария еткен мәліметтер Ұлыбританядағы миграциялық өсім, яғни елден кеткендер мен келгендер арасындағы айырма өткен жылдың ішінде 333 мың адамды құрағандығын көрсетіп отыр. Бұған қоса, статистика жүргізгендердің түсіндіруінше, бұл елге келушілер санының өсуі есебінен емес, Ұлыбританиядан эмиграция деңгейінің төмендеуінен орын алуда. Еуропалық одаққа мүше елдерден иммиграция дәл осы кезеңде 184 мың адамға дейін ұлғайған. Бұл өткен мәннен 10 мың адамға артық. Бұған қоса, Румыния мен Венгриядан келушілердің легі де күрт арта түскен.

Ұлттық статистика бюросының болжамынша, миграцияның дәл осы деңгейі сақталып қалатын болса, онда таяу 8 жылдың ішінде Англия халқы 7,5 пайызға артатын болады. 2024 жылға қарай Лондон тұрғындарының саны 13,7 пайызға, Англияның шығыс бөлігінің халқы 8,9, ал оңтүстік-шығысында 8,1 пайызға көбейетіндігі айтылған. ЕО елдерінен миграция және мигранттар туралы мәселе - бұл Біріккен Корольдіктің Еуропалық одақтан шығу туралы референдум қарсаңындағы пікірсайыстың дәл ошағында тұрған негізгі мәселелердің бірі.

ЕО-дан шығуды жақтайтындар Лондон экономика қажеттілігіне байланысты шетелдіктердің келуі легін дербес жүргізу арқылы дұрыс бақылау жүргізе алады деп санайды. Ал олардың қарсыластары мигранттар елдің іскерлік белсенділігін ілгерілететін күш екендігін айтуда.

Біріккен корольдіктің тәуелсіздігі партиясының көшбасшысы Найджел Фарадждың айтуынша, бұл мәліметтер иммиграцияның «бақылаудан» шығып кеткендігін көрсетеді. Дегенмен, Ұлыбритания ІІМ-нің миграциялық мәселелер жөніндегі министрі Джеймс Брокеншир ел Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон Еуроодақ құрамындағы Британия үшін келісімге қол жеткізген жаңа шарттары мигранттар үшін «жанама есікті» жабады деп санайды. Сарапшылардың атап өтуінше, Еуропалық одақтағы Ұлыбританияның мүшелігіне байланысты дауыс беруге дейін жария етілген Англиядағы мигранттардың санына қатысты жаңа мәліметтер пікірсайыс барысында еуроскептиктер үшін кезекті көзір болмақ. Олар осы арқылы референдумның қорытындысына әсер етуді мақсат етуде.

Айта кетерлігі, Еуропалық одақ құрамында Ұлыбританияның қалу-қалмауына қатысты одан арғы тағдыры 23 маусымда шешіледі.

Соңғы жаңалықтар