ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Үндістанда адамзат тарихындағы ең ірі парламенттік сайлау басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанда сайлаушылар саны бойынша әлемдік тарихтағы ең көп дауыс берілетін парламенттік сайлау басталды. Дүйсенбі күні басталған дауыс беру елдің әр өңірлерінде кезекпен 9 кезең арқылы жүргізіліп, тек 12 мамырда ғана өз мәресіне жететін болады.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Үндістанда адамзат тарихындағы ең ірі парламенттік сайлау басталды

Сайлау нәтижесінде алдағы 5 жылға Лок сабхидің (Үндістан Парламентінің төменгі палатасы) 16-шы шақырылымына 543 депутат сайланатын болады. Қазіргі шақырылым палатасының депутаттарының өкілеттігі 1 маусымда аяқталады, ал жаңа құрам 31 мамырға дейін құрылуы тиіс.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, дауыс беру шарасына шамамен 814 млн. адам қатысатын болады. Айтпақшы, осыдан 5 жыл бұрын Үндістанда өткен жалпыға ортақ сайлаудан бері сайлаушылардың саны 100 млн. адамға артып отыр. Үндістан Сайлау комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, дауыс берудің алғашқы күнінің өзінде 110 млн. сайлаушы өз таңдауын жасай алады. Бейсенбі күні парламенттің төменгі палатасына сайлау 8 штатта және ел астанасы Нью-Делиді қоса алғанда одақтас үш аумақта өтті.

Дауыстарды санау 16 мамырда өтеді. Осыдан кейін жеңіске жеткен партия келесі ел Үкіметін жасақтайды. Айта кетерлігі Үндістанның қазіргі Премьер-Министрі Манмохан Синг қазірдің өзінде парламенттік сайлаудан кейін қызметінен кететіндігін мәлімдеп отыр.

Ел билігі сайлау барысында қауіпсіздік шараларын күшейтуге барын салуда. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, исламшыл лаңкестер мен маоист содырлар тарапынан қауіп бар екендігі белгілі. Осыған байланысты мыңдаған полицейлер мен әскери қызметшілер сайлау учаскелерін қорғауға тартылуда. Бейсенбі күні Джамуи округінде жарылыс орын алып, соның салдарынан 2 әскери қызметші қаза тапты. Дегенмен бұл оқиға дауыс беру процедурасына еш кедергі келтірмеді.

Қазіргі уақытта сайлау кезіндегі негізгі тартыс билік партиясы «Үндістанның ұлттық конгресі» мен елдегі ірі оппозициялық партиялардың бірі «Бхаратия джаната парти» арасында өтуде.

Соңғы уақытта билік партиясы халық арасындағы беделінен біршама айырылып қалғандығы белгілі. Оған елде жемқорлық жанжалдар мен экономика өсімінің төмен көрсеткіші әсер етіп отыр. Сайлауда ҮҰК-не партия вице-президенті 44 жастағы Рахуль Ганди басшылық жасауда. Ол елдің бұрынғы Премьер-Министрі Раджив Гандидің ұлы әрі Үндістандағы Неру-Ганди саяси әулетінің ұрпағы. Р.Ганди миллион жаңа жұмыс орнын құруға, Үндістан экономикасын өрістетуге, ел инфрақұрылымын жақсартуға, сонымен бірге сапалы денсаулық сақтау саласын барлық халыққа қолжетімді жасаймын деп құлшынуда.

Ал оппозициялық «Бхаратия джаната парти» партиясының көшбасшысы - 64 жастағы тәжірибелі саясаткер, Гуджарат штатының бас министрі Нарендра Моди. Ол ел экономикасын сауықтыруға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық беріп отыр. Көп жағдайда, БДП-ның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары мен бағдарламасында билік партиясын сынауға баса назар аударылған. Сондықтан да олардың бірінші орынға шығуына мүмкіншілігі зор болып отыр. Алайда, 2002 жылы мыңдаған адамның өмірін жалмаған үндістер мен мұсылмандар арасындағы қақтығысқа Модидің де қатысы бар деген пікір айтылуда.

Бұл сайлауда жоғарыда аталған екі бәсекелестің өкшесін ала ентелеп келе жатқан тағы бір саяси ұйым бар. Ол - «Аам Аадми Парти». Оның жетекшісі Дели министрі 46 жастағы Арвинд Кеджривал. Бұл саяси тұлға 2011 жылғы жемқорлыққа қарсы көзғалыс көшбасшыларының бірі ретінде танымал. А.Кеджривал қарапайым адамдардың проблемасын шешіп, жемқорлықтың түптамырына балта шабатындығын айтып, халықты сендіруде.

Сондай-ақ сайлауға шағын партиялар да қатысуда. Олар Үкімет қалыптастыру ісінде маңызды рөл ойнауы да мүмкін. Мұндай жайт орын алу үшін саяси күштердің бірде-бірі басымдыққа ие болмауы әрі коалиция құру қажеттігі туындауы тиіс.

Байқаушылардың пайымынша, қай партия жеңіске жетсе де елдің сыртқы саяси бағдары айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды. Ал негізгі басымдық ішкі саяси тыныс-тіршілікке және ел экономикасын көтеруге аударылады.

Сайлаушылардың негізгі талаптары мыналар: жемқорлықтың тамырына балта шабу, адам құқығын сақтау, әйелдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыс орындарын құру және инфляциямен күрес. Сондықтан да жаңа үкіметтің бірінші кезекте баса назар аударар міндеті қазіргі министрлер кабинетінің қателіктерін түзеу болмақ.