ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Үндістандағы отшашу ойраны

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жексенбіде Үндістанның оңтүстік-батысындағы индуистік ғибадатханада жыл сайын өткізілетін фейерверк фестивалі соңы қайғылы жағдайға ұласты. Пиротехникаларды ату барысына өрт шығып, шамамен 500 адам зардап шеккен болатын. Ал бейсенбі күні Еуропарламент жолаушылардың жазба мәліметтерін кәдеге жаратуды реттейтін директиваны басым дауыспен бекіткен еді. Есепке алудың жаңа жүйесі лаңкестікпен күресте жәрдем беруі тиіс.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Үндістандағы отшашу ойраны

Отшашудағы ойран

Жексенбі күні Үндістанның оңтүстік-батысындағы Коллам қаласындағы Путтингал ғибадатханасында индуистердің Жаңа жыл мерекесін қарсы алу үшін шамамен 15 мың адам жиналған. Қалыптасқан дәстүрге сай мерекені атап өтудің ажырамас бөлігі отшашу болатын. Сондықтан да жергілікті жамағат түнгі әуе көгіне сан алуан отшашу атудан бәсеке өткізеді.

Алайда, өкінішке орай, шоу басталғаннан кейін пиротехникадан ұшқан шоқ ғибадатхананың сыртын әрлеп тұрған жасанды гүл тізбегіне тиіп, өрт тұтанды. Сәл уақыттан кейін өрт ғимараттың ішін шарпыды.

Бұған қоса, фейерверктің бірі пиротехникалар тұрған қойманың шатырына түсіп, ахуалды одан ары ушықтыра түсті. Пиротехника жарылысы ғибадатхананың бетон құрылғысының бір бөлігін бүлдірді.

«Үкімет мереке уақытында ғибадатханаға тақау жерде фейерверк атуға шектеу қойған еді. Алайда, Путтингалда ол сақталмаған», - деді штаттың бас министрі Оуммен Чанди.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты Үндістанның Премьер-Министрі шұғыл арада Керала штатына жетіп, өрттен зардап шеккендермен кездесті және туыстары қаза тапқандарға көңіл айтты.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, пиротехника қоймасындағы жарылыс пен ғибадатхана кешеніндегі өрт салдарынан қаза тапқандардың саны 116 адамға жетіп отыр. Бұған қоса, 380 қала тұрғыны жарақат алса, оның шамамен 200-і әлі де болса түрлі медициналық мекемелерде ем алуда.

Қаза тапқандардың отбасыларына штат үкіметі тарапынан 200 мың рупий (шамамен 3 мың доллар) көлемінде көмек беріледі. Ал зардап шеккендер 50 мың рупийден (шамамен 750 доллар) жәрдемақы алады.

Қайғылы оқиға ауқымының мұндай көлемде болуы бүкіл Керала штатында фейерверк атуға тыйым салуды талап етуге түрткі болды. Үндістан Медициналық қауымдастығы жергілікті штабының басшысы өңірдің Жоғары сотына фейерверк атуға шектеуге қатысты петиция беруге ниетті екендігін мәлімдеді.

Әлем көшбасшыларымен қатар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Модиге көңіл айту жедел хатын жолдады.

Жеделхатта көптеген адамның қаза болғаны және зардап шеккені туралы қайғылы хабарды Нұрсұлтан Назарбаевтың зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.

Мемлекет басшысы қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына жеке өзінің және Қазақстан халқының атынан көңіл айтты.

Штат полициясы ғибадатхана атқарушы комитетінің өкілдері мен фейерверк шоуына жауап беретін мердігер фирманың 7 адамына қатысты іс қозғады. Бұған қоса, мерекені ұйымдастыруға қатысы бар тағы 5 адамның қолға түскені белгілі.

Құқық қорғау органдары ғибадатхана комитетінің 8 мүшесі мен төтенше оқиға орнынан қашып кеткен басқа да адамдарды іздестіру үстінде.

Лаңкестікпен күресте жолаушылар туралы мәліметтер қолданылмақ

Бейсенбі күні Страсбургте өткен Еуропарламенттің жалпы отырысында авиажолаушылар мәліметтерін жинаудың Passenger Name Record (PNR) жүйесі бойынша еуропалық директиваға дауыс берді.

Еуропалық авиакомпаниялар өздерінің жолаушылары туралы мәліметтерді жинауға және оны бір-біріне жіберуге міндетті болады. Сөз рейстер датасы, маршруттары, билеттер туралы ақпараттар, жолаушылардың координаттары, жүгі туралы мәліметтер және басқа да ақпараттар жайында болып отыр.

Бұл арнайы қызметтердің «ДАИШ» лаңкестік тобы сапында ұрыстарға қатысқаннан кейін ЕО-ға оралған содырлардың жүріс-тұрысын қадағалап отыруға мүмкіндік береді деп болжануда.

Бұл мәселеге қатысты пікір сайыс таяуда ғана Миграция, ішкі істер және азаматтық мәселелер жөніндегі еурокомиссар Димитриса Аврамопулостың қатысуымен өткен еді.

«Еуропалық PNR Еуропаға келгенде немесе кеткенде ұшақты пайдаланатын шетелдік содыр-лаңкестерді, олардың байланыстарын анықтау үшін қауіпсіздік қызметіне мол мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді Аврамопулос.

Бұл ретте ол жеке мәліметтерді қорғау негіз құраушы болып саналатындығын баса айтты. «Біз адамның негізгі құқықтарына зиян тигізбестен ақпарат алмасқымыз келеді», - деді еурокомиссар.

«Біз лаңкестер мен контрабандышылармен күресте жаңа маңызды құрал қабылдадық. Жолаушылар мәліметтерін жинау, алмасу және сараптама жүргізу арқылы біздің арнайы қызметтеріміз күдікті адамдарды анықтауға мүмкіндік алады. Жолаушылар мәліметтерін жазу жүйесі панацея емес, бірақ, оны ұлттық деңгейде қолданатын елдерде өз тиімділігін көрсетіп отыр», - деп мәлімдеді PNR туралы директиваның бастамашысы, британдық депутат Тимоти Киркхоуп.

Директива мәтінін 461 депутат жақтаса, қарсылық танытқаны - 179 депутат, тағы 9-ы қалыс қалды. Ендігі уақытта заңнамаға сәйкесінше өзгерістер енгізуді мүше елдердің ұлттық үкіметтері мақұлдауы тиіс.

Осыдан кейін ЕО-ға мүше мемлекеттер жолаушылар туралы ақпараттарды жинаудың бірыңғай жүйесін құруға міндетті. Ал бұл мәліметтер 5 жыл бойы сақталуы қажет.

Айта кетерлігі, бірнеше жыл бұрын Еуропарламент авиажолаушыларды жеке-жеке есепке алу туралы заңнаманы қабылдамаған еді. Дегенмен, таяуда Париж бен Брюссельде орын алған лаңкестердің шабуылынан кейін депутаттар лаңкестікке қарсы шараларға басым дауыс берді.