ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ватикан Папасыз қалды

АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат - 7 ғасырдан астам уақыт өткеннен кейін алғаш рет Рим папасы Бенедикт XVI өз еркімен Апостоль тағынан бас тартты

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ:  Ватикан Папасыз қалды

11 ақпан күні өткен консисторияда 85 жастағы Бенедикт XVI Папа тағынан бас тартатындығын жария еткен болатын. Ол Ватикан билігінен кетуге шешім қабылдап, каноникалық заңның 332-ші бабын пайдаланған тарихтағы екінші папа болып қалмақ. Өзінің тақтан бас тарту шешімінің түп төркінін ашқан ол католик шіркеуінің басшысы міндетін одан әрі атқаруға шамасы жетпейтіндігін ашық айтты. Оның атап өтуінше, понтификаттан бас тартуы «шіркеулер игілігі» үшін жасалған қадам болды.

Бенедикт XVI Апостоль тағына 2005 жылдың 19 сәуірінде сайланғанға дейін 265-ші понтифик еді.

Сәрсенбі күні понтификтің соңғы жалпыға ортақ аудиенциясы өтті. осыған орай Ватикандағы Әулие Петр алаңында шамамен 200 мың діндар мен саяхатшылар жиналды. Рим папасы жиналған діндарлар алдында итальян тілін қоспағанда 11 тілде сөз сөйледі. Апостоль сарайының балконына шығып сөз сөйлеген Бенедикт XVI әр кезде де Жаратқанның бар екендігін сезінгенін, ал жүрегі Құдайға деген алғысқа толы екендігін баса айтты. «Қазіргі уақытта менде зор сенім бар. Өйткені мен, біздің барлығымыз да Інжілдің шынайы сөзі - бұл Шіркеу қуаты, бұл оның өмірі екендігін білеміз»,- деді ол. Бенедикт XVI католик шіркеуі және оның жолын ұстанушылар дұрыс жолда екендігіне сенім артты.

«Мен жеке өмірге, саяхаттау, кездесулер, қабылдаулар мен конференциялар сынды өмірге қайта оралмаймын. Мен кресті тастамаймын, бірақ крестке керілген Құдайдың қарауында жаңа сапада қаламын», - деді понтифик. Ол «бұл жер бетінде өзінің мінәжатының соңғы кезеңін» атқаратын «қарапайым мінәжатшы» болып қалатындығын баса айтты.

Рим папасы аудиенцияны латын тілінде мінәжат етумен аяқтап, жиналған ондаған мың адам оны зор қошеметпен шығарып салды. Аудиенция Климент залында тәмамдалып, ол жерде тақтан өз еркімен бас тартқан понтифик бірқатар мемлекеттің басшыларын қабылдады. Ендігі уақытта ол «Құрметті папа» болып қалады және бұдан арғы уақытта «Ұлы мәртебелі» деп аталуы мүмкін.

Бейсенбі күні Бенедикт XVI ресми түрде Рим папасы болуын ресми түрде тоқтатты. Бенедикт XVI-ның 2012 жылдың желтоқсан айынан істеп тұрған Twitter микроблогы да 28 ақпан күні жабылды. Демалысқа кетер алдында понтифик Ватиканнан шығып, тікұшақпен Римнен 24 шақырым жердегі папаның жаздық Кастель Гандольфо резиденциясына келді.

Бенедикт XVI-ның Ватикандағы Рим-католик шіркеуінің басшысы ретіндегі қызметі аяқталғаннан кейін «бос тақ» режимі басталып, ол Рим папасын сайлайтын кардиналдар кеңесінде жаңа папа сайланатын наурыз айына дейін созылады. Осы уақыт аралығында Рим-католик шіркеуінің басшысы қызметін Қасиетті тақтың мемлекеттік хатшысы кардинал Тарчизио Бертоне атқарады. Мұрагер 15 наурызға дейін сайланады деген болжам бар.

Таяу аралықта сайлаушы кардиналдар жаңа папаны сайлауды бастайды. Рим Папасы тағына кімнің отыратындығы әзірше белгісіз. Дегенмен кім болса да, оған шіркеу төңірегінде орын алған соңғы жанжалды реттеуіне тура келеді. Өйткені, «Ватиликс ісі» деген атау берілген Ватиканның құпия құжаттарының сыртқа шығуымен айналысқан комиссия әзірлеген құпия құжаттарды Бенедикт XVI келесі папаның қолына ғана табыс етеді.

Бенедикт XVI-ның бөлме қызметшісі Ватиканның құпия құжаттарын ұрлап алып, оны журналист Джанлуиджи Нуцциге берген болатын. 2012 жылдың мамырында «Ұлы мәртебелі» деген атаумен кітап жарыққа шықты. Онда Ватикандағы жемқорлық және шіркеу өкілдерінің қатысы бар сексуалды жанжалдар кеңінен баяндалған. Бірқатар бағалаулар бойынша, дәл осы жанжалдар понтификтің тақтан бас тартуының шынайы себебі болды.

Рим папасын сайлайтын кардиналдар кеңесі ережесіне сәйкес жасы 80-нен аспаған Рим-католик шіркеуінің барлық кардиналдары жаңа Папа сайлауына түсе алады. Бүгінде бұл талаптарға 117 сайлаушы кардинал сай келеді. Байқаушылардың айтуына қарағанда, жаңа понтификті сайлауда Италия мен АҚШ барынша ықпалды болмақ.

Кардиналдар сайлауы сәтті өткізілгеннен кейін алауошақ (камин) жағылып, мұржадан ақ түтін көкке көтеріледі. Сайланушы қажетті барлық дәрежелерді алғаннан кейін өзінің латын тілінде жаңа есімін атайды. Осыдан кейін Апостоль сарайы балконнынан «Habemus Papam!», латыннан аударғанда «Бізде Папа бар!» деп жария етіледі.