ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ыстамбұлдағы жарылыс «ДАИШ-тың» кезекті шабуылы ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада Лос-Анджелесте 73-ші рет «Алтын глобус» сыйлығын табыстау шарасы өтті. Ал осыдан бір күн бұрын Мексиканың күш-қуат құрылымдары осыдан біраз уақыт бұрын түрмеден қашып кеткен «Қортық» лақап атымен танымал есірткі бароны Хоакин Гусманды тұтқынға алды. Сондай-ақ, осы аптада Ыстамбұлда жарылыс жасалып, ондаған жазықсыз жан қазаға ұшырады.

 ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ыстамбұлдағы жарылыс «ДАИШ-тың» кезекті шабуылы ма?

«Алтын глобус» иегерлері белгілі болды

Өткен жексенбі күні Лос-Анджелесте «Алтын глобус» киносыйлығын табыс ету салтанатты шарасы өтті. «Алтын глобус» сыйлығы Голливудте аккредиттелген шетел журналистері белгілейтін кинофильмдер мен телевизиялық картиналар үшін 1942 жылдан бастап беріліп келеді. Қауымдастықта әлемнің 55 елінен 90 репортер бар.

Бірден айта кетерлігі, режиссер Алехандро Гонсалес Иньярритудың «Выживший» фильмі ең көп сыйлы мүсіншеге ие болды. Салтанатты шара барсаңында барлық кино сыншылары дәл осы туындыны «Үздік драмалық фильм» аталымының жеңімпазы деп атаған болатын. Олардың болжамы қиыс кетпеді. Туынды үш наградаға, оның үшінде үздік режиссура және үздік актер (Леонардо Ди Каприо) аталымдарында да жеңімпаз болды.

Бұл кино туынды аюдың шабуылынан ауыр жарақат алған аңшы Хью Гласстың өмірінен сыр шертеді. Оны жолдастары орманға тастап кетіп, тіпті көз алдында туған ұлын пышақтап өлтіреді әрі өзін Американың Жабайы батысының ен даласында өлім ауызында қалдырып кетеді. Осыдан кейін басты кейіпкер кек қайтару үшін алға ұмтылып, қатал табиғат сынынан, жаулық пиғылдағы үндіс тайпаларының қуғынынан сытылып шығады.

Ал Ридли Скоттың «Марсианин» туындысы «Үздік мюзикл немесе комедия» аталымында «Алтын глобусқа» ик болды. Сондай-ақ, фильмнің басты рөлін сомдаған Мэтт Дэймон да үздік актерлік шеберлігі үшін осы сыйлыққа лайық ден танылды.

Бұл санатқа сондай-ақ, Стив Карелл мен Кристиан Бэйл («Игра на понижение»), Аль Пачино («Второй шанс») және Марк Руффало («Бесконечно белый медведь») ұсынылған болатын. Деймонның бұл жетінші номинациясы және «Алтын глобустағы» екінші жеңісі

Үздік әйел рөліндегі награда «Комната» фильмінде басты рөлде ойнаған Бри Ларсонға бұйырса, «Үздік комедиялық актриса» аталымында «Джой» фильміне түскен Дженнифер Лоуренске берілді.

Ал үздік сценарий аталымында «Алтын глобус» Apple компаниясының негізігі қалаушы жайлы түсірілген «Стив Джобс» фильмі үшін Аарон Соркинге табысталды. Осы фильмге түскен Кейт Уинслет «Екінші пландағы үздік актриса» аталымында мүсіншеге ие болды. Мұнан бөлек, Сильвестр Сталлоне өзінің актерлік мансап жолында алғаш рет «Алтын глобус» алып отыр.

«Қортықты» қақпанға түсіру

«Алтын глобус» сыйлығын табыс етуден бір күн бұрын Мексикада әлемдегі ең ірі есірткі тасымалдаумен айналысатын топтың басшысы Қортық лақап атымен танымал есірткі бароны Хоакин Гусман ұсталды.

Оны ұстау барысында арнайы жасақ оны қорғаған оққарлармен қару қақтысқа дейін барды. Арнайы жасақ 5 қылмыскерді жер жастандырып, бірнешеуін тұтқынға алды. Сонымен қатар, көптеген қару-жарақ тәркіледі.

Гусман қолға түскеннен кейін әскери тікұшақпен Мехико штатындағы Альтиплано түрмесіне жеткізілді. Есте болса, 2015 жылдың шілде айында дәл осы түрмеден Қортық он метрлік тереңдікте қазылған 1,5 шақырымдық жер асты жолымен қашып кеткен еді.

Қылмыскердің ұсталуына орай ел президенті Энрике Пенья Ньето өзінің «Твиттердегі» шағын блогына «Мисси орындалды: біз оны ұстадық», деп жазба қалдырды.

Хоакин Гусман әлемдегі бай адамдардың бірі және қылмыс әлемінде де беделі өте жоғары. Ол жалғыз өзі АҚШ нарығына жеткізілетін есірткіні бақылауында ұстап отыр. Оның есірткі тасымалдаудан түсетін жылдық табысы 323 млн. доллар көлемінде бағаланған.

Айта кетерлігі, Вашингтон Гусманның Құрама Штаттарға экстрадициялануын талап етуде. Егер ол АҚШ-қа жеткізілсе, онда бірнеше жүздеген жылға бас бостандығынан айырылады.

Атағы жер жарған қылмыскер қолға түскеннен кейін оның өз өмірбаяны бойынша кино түсірмек болғаны анықталды. Есірткі бароны осы мақсатта тіпті актерлермен және продюсерлермен де байланысқа шыққан.

Ыстамбұлдағы лаңкестік

Сейсенбі күні Ыстамбұлдың тарихи орталығы Сұлтанахмет алаңында жарылыстың орын алғандығы туралы ақпарат желдей есті. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне сәйкес, жарылғыш затты германиялық туристер алаңнан өтіп бара жатқан сәтте лаңкес-жанкешті іске қосқан.

Сәл кейінірек әлеуметтік желілерде қайғылы оқиға орын алған жердің суреттері мен видеосы тарала бастады. Жарылыстың қуатты болғаны соншалық, тақау маңда тұрған полиция көлігі аударылып қалған.

Осыдан кейін ел Премьер-Министрі Ахмет Дәуітоғлы Сырты істер министрінің және қауіпсіздік қызметі басшыларының қатысуымен шұғыл жиын өткізді.

Лаңкестік әрекетке байланысты тергеу амалдары әлі де жүргізілуде. Дегенмен, Түркия билігінің хабарлауынша, жанкештінің «ДАИШ» лаңкестік тобымен байланысы бар Сирия азаматы екендігі белгілі.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, 11 адам қаза тауып, 15 адам жараланды.

Зардап шеккен туристердің басым бөлігі Германия азаматтары. Жарылыстан қаза тапқандар мен жарақат алғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Елбасы Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанға Стамбул қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Бүгінде терроризм бүкіл адамзатқа үлкен қатер төндіріп отыр. Бұл зұлымдықты тек күш-жігер жұмылдыру арқылы ғана жеңуге болады. Қазақстан бейбіт өмір мен елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи сын-қатерлерге қарсы күрес жолында Түркиямен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын», - делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың туыстарына Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтты, сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ, көңіл айту жеделхаты Түрік Республикасының Стамбул қаласында болған террорлық акт салдарынан неміс азаматтарының қаза табуына байланысты Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельге жолданды. Жеделхатта қайғылы оқиға туралы хабарды Елбасының зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған. «Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін айыптайды және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың оған қарсы күресін қолдайды», - делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан А.Меркельге, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ бүкіл Германия халқына шын ниетпен көңіл айтты.