ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Желтоқсанға қарай Эбола вирусына шалдыққандар саны аптасына 10 мың адамға жетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіне әлем назары тағы да қара құрлықтың басына нәубет әкелген Эбола вирусына ауды. Бүгінде дәл осы дерттен мыңдаған адамның о дүниеге аттанғаны белгілі.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Желтоқсанға қарай Эбола вирусына шалдыққандар саны аптасына 10 мың адамға жетеді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, Эбола індетінен көз жұмғандардың қатары артып келеді. Батыс Африка мемлекеттеріндегі осы ауруға байланысты ахуал күннен-күнге нашарлай түсуде.

ДДҰ бас директорының көмекшісі Брюс Эйлвардтың атап өтуінше, осы аптаның соңында Эбола жұқтырған адамдарың саны 9 мыңға жетпек. Бүгінгі таңда вирустан 5 мыңға жуық адам қаза тапты.

Бұл індеттің таралу географиясы да күн өткен сайын кеңейіп келеді, ал, Гвинея, Либерия және Сьерра-Леон астаналарында оның таралуы ушығып барады. Б.Эйлвардтың айтуынша, халықаралық қоғамдастық ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін Эбола вирусына шалдыққан науқастардың 70 пайызын тиімді емдеу үшін қажетті барлық шараларды жүргізуді қолға алып, қаза тапқандарды қауіпсіз жерлеуді ойластыруы қажет. Сонымен қатар ол аталған шаралар дер уақытында қолға алынбаса індеттен көз жұғандар санының еселене түетіндігін ескертуде. «Біздің болжамымызша, дәл осы уақытта (ағымдағы жылдың желтоқсаны) індетке шалдығатындардың саны аптасына 5-10 мың адамды құрайды», - деді Б. Эйлвард.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және емдеу жөніндегі орталығы мәліметтеріне сәйкес, вирустың таралуына тосқауыл боларлық шаралар қабылданбайтын болса, онда 2015 жылдың қаңтарына дейін Либерия мен Сьерра-Леонда Эбола індетімен 550 мыңнан 1,4 млн. адамға дейін ауруы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, қазіргі уақытта Эбола вирусын Гвинея, Либерия, Нигерия, Сенегал, Сьерра-Леон, Испания және АҚШ азаматтары жұқтырғаны белгілі.

БҰҰ-ның арнайы өкілі әрі Эболаға төтенше қарсы тұру миссиясының басшысы Энтони Бэнберидің мәліметтерінше, қазіргі қолданыстағы ресурстар зардап шеккен елдердің халқына қажетті көмек көрсетуге және Эболаның одан ары таралуына тосқауыл қоюға жеткіліксіз. «Эбола бастапқы сәттен бері біздің алдымызды орап келеді. Ол бізден қашықтап кеткен, бізден қарқыны да тым жоғары. Егер Эбола жеңіске жететін болса, онда ғаламшар тұрғындарының біразынан айырылу қаупі туындамақ», - деді Э.Бэнбери.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун халықаралық қоғамдастықты осынау қауіпті індетпен күреске 1 млрд. АҚШ долларын бөлуге шақырды. «Эбола - ауқымды әрі жедел қарымта шаралар қабылдауды талап ететін өте қауіпті жаһандық проблема», - деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысы.

Оның сөзіне қарағанда, әлемнің ондаған елі Эбола шарпыған мемлекеттерге жәрдем беруде. Алайда бұл қабылданған шаралар жеткіліксіз. «Біздерге көптеген дәрігерлер, медбикелер, құрал-жабдықтар мен емдеу орталықтары және науқастарды қауіпсіз жерге көшіру үшін қаржы қажет. Мен халықаралық қоғамдастықты 1 млрд. доллар бөлуге шақырамын. Бұл біздерге індеттің өршу үдерісін тежеп, 1 желтоқсанға қарай вирустың таралу қарқынын төмендету мақсатымызға қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Пан Ги Мун.

Осы аптада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда жиынға қатысушылар халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіріп отырған вирустың таралу қарқынына алаңдаушылық танытты. БҰҰ ҚК мүшелері халықаралық қоғамдастықтың Эбола вирусына лайықты дәрежеде тойтарыс беруге қауқарсыздығын атап өтті. Осыған орай олар БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді, сонымен қатар серіктестер мен халықаралық ұйымдарды ресурстар бөлуді жетелдетуге, қаржы мен материалдық көмекті барынша кеңейтуге шақырды.

Қажетті ресурстар қатарында ұтқыр зертханалар, далалық госпитальдар, вакциналар мен диагностика құрал-жабдықтары аталды. Бұған қоса, білікті медицина қызметкерлері мен қорғаныс киім-кешек жабдықтарының да жеткіліксіздігі аталып өтілді. Сонымен бірге БҰҰ ҚК мүшелері вирустан барынша зардап шеккен Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонда жұмыс істейтін дәрігерлерді логистикамен қолдау көрсетуге шақырды.

Бейсенбі күні Брюссельде ЕО елдерінің Денсаулық сақтау министрлері бас қосып, авиажолаушыларды тексеру бойынша шараларды дұрыстап үйлестіруге және Еуроодақ аумағында Эболаның таралуына жол бермеу үшін ақпарат алмасуды жандандыруға уағдаласты.

Денсаулық сақтау және тұтынушыларды қорғау мәселелері жөніндегі еурокомиссар Тонио Боргтың атап өтуінше, мүше мемлекеттер әуежайлар мен айлақтарда, әсіресе тікелей рейстермен келетін жолаушыларды ұлттық деңгейде тексеру шараларын барынша үйлестіруге ниет танытып отыр. Оның айтуынша, таяу аралықта ЕО жалпы хаттама мен жолаушылар үшін сауалнама жүргізу, байланыстарды қадағалау бойынша жалпы процедура енгізетін болады.

Еуро комиссардың сөзіне қарағанда, ақпараттың мол болуы вирус жұқтырған азаматты дер уақытында анықтауға мүмкіндік береді.

Барша әлем дәрігерлерінің пайымынша, қолды сабынмен жуу Эоламен күрестегі ең тиімді құрал болып отыр. Айта кетерлігі, 15 қазанда әлем жұртшылығы Дүниежүзілік қол жуу күнін 7-ші мәрте атап өткен болатын. ЮНИСЕФ қолды сабындап жуу түрлі жұқпалы аурулардың, оның ішінде Эбола вирусының алдын алудағы барынша тиімді әрі экономикалық құрал екендігіне баса назар аудартуда.

«Қолды сабындап жуу - вирустық ауруларға, маусымдық тымау және суық тию ауруларына қарсы ең арзан әрі барынша тиімді «вакцина», - деді ЮНИСЕФ өкілі Санджай Виджесекера.

Оның атап өтуінше, ЮНИСЕФ барша әлемге Эбола індетінің одан ары таралуына жол бермеу үшін қолды сабындап жуудың маңыздылығын түсіндіруде.