ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Жерорта теңізіндегі босқындардың опат болуы Еуропаның масқарасына айналды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлемдік қоғамдастықтың назары Жерорта теңізіндегі қайғылы оқиғаға ауды. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан бас сауғалаған 800-ден астам босқын кеме апаты салдарынан Жерорта теңізінің Ливия жағалауында опат болды.
Еуропаға жетелейтін теңіз жолындағы босқындардың басына төнген осынау нәубетті қазіргі уақытта әлем жұртшылығы «иммигранттардың апокалипсисі» немесе «Еуропаның масқарасы» деп атауда.
Айта кетерлігі, мұнан бөлек әлем жұртшылығының назарын аударған тағы бір жайт, мұхиттың арғы жағындағы алып елде орын алды. Нақты айтқанда, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында бұл елдегі әдебиет, журналистика, музыка және театр саласында берілетін ең мәртебелі сыйлықтардың бірі Пулитцеровский сыйлығы лауреаттарының есімдері жария етілді.
Жерорта теңізіндегі қасірет
19 сәуір күні түнде Ливия жағалауынан 60 теңіз миль қашықтықта кезекті қайғылы жағдай орын алды. Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, бортында 800-ден астам босқын бар 20 метрлік қайық бір жағына қарай жантайып, содан кейін суға батып кеткен. Барлық жолаушылар Алжир, Бангладеш, Гана, Мысыр, Замбия, Мали, Нгери Сенегал Сирия және Сомалидің азаматтары. Апат кезінде олардың басым бөлігі кеменің жүк салатын бөлігінде болған.
Кеме апатқа ұшырағандығы жайындағы дабылды 18 сәуір күні түн ортасында жіберген. Дегенмен, ең қасіретті сәт португалдық «Король Якоб» кемесі апатты аймаққа келгенде болған. Аман қалуды ойлаған босқындар құтқару кемесіне ұмтылған кезде қайық аударылып, қайғылы жайт орын алды.
Осы келеңсіз оқиғадан кейін бірден Италияның жағалау күзеті қызметі кең ауқымды құтқару жұмыстарын бастап жіберген. Өкінішке орай босқындардың тек 28-ін құтқару мүмкін болды. Тірі қалған босқындардың бірінің айтуынша, кеме апатқа ұшырар сәтте капитан өлердей мас болып, апат орын алар сәтте гашиш шегіп отырған.
Италия билігі суға батқан кемеден 2 адамды тұтқынға алды. Оның бірі кеме капитаны 27 жастағы тунистік, екіншісі оның көмекшісі 25 жастағы сириялық азамат болып шықты. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Аталған қайғылы оқиғадан кейін Еуропалық одақ шұғыл кеңес шақырту туралы шешім қабылдаса, католик шіркеуінің көшбасшысы Папа Римский Франциск халықаралық қоғамдастықты босқындардың проблемасын шешер жол табуға үндеді. Ал Еуропарламенттің төрағасы Мартин Шульц ЕО-ның Жерорта теңізімен өтетін оңтүстік шекарасын «әлемдегі нағыз өлім шекарасы» деп атады.
Дүниежүзілік ұйымның штаб-пәтерінде сөз сөйлеген БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун Жерорта теңізінде босқындардың апатқа ұшырау ауқымын «Титаник» кемесінің суға батуымен теңеді.
Айта кетерлігі, Италия мен Мальта заңсыз мигранттардың сүйікті орнына айналып отыр. Әсіресе, Тунис жағалауына тақау тұстағы Италияның Лампедуза аралы маңында кеме апаты жиі орын алады.
Пулитцер сыйлығы табыс етілді
Дүйсенбі күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында осы елдегі әдебиет, журналистика, музыка және театр саласында берілетін ең мәртебелі сыйлықтардың бірі -Пулитцеровский сыйлығы лауреаттарының есімдері жария етілді.
Сыйлық 1917 жылдан бастап жыл сайын табыс етіліп келеді. Бұл сыйлықты газет магнаты Джозеф Пулитцер бекіткен болатын. Ол арнайы жазып қалдырған өсиетінде өз атында құрылған қорға 2 млн. доллар аударылатындығы айтылған. Ақшалай жүлде қоры 10 мың долларды құрайды.
Ең мәртебелі санаттағы «Қоғамға қызмет еткені үшін» сыйлығы АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатына қарасты Чарльстон қаласында шығатын «The Post and Courier» газетіне берілді. Басылым аталған штаттағы отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан әйелдердің жиі өлімі тіркелуіне орай әзірленген «Пока смерть не разлучит нас» материалдар топтамасы үшін алды.
Газет тілшілері соңғы 10 жылдың ішінде зорлық-зомбылықтың салдарынан мерт болған 300 әйелдің ісін зерделеген.
Ағымдағы жылы «The New York Times» газетінің ұжымы үш бірдей жүлдені еншіледі. Атап айтқанда, Батыс Африкадағы Эбола вирусының таралуы жайындағы материал және осы тақырыпта түсірілген фотограф Дэниел Берехулактың туындысы жүлдеге ие болды. Үшінші сыйлықты басылым тілшісі Эрик Липтон лоббистердің ықпалы туралы журналистік зерттеуі үшін алды.
Мұнан бөлек, Пулитцер сыйлығын «The Los Angeles Times», «The Wall Street Journal», «The Washington Post», «The Seattle Times», «St. Louis Post-Dispatch» басылымдары алды.
Ал Үздік өмірбаяншы сыйлығы Папа и Муссолини: секретная история Пия XI и роста фашизма в Европе» кітабының авторы Дэвид Кертцерге берілді. Онда автор таяуда ғана Ватикан мұрағатынан жария етілген құжаттарды кеңінен пайдаланған.
Драма саласында Стивен Адли Гирджис «Между Риверсайд и Крейзи» пьесасы үздік танылды. Ал Дакота штатында тіршілік ететін үндістердің мандан тайпасы жайында сыр шертетін Элизабет А.Феннің «Встречи в сердце мира: история племени мандан» кітабы тарихи еңбек саласында үздік атанды. Ал ақындар арасында Пулитцер сыйлығы Грегоры Пардлоға берілді. Қазылар алқасының пікірінше, ақын жинағында «21 ғасыр адамының үнінен таза әрі айқын ойы естіледі».