ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Жүйкесі сыр бергендер француздықтардың үрейін ұшыруда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде де ғаламшар бетінде адамзат баласын өз назарына аударған бірнеше оқиға орын алды. Оның ішінде Францияда орын алған бірнеше шабуыл мен АҚШ-тағы құқық қорғау қызметкерлерінің қара нәсілді жасөспірімді оққа ұшыруы да бар. Дегенмен, осы аптада христиандардың басты мерекесі - Рождествоның өткендігін де айта кеткен жөн.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Жүйкесі сыр бергендер француздықтардың үрейін ұшыруда

Франциядағы шабуыл

Сонымен, Франция билігі Нант, Дижон және Жуэ-ле-Тур қалаларында орын алған шабуылдардан кейін мереке кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын күшейте түсті. Есте болса, бірнеше шабуыл салдарынан 1 адам қаза тауып, 20-дан астам адам, оның ішінде үш полиция қызметкері жарақат алған еді. Атап айтқанда, дүйсенбі күні Нант қаласында белгісіз адам «Аллах акбар» деп аттандап, жүк көлігін көше базарындағы сатып алушыларға бағыттады, осыдан кейін өзіне бірнеше жерден пышақ салып алған. Осы оқиға салдарынан 9 адам жарақат алса, оның біріне сәл кейінірек дәрігерлер клиникалық өлім жағдайында деген диагноз қойды. Елдің ішкі істер министрі Бернар Казневтің айтуынша, базарда сатып алушыларды басып кеткен адамның жүйкесі ауытқуға ұшыраған екен. Ал осыдан бір күн бұрын тағы бір жүйкесінде ауытқуы бар адам Дижонда қаланың әр қиырында 13 жаяу жүргіншіні басып кеткен болатын. Оқиға куәгерлерінің айтуына қарағанда, ол да «Аллах акбар» деп ұрандаған көрінеді. Сәл кейінірек қала прокуроры ұсталған адамның 2001 жылдан бері кемінде 157 рет ауруханаға жатқызылғанын жария етті. Ал Францияның Жуэ-ле-Тур қаласында 20 жастағы азамат полиция комиссариатында еш себепсіз кезекші офицерге пышақ ала ұмтылды. Ол үш полиция қызметкерін пышақтағаннан кейін ғана оққа ұшты. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жас жігітке «Ислам мемлекеті» қозғалысымен байланысы бар деген күдік келтіруде. Міне, осындай оқиғалардан кейін Франция Премьер-Министрі Мануэль Вальс мереке кезеңінде қауіпсіздік шараларын күшейту туралы шешім қабылдады. Елдің ірі сауда орталықтарындағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында қосымша 300 әскери қызметші жұмылдырылды. Сонымен қатар жандармдар мен полиция қызметкерлері халық шабуылға ұшырауы мүмкін көшелерді жіті шолғындай бастады. Сент-Луисте полиция қара нәсілді жасөспірімді атып тастады АҚШ-тың Миссури қаласына қарасты Сент-Луис қаласында полиция қызметкері қара нәсілді жасөспірімді атып тастады. Оқиға Сент-Луис шетіндегі Беркли қалашығында орын алды. Есте болса, осы жылдың тамыз айында Беркли қалашығына таяу қоныстанған Фергюсон елді мекенінде полиция қызметкері тағы бір қара нәсілді Майкл Браун есімді жасөспірімді атып тастап, бұл жаппай наразылық шараларына ұласқан болатын. Ресми деректерге қарағанда, полиция қызметкерлері 18 жастағы Антонио Мартинді кешқұрым жанармай құю бекеттерінің бірінің жанында құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан. Ал бұл көліктегі жас жігіттің ашу-ызасын тудырған. Тіпті, ол қаруын полиция қызметкерлерінің біріне кезенген. Осыдан кейін өз қауіпсіздіктерін ойлаған полицейлер А.Мартинді атып тастаған. Осыдан кейін оқиға орнына 100-ден астам адам жиналған. Олардың арасында жергілікті билік өкілдері, М.Браун өлімі кезінде жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған белсенділер болды. Наразылық танытушылар полиция көлігін, көршілес дүкендердің сөрелерін талқандады. Оларды тарату үшін полиция қызметкерлері арнайы құралдар, көзден жас ағызатын газ қолдануларына тура келді. Католиктер мен протестанттар басты мерекелерін атап өтуде

Осы аптада дүние жүзінің 145 мемлекетінде тойланатын протестантар мен католиктердің діни мейрамы - Рождество басталды. Бұл күндері барша христиандар шіркеулер мен ғибадатханаларда шоқынумен өткізеді. Айта кетерлігі, Рождество мейрамын барлық христиандар атап өтеді, дегенмен, католиктер оны 25 желтоқсан күні, ал православтар 7 қаңтарда тойлайды. Батыс елдері бұл мерекені отбасы мерекесі деп есептейді.

Ерте заманда Рим империясы өздері жартылай құдай, жартылай адам деп табынатын Митраның туған күнін кейінен тойлайтын. Олардың жалған дініне сәйкес Митра 25 желтоқсан күні үңгірде жануарлар арасында дүниеге келген-мыс. Ел арасында кеңінен етек жайған бұл мерекені ығыстыру мақсатында ІV ғасырда Митраның бас табынушысы болған, кейіннен христиан дініне бас ұрған Византия императоры Константин 25 желтоқсанды Иисустың туған күні деп жариялаған.