«Әлем Арт» қоғамдық қорының президенті Ш.Айтматов атындағы алтын медальмен марапатталды
АЛМАТЫ. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстандық «Әлем Арт» қоғамдық қорының президенті Данияр Шәбдікәрімов Ш.Айтматов атындағы алтын медаль иегері атанды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында аталмыш медальмен марапаттау жөніндегі бүкіләлемдік комитет президенті, академик, профессор, Нобель сыйлығының әдебиет жөніндегі сарапшысы
Рустам Рахманалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, Ш.Айтматов атындағы алтын медаль 1999 жылы бекітілген. Қазірге дейін БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Кофи Аннан, жазушы Морис Дрюн, ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майер, Рим папасы Иоанн Павел, қаржыгер Джордж Сорос сынды танымал тұлғалар аталған медаль иегері атанған. Ал Қазақстанда алғашқы медаль «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаеваға табыс етілген.«Данияр Шәбдікәрімов аталған медальді иеленген ең жас және екінші қазақстандық болып отыр. Жалпы биыл Алтын медальға 17 үміткер ұсынылған. Данияр Шәбдікәрімовке Қазақстан мәдениетін дамытқаны және Ш.Айтматов мұрасын сақтауға үлес қосқаны үшін берілді», - дейді Р.Рахманалиев.Д. Шәбдікәрімов басқаратын «Әлем арт» қоғамдық қоры Ш.Айтматовтың шығармаларының толық жинағын, «Отандағы концерттер» фестивалін, Рустам Хальфиннің шығармаларының топтамаларын, «Ақ сарай» мюзикл театры мен Қ. Шілдебаевтың триптихын шығаруға қолдау көрсеткен болатын.