«Әлем Аруы» франшизасының иесі Никарагуамен астыртын келісімі үшін айыпталды

«Әлем Аруы» франшизасының иесі Никарагуамен астыртын келісімі үшін айыпталды
Фото: pexels.com

Никарагуаның құқық қорғау органдары «Әлем Аруы» байқауының жергілікті франшизасының иесі Карен Селеберттиді мемлекетке қарсы қастандық және лаңкестік әрекет ұйымдастырды деп айыптап отыр. Мұндай мәлімдемені сенбі күні ел полициясы таратты. Kazinform бұл туралы ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды. 

«2018 жылы «Никарагуа Аруы» және «Әлем Аруы» франшизаларының иелері Карен Селебертти, Мартин Аргуэльо Лейва мен Бернардо Мартин Аргуэльо Селебертти 2016 жылы заңды түрде сайланған бітімгершілік және ұлт бірлігі үкіметін орнынан тайдыру мақсатында халықаралық агенттіктер мен шетелдік миссиялар ұйымдастырып, сәтсіздікке ұшыраған мемлекетке төңкеріс жасау лаңкестік акцияларына белсенді қатысқан. Жоғарыда аты аталған азаматтар платформалар мен желілер құрып, бұқаралық ақпарат құралдарында жеккөрушілік, зорлық сезімдерді оятып, елдегі мемлекет меншігін және жеке меншікті жоятын лаңкестік әрекет тудыруға себеп болған», - делінген мәлімдемеде.

2019 жылдан бастап Карен Селебертти, Мартин Аргуэльо Лейва мен Бернардо Мартин Аргуэльо Селебертти Отанын сатқандармен байланыста болып, сұлулық байқауын таныстыруға арналған франшиза, платформа мен кеңістіктерді лаңкестік әрекет ұйымдастыру үшін пайдаланбақ болған. Байқауды шетелдік агенттер қаржыландыратын саяси тұзақ пен торуылға айналдыруды көздеген.

Ведомствоның сөзінше, бұл азаматтар 2023 жылдың желтоқсан айында үкіметке наразылық ұйымдастыруды жоспарлаған.

«Жоғарыдағы адамдардың айтуынша, биыл желтоқсанда олар тағы да көшелерге шығып, тарихтағы ең нашар қылмысты қайталайды», - делінген мәлімдемеде.

Оларға «Қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатындағы қастандық», «Жеккөрушілік, зорлық, ұйымдасқан қылмысқа үндеу», «Отанға опасыздық» және «Лаңкестік» айыптары тағылып отыр. Карен Селебертти қазіргі уақытта шет елде.

Қарашаның ортасында Никарагуаны таныстырған 23 жастағы Алондра Паласиос Корнехо 72-ші «Әлем Аруы» халықаралық байқауының жеңімпазы атанғанын еске сала кетейік.

Соңғы жаңалықтар