«Әлем аруы-2015» аясындағы спорттық байқауда қазақстандық Регина Вандышева IV орын алды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан аруы-2014» атанған Регина Вандышева Қытайда өтіп жатқан 65-ші халықаралық сұлулық конкурсы аясында спорттық байқауға қатысты.
«Әлем аруы-2015» байқауының ресми сайтында Регина Вандышеваның төртінші орын алғаны хабарланды. Намибия өкілі конкурс жеңімпазы болды, екінші орын Сейшель аралынан келген бойжеткенге бұйырды. Үшінші орын - Гуам аралынан келген аруда, деп хабарлайды baistars.kz.
Айта кетейік, Р.Вандышева жеңіл атлетикадан спорт шебері. Қазір арулар «Әлем аруы-2015» байқауының 19 желтоқсанда өтетін финалдық кезеңіне дайындалып жатыр. Олар қайырымдылық акцияларына, түрлі байқаулар мен дайындықтарға қатысады.