«Әлем аруы» байқауы Индонезия мұсылмандарының қарсылығына тап болды
АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Индонезиялық мұсылмандар өз елдерінде «Әлем аруы» байқауын өткізуге наразылық білдіріп, көшеге шықты. Ел мұсылмандары билік орындарынан аталмыш байқаудың шариғатқа қайшы екенін айтып, оны өткізбеу жөнінде талап қойды. Бұл жайында TheJakartaGlobe ақпарат көзі хабар таратты.
«Бұл шара өтетін болса, Құдайдың қаһарына ұшыраймыз»,- деді наразылық білдірушілердің бірқатары. Шеруге шыққан 200-ге тарта адам «Әйелдерді қолбалаға айналдыратын «Әлем аруы» байқауынан бас тартамыз» деген жазу жазылған плакатты көтеріп, ел астанасы - Жакарт қаласында орналасқан ұйымдастырушылардың штаб-пәтеріне келді.
«Бұл байқаудың қатер төндіріп, жат әдетке жол ашқаннан басқа берері жоқ»,- дейді наразылық білдірушілер ашына тіл қатып.
Muslim.kz сайтының жазуынша, наразылық шарасы тек ел астанасында ғана емес, сонымен қатар, Сурабай мен Индонезияның аса ірі қалаларында өткенін айта кету керек.
Алайда, ұйымдастырушылар да райынан қайтар емес. Олардың пікірінше, бұл шара Индонезияның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қайшы келмейді.