«Әлем» балеті Оңтүстік Корея көрермендерін тәнті етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан және Оңтүстік Корея мәдениет саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруда. Өткен демалыс күндері Сеулде ел тұрғындары мен қонақтары қазіргі заманғы қазақстандық өнерді тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Бұл туралы ҚР СІС баспасөз қызметінен хабарлады.
"Astana Ballet" әртістері Сеулдің ең ірі концерттік алаңдарының бірі - "Yeouido KBS Hall" сахнасында Болат Ғафаров пен Арманд Амардың музыкасына жазылған әйгілі ресейлік хореограф Никита Дмитриевскийдің қойылымымен бір актілік "Әлем" балетін халықаралық деңгейде паш етті.
"Astana Ballet" өнерін көруге жиналған кәріс көрермендері сахна саңлақтарының нағыз шеберлігін өте жоғары бағалады. Классикалық, қазіргі заманғы және ұлттық билердің таңқаларлық үйлесімі болып табылған "Әлемнің" декорациясы ретінде өте күрделі партитура, арнайы әсерлер, компьютерлік графика және қазақ даласында арнайы түсірілген бейнелер қолданылған.
Әдемі әсердің жетегінде қалған көрермендер қойылым соңында орындарынан тұрып, ұзақ уақыт бойы қол соғып, шынайы қошеметтерін білдірді.
Кореяның өнер қайраткерлері және сарапшылары қойылымның технологиялық сүйемелдеуін жоғары бағалап, мұндайды тіпті Оңтүстік Кореяда бұрын-соңды кездестірмегендерін атап өтуде.
Хореографиялық өнердің жарқын бейнелеріне бағытталған "Astana Ballet" шығармашылық ұжымы Қазақстанның ұлттық би өнерінің әлемдік мәдени үдерісіне қосылуын көздеуде.
"Әлем" балеті - адам жанының тарихы, оның адам денесінде қалай орын алатынын және адамның дүниеге келер алдында қандай ауыр сынақтардан өтетінін суреттейді. Бұл философиялық балеттің негізі - ежелгі қазақ эпосы, адамзаттың пайда болуы туралы аңыз болып табылады.
Қойылым арнайы "Astana Ballet" үшін шығарылған. Бұл Қазақстаннан шыққан жас ұжымның ең үлкен дербес жұмысы және алғашқы әлемдік сапары болып табылады. Бұған дейін "Әлем" балеті Вена, Париж және Мәскеуде тамашаланды.