«Әлем барысы-2018»: Ең ауыр салмақтағы балуан анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қазақ күресінен «Әлем Барысы» абсолюттік әлем чемпионаты қатысушыларының салмақ өлшеу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Қазақ күресі федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей барлық 33 балуанның салмағы жарыс ережесіне сай 90 келіден асты. Нәтижесінде жаңазеландиялық балуан Чико Реремоана Пембертонның таразыдағы таза салмағы 161 келіні көрсетіп, аталған турнирдегі ең ауыр балуан атанды. Ал Қазақстан намысын қорғайтын бес балуанның арасынан Нұрдәулет Жарылғапов ең ауыр салмақтағы балуандардың үздік тқрттігінен көрінді. Оның салмағы - 142 келі.
Ең ауыр салмақтағы үздік 10 балуан:
1. Чико Реремоана Пембертон (Жаңа Зеландия) - 161 кг
2. Жафар Пахлеванижагхаргх (Иран) - 156 кг
3. Танель Карро (Эстония) - 143 кг
4. Нұрдәулет Жарылғапов (Қазақстан) - 142 кг
5. Айбек Нұғымаров (Қазақстан) - 142 кг
6. Лукаш Хавачек (Чехия) - 140 кг
7. Игорь Костинс (Латвия) - 127 кг
8. Томаш-Петр Талач (Польша) - 126 кг
9. Руслан Әбдіразақов (Қазақстан) - 125 кг
10. Роман Бобиков (Ресей) - 123 кг
Айта кетейік, қазақ күресінің ережесіне сәйкес белдесудің негізгі уақытында ұпай саны тең түссе, қоянқолтық белдесу болады, онда да жеңімпаз анықталмаған жағдайда, балуандардың салмағы өлшеніп, жеңіс жеңіл салмақты балуанға беріледі.
Қазақ күресінен «Әлем Барысы» түйе балуандар арасындағы әлем чемпионаты 2 желтоқсан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.